Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауында мемлекетіміздің дамуының аса өзекті мәселелеріне қатысты толықтай жауап берген деп ойлаймын. Орын алуы ықтимал барлық сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, Президент Қазақстан халқын болашақтағы әлемдік құрылымның іргелі түрде өзгеруіне жан-жақты дайын болуға шақырады. Бұл стратегиялық құжатта Төртінші өнеркәсіптік революцияның мүлде жаңа жағдайында Қазақстанды жаңғыртудың нақты бағдарламасының ұсынылуы Жолдаудың басым тұсы болып табылады.
Елбасы өзінің “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында банк секторын “нашар” несиелерден арылту және жандандыру, бір сөзбен айтқанда – қаржы секторын “қайта жүктеу” міндетін тапсырған болатын. Бұл банк секторының жұмысын қайта құру қажеттілігі туралы кешенді тапсырма болып табылады. Ұлттық Банк осы саланы сауықтыру және активтердің сапасын арттыру бойынша кешенді іс-шараларды жасауға кірісті.
Атап айтқанда, бүгіндері банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның басты бағыттары – ірі банктерді сауықтыру және Ұлттық банктің реттеуші-қадағалаушы қызметтерін жетілдіре түсу болып саналады. Осыған байланысты “Казкоммерцбанк” АҚ-ның балансы толығымен “БТА Банк” АҚ-ның қарыздарынан тазартылды, қажетті қосымша провизия деңгейі қалыптасты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында салымшылардың және жеке компаниялардың депозиттері 4,5 трлн. теңге сомасында сақталды.
Жеке тұлғалар депозиттерінің нарығында 26 пайыз және квазимемлекеттік сектордың міндеттерінде 30 пайыз қомақты үлесі бар бес әлеуметтік маңызды және ірі банктердің арнайы бағдарламаға (“АТФ Банк” АҚ-ы, “Еуразиялық Банк” АҚ-ы, “Цеснабанк” АҚ-ы, “Банк ЦентрКредит” АҚ-ы және “Bank RBK” АҚ-ы) қатысуы мақұлданып, мемлекеттік қолдау 650 млрд. теңгені құрады. Заң деңгейінде жұмыс істемейтін активтермен мәселелерді шешу үшін оларды және проблемалы несиелер қорын басқару бойынша ұйымдар құрылғанын да айта кеткен жөн.
Банк секторын сауықтыру бойынша қабылданған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастады. 2017 жылдың қорытындысында облыс бойынша мерзімі өткен берешек 6,3 млрд. теңгені құрап, бір жылда 6,6 пайызға азайтылды. Сала бойынша жіктесек, берешектің қомақты үлесі жеке кәсіпкерлікке (43,1 пайыз), сауда саласына (24,3 пайыз), өндіріске (6,7 пайыз), ауыл шаруашылығына (3,6 пайыз) тиесілі. Тұтынушылық несие бойынша мерзімі өткен берешек 2 млрд. теңгені немесе жалпы мерзімі өткен берешектің үлестік салмағында 35,0 пайызын құрайды. Тұтынушылық несиеге өтініш бергенде қарыз алушы өзіне жүктелген несие міндеттемесін уақтылы орындауы үшін барлық әлеуетті тәуекелдерді ескеріп, өз мүмкіндігін айқын бағалауы қажет. Несие алу туралы шешімді қабылдау – бұл өте жауапты қадам.
Ұлттық банктің бүгіндері реттеуші-қадағалаушы қызметтері күшейе түсуде. Өз кезегінде филиал өзінің қызметтік міндеттеріне сәйкес қаржылық институттарға бақылау мен қадағалау жүргізеді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде тағайындалған 77 құжаттамалық тексерістің нәтижелері бойынша қаржы ұйымдарына үш шектеулі ықпал ету шаралары қолданылды және әкімшілік іс қозғалды.
Жолдауда атап көрсетілген Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк халықтың валюталық ипотека қарыздары бойынша мәселелерін түпкілікті шешу механизмдерін жасауға кірісті.
Ұлттық банк тұрақты түрде қаржы қызметі тұтынушыларының, соның ішінде валюталық ипотека қарыз алушыларының құқықтарын қорғау бойынша заңнамаларды жетілдіре түсуде. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 24 қарашадағы №422-М Заңына сәйкес, жеке тұлғаның өтініш жасаған күнге дейін қатарынан алты ай шетел валютасындағы кірісі болмаса, оларға шетелдік валютада ипотекалық қарыздар беруге тыйым салынады.
2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, облыста ипотекалық несиелер жөніндегі берешек өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 18,9 пайыз көбейген және 23,6 млрд. теңгені құрады. Осы кезеңде ипотека беру тек қана ұлттық валютада жүргізіліп жатыр. Бұрын шетел валютасында берілген несиелер көлемі 488,4 млн. теңгені құрады, ал бұл – ипотекалық несиелік салымның жалпы көлемінің 2 пайызына (республика бойынша – 7,3 пайыз) жуық.
Ұлттық банк валюталық ипотекалық қарыз алушылардың, соның ішінде тұрғындардың әлеуметтік осал бөлігіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Қазіргі кезде Ұлттық банк бекіткен ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасын табуда. Бағдарлама орындала басталғаннан бері жалпы сомасы 2,0 млрд. теңгенің 578 қарызы қайта қаржыландырылды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартқандарға қатысты қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Комиссия 89 өтінішті қарады, оның ішінде қаралған 42 өтініш бойынша екінші деңгейдегі банктерге аталмыш бағдарлама бойынша қарызды қайта қаржыландыруға ұсыныс жасауға шешім қабылданды.
Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу режімі бойынша ақша-несие саясатын жүзеге асыруды жалғастыруда. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыста жылдық инфляция 7,1 пайызды (республика бойынша да 7,1 пайыз) құрады. Биыл жылдық инфляцияның біртіндеп баяулауы күтілуде. Инфляциялық процестердің баяулауына Ұлттық банктің базалық ставканы 9,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдағаны әсер етті.
Ұлттық банктің міндеттерінің бірі – экономиканы долларсыздандыру. Кез келген ел үшін өзінің ұлттық валютасын құн өлшемі, жинақ және есеп құралы ретінде қолданғаны маңызды. Ұлттық банк тұрғындардың жинақтарын және кәсіпкерлердің активтерін ұлттық валютада қалыптастыруды, соған сәйкес шетел валюталарынан теңгеге аударуды ынталандыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Ұлттық валютадағы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік сомасы 10 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды, шетелдік валютада кепілдік сомасы өзгерместен 5 млн. теңге болып қалды. Халықтың теңге депозиті бойынша Қазақстан кепілдендіру қоры ұсынған мөлшерлемелер 14 пайызға дейін көтерілген, ал шетелдік валютада – 1 пайызға дейін. Долларлану деңгейі 2016 жылғы желтоқсаннан бастап 36,7 пайыздан 28,9 пайызға дейін төмендеген, бұл теңгеге деген сенімнің өскендігін көрсетеді.
Жолдауда айқындалған міндеттерді орындау шеңберінде Ұлттық банк Үкіметпен бірге бизнесті ұзақ мерзімді несиелеуді қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша жұмысты жүргізді. Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша облыста қазір “Бизнестің жол картасы – 2020”, “2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту”, “Қызылжар” аймақтық қаржыландыру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар шеңберінде екінші деңгейдегі банктердің сыйақы, несиелерді кепілдендіру, гранттық қаржыландыру және шағын несие беру мөлшерлемелері бойынша демеуқаржы беріледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өңірімізде кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету болып табылады. Соның нәтижесінде 2017 жылы екінші деңгейдегі банктерден шағын бизнеске 54,8 млрд. теңге берілді, бұл – 2016 жылдан 1,3 есе көп.
Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге баса назар аударылады. Талдау және зерттеу материалдары бойынша жұмыс жалғасын табуда, қабылданған шешімдер түсіндіріледі, мамандар баспасөз мәслихаты және брифинг өткізеді. Қаржылық сауаттылықтың арта түсуіне тауарлар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз төлем түріне халықтың сұранымының өсуі дәлел болады. Облыс тұрғындары электрондық коммерцияға белсенді тартылуда және тауарлар мен қызметтер төлемін интернет порталда жүргізеді. Төлем карточкаларын қолдана отырып қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың өскендігі байқалады. 2017 жылы қолма-қол ақшасыз төлем жасау сомасы 25,2 млрд. құрады, бұл көрсеткіш бір жылда 1,9 есеге өскен.
Төлем карточкасын қолдана отырып қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың өсуіне банктердің төлем карточкаларына қызмет көрсету желілерін кеңейту, интернет және мобильді банкинг жүйелерін дамыту, сондай-ақ, төлем карточкаларын қолдануға клиенттердің қызығушылығын арттыратын себеп-салдар бағдарламалары бойынша жүргізген жұмыстары әсер етті.
Қолма-қол ақшасыз төлемнің басты артықшылығының бірі – банктік карта сияқты есептесу әдістері қолданысқа ыңғайлы болып табылады. Өзіңмен бірге үлкен ақша сомасын тасып жүрмейсің және төлем картасы арқылы елдің ішінде де, басқа мемлекетте де кез келген сатып алу үшін есептесу мүмкіндігі бар. Қолма-қол ақшасыз есептесуді басқару өте оңай және көптеген тауарлар мен қызметтерді үйден шықпастан төлеуге болады.
Биылғы Жолдаудың ең басты екі ерекшелігін атап өтуге тиіспіз. Біріншісі – Қазақстан мен әлемдік экономика үшін маңызды саналатын жағдайларға прагматикалық көзқарас. Бұл ретте әлемнің озық 30 елі қатарына ену бойынша дағдарысқа қарсы басты-басты бағдарламалар мен нақты қадамдар айқындалған. Біздің стратегиямыз – алға ұмтылу мен жетіле түсу, бастамалар мен белсенділік, инвестиция тарту мен жаңа жобалар. Екіншісі – Жолдаудағы он бағдардың барлығы өзара тығыз байланысты, олардың әрқайсысын сапалы түрде жүзеге асыру тек бәрін орындағанда ғана жетістікке ие болады.
Түрлі саладағы цифрлы экономиканың дамуына кедергі жасайтын заңнама жүйесіндегі шектеуді ықшамдау керек. Ескірген әрі тозығы жеткен талаптардан арылып, салааралық институттарды жаңарту ісі кезек күттірмейді. Мысалы, қағаз жүзіндегі еңбек шарты мен еңбек кітапшасын жүргізуден арылған жөн. Қашықтықтан жұмыс атқарудың технологиялық мүмкіндігі адамдардың қайда жұмыс істейтінін емес, оның құзыретінің талапқа сәйкестігін алдыңғы орынға шығарады. Еңбек заңын өзгерту мобильдік деңгейді жоғарылатып, цифрлы экономиканың дамуына серпін береді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаһандық дағдарыс жаңа мүмкіндіктер тудыратынын, ең бастысы, соларды ел игілігі үшін пайдалана білуіміз керектігін бірнеше рет атап өткен болатын. Біз ел Президентінің басшылығымен Жолдауда көрсетілген барлық басымдыққа ие мақсаттар мен міндеттерді жемісті жүзеге асыратынымызға нық сенімдімін.
Мираш ЖҰМАШЕВ,
“Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі” республикалық мемлекеттік мекемесі Солтүстік Қазақстан филиалының директоры.