Сот шешімімен облыс орталығында екі ғимарат тәркіленіп, жергілікті коммуналдық меншіктің қарамағына берілді. Бұған дейін оның біреуінде банк филиалы, кейін балалар орталығы орналасса, екіншісі “Айналайын” дәмханасы болған.
Бос тұрған қос нысан соттың шешімімен мемлекеттік мүлік департаментінің қарауына өткеннен кейін тиісті құжаттар ресімделіп, мемлекеттік органдар қарауына ұсынылды. Комиссия өтініштерді қанағаттандырып, ғимараттардың бірін №3 қалалық емхананың коммуналдық меншігіне беруді ұйғарды. Аумағы шамамен 700 шаршы метр болатын онда жастардың денсаулық орталығы және амбулатория орналасады. Шамамен 10 мың адамға қызмет көрсетіледі. Медициналық мекеме ретінде қалпына келтіріліп, учаскелік терапевт, емдеу және профилактикалық кабинеттер, клиникалық-диагностикалық зертхана жұмыс істейді. Жастар үшін тренажер залы ашылады.
Қазақстан Конституциясы көшесінде тұрған бұрынғы дәмхананың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Оған мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұражай бірлестігі орналасып, заманауи сурет галереясы ашылмақ.
Дулат ҚОЖАНОВ,
мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
департаментінің бөлім жетекшісі.