Осыдан үш жыл бұрын ауданның орталық қонысында “Аягөз” сауда орталығы ашылған болатын. Аталмыш ғимараттың ішінде ветеринарлық дәріханаға да орын берілген. Оған жетекшілік ету Бану Қабдуалиқызы Әміреноваға тектен-тек тапсырылмаса керек. Өйткені, оның мал дәрігері мамандығының болуы өзіне сенімді арттырғаны анық. Дәріхана меңгерушісінің мал дәрігері мамандығы бойынша жалпы еңбек өтілі 25 жылға жуық.
Міне, осы ветеринарлық дәріхана аудан орталығының тұрғындарына үш жылдан бері үзбей мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Бану Қабдуалиқызы дәрі-дәрмектерді берер алдында мал иесіне міндетті түрде оларды қалай қолдану керектігін айтып, ақыл-кеңес беріп отырады. Кейде мал ауырған аулаға өзі барып, көзімен көріп, ем жасаған кездері де болды. Ауылдың ит-мысық ұстайтын тұрғындарының жақсы көретін үй серіктерін құшақтап әкеліп, оған көрсетіп жатқандарын талай рет өз көзімізбен көрдік.
Бану – өз ісіне адал маман. Атақты ғалым Павлов айтқан: “Медицина дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері адамзатты емдейді”,– деген қағиданы ұстанып, ауыл тұрғындарының алғысын алып жүр. Таңғаларлығы сол, ол ауылдағы мал иелерінің барлығын таниды, оның олардан ауырған малының жағдайын сұрап жатқанын талай естідік. Өзінің осындай тыңғылықты ісімен мал маманының аудан бойынша мал басының көбейіп өсіп-өнуіне зор үлес қосып жүргені анық.
Сұратай ӘЙТІМОВ.
Аққайың ауданы.