«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Барбанг” күрдтер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Рашид НАДИРОВ: “ШЕТКЕ ШЫҚСАҚ, БӘРІМІЗ ДЕ ҚАЗАҚПЫЗ”

Тарихтың алмағайып қиын кезеңінде қазақтың қамқорлығы мен кеңпейілдігінің арқасында талай ұлттың өкілі аман қалып, киелі қазақ елінің тең құқықты азаматы атанды. Сондай этностардың бірі – күрд ұлтының өкілдері тағдырлас бауырларын топтастырып, салт-дәстүрлерін жаңғырту мақсатында жуырда облыс орталығындағы Достық үйінің жанынан орталық ашып, отауларын тіккен болатын. Жақында “Барбанг” күрдтер қауымдастығының облыстық филиалына төраға болып тағайындалған “Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Надировпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Рашид Садықұлы, күрд халқының өкілдері қазақ еліне кеңестік қатаң режімнің тұсында кезең-кезеңмен жер аударылғанын білеміз. Бүгінде Қазақстанды қанша күрд өкілі мекен етуде?

– Біздің тарихи мекеніміз – Таяу Шығыс. Күрдтер бөлінген халыққа жатады. Олардың 5 миллионы – Иракта, шамамен 10 миллионы – Иранда, 20 миллионға жуығы Түркияда тұрады. 2-3 миллион күрд Сирияны мекен еткен. Иракта күрдтердің өзінің автономиясы бар. Ал басқа мемлекетте бұл мәселе әлі де өз шешімін тапқан жоқ. Күрдтер өздерінің тарихи Отанында жүріп, қанша теперіш көрсе, осы күндері де олардың қайғы-қасіреті кеміген емес. Ал Қазақстанда тұрып жатқан 20 мыңға жуық күрд Мемлекет басшысының сарабдал саясатының, қазақ жұртының кеңпейілділігінің арқасында өсіп-өркендеп, тату-тәтті тұрмыс кешуде. Қазақстандағы күрд диаспорасының бүгінгі шатшадыман тұрмысы, ғылым мен білімдегі жетістігі, бизнестегі табыстары – бәр-бәрі қазақ деген кең жүректі халықтың өзге ұлттар мен ұлыстарға деген достық сезімінің арқасы деп білемін.

– Қазақстанда “Барбанг” қауымдастығының құрылғанына 20 жылдың жүзі болған екен. Өңірімізде биыл ашылған орталық жұмысының басым бағыттарына тоқтала кетсеңіз?

– Жалпы облыс аумағында екі жүзге жуық күрд бар. Негізінен Қызылжар ауданына қарасты ауылдарда тұрады. Олардың дені ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Біразы денсаулық сақтау, білім беру салаларында еңбек етеді. Өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлер де бар. Олардың басын қосып, келер ұрпаққа өз ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілі мен ділін аманат ету мақсатында орталық құру жайында шешімге келдік.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі жайындағы ойыңызбен бөліссеңіз?

– Халықтар достастығының бірегей институтының жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайту ісінде атқаратын рөлі ерекше. Баршамыз Украинадағы дағдарыстың куәсі болдық. Ағайындылардың бірін-бірі қырып-жоюы ақылға сыймайды. Мемлекетті құру бір басқа, ондағы ауызбіршілікті қамтамасыз ету, елдің экономикасын нығайту ауқымды әрі қиын шаруа екен. Мүлгіген тыныштықты орнату қаншалықты күрделі болса, оның шырқын бұзу оп-оңай. Бейбітшілік шыны іспеттес нәзік екен ғой. Басқа этнос өкілдерімен бас қосқанда елдегі татулықты нығайту мәселесін жиі көтереміз. Қазақстанда біріміз күрд, біріміз орыс болсақ, шетке шықсақ, барлығымызды да қазақ дейді. Батыс елдеріне барсақ, Қазақстаннан келгенімізді білген шетелдіктер біздің салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді, қазақтардың тарихын, елдің ұстанған саясатын сұрайды. Оларды менің жеке ұлтым қызықтырмайды. Сол себепті әр адам өзі туған немесе тұрып жатқан елінің тарихын, мәдени мұрасын жатқа білуі керек. Шетелдіктер үшін біз бір ұлттың балаларымыз. Осы жерде туып-өскен мен үшін қазақ елінің батырлары мен ақындары – менің де пір тұтар тұлғаларым. Күрдстанға бара қалсам, ондағы шейхсұлтандар жайында әңгімелемеймін, қазақтың ұлы тұлғаларымен мақтанамын. Меніңше, барлық қазақстандықтарда осындай сана-сезім болуы керек.

– Қазақтың тарихын насихаттап, таным көкжиегін кеңейту ісіне бір кісідей атсалысудың маңызына тоқталдыңыз. Бұл іске келер ұрпақты тарту мәселесіне қатысты ойыңыз қандай?

– Мен “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетін, “Түркістан”, “Ана тілі”, “Жас қазақ”, “Қазақстан-Заман” республикалық газеттерін үзбей оқимын. Оларда қаншама танымдық, талдамалық, терең мазмұнды мақалалар жарық көреді. Орыстілді басылымдар көтере бермейтін тарихи маңызға ие мәселелерді қазақ тіліне шорқақ қауымға арнап, аударып беріп отырса, туған елдің құндылықтарына қызығушылардың қатары арта түседі деген ойдамын. Бұл мәселе “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінде көрініс тапса деген өтінішім де бар.

Ендігі бір мәселе – өзінің өмірі, ішіп-жегені жайында жазудан аса алмайтын жазушысы-мақтардың өнімін жастарға таратуды тыю қажет деп есептеймін. Кітап жазу, әрине, әркімнің өз еркі. Әйтсе де, кітаптарды көпшілікке таратудың алдында олардың ішкі мазмұнына сын көзбен қараған жөн. Бірде пойызда өзінің авторлық кітаптарын сатып жүрген адамның төл туындысын көрдім де, аң-таң болдым. Кітаптың басына бір-екі әзіл, ортасында үзінді, соңында өзінің бір батырдың ұрпағы екенін жазған екен. Жөні түзу деген үзіндіге көз жүгіртіп шықтым да, “Оны қай жерде оқыдым?” деген ойға шомдым. Кейін оның Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың “Плач охотника над пропастью” деген кітабынан үзінді екені ойыма оралды. Осындай арзанқол кітаптар жастарды адастырады.

– Қазақстанда тұратын қандастарыңыз қазақша сөйлеуде өзге ұлт өкілдеріне үлгі көрсете алады. Өзіңіз де қазақша еркін сөйлейді екенсіз. Қазақ мектебінде оқыған боларсыз?

– Дұрыс айтасыз. Қазақстандағы күрдтердің 90 пайызы қазақшаға судай. Қазақстандық Надир Надиров деген академик кезінде зерттеу жүргізіп, күрд ұлтының өкілі Сұлтан Салахаддин мен қазақ Сұлтан Бейбарыстың достығын дәлелдеді. Екеуінің де Дамаскіде мазары бар. Екі ұлттың достығы мен жақындығын ықылым заманнан көруге болады.

Өзім Оңтүстік Қазақстандағы Бәйдібек ауданының Боралдай ауылында туып-өстім. Қазақ мектебінде білім алдым. Қазақ жастарымен бірге өсіп, ержеттім. Жоғары оқу орнына барғанымда орыс тілін білмейтінмін. Кейін Алматыдағы медицина академиясының фармацевтика факультетін тамамдап, жолдама бойынша 1987 жылы Солтүстік Қазақстан облысына келдім. Осы күнге дейін денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келемін. Осы саланың үздігімін. Жеті жыл Шал ақын ауданында қызмет еттім. Бүгінде облыс орталығындағы “Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорымын. Үш балам бар.

– Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзіңізде өңірімізге алғаш келгеніңізде қазақ тілінде сөйлегеніңіз үшін ыңғайсызданғаныңызды айтқан болатынсыз.

– Солтүстік Қазақстанға жолдамамен келген кезім болатын. Қазақ жастарымен қазақша сөйлескенімде олар маған орысша жауап беретін. Сол уақытта қазақша білгенім үшін өзімді ыңғайсыз сезінетінмін. Оның себебі де түсінікті еді. Ресеймен шекаралас бұл аймақтың қазақтары 15 пайыз ғана болатын. Килігетіндер табыла ма деп, ақырын сөйлеп, аңдап басатынмын. Бүгінде сол жігіттер қазақшаға судай. Қазағымыздың да қатары күн санап қалыңдап жатқаны қуантады.

– Осы елдің азаматы ретінде тағы да қандай мәселелер толғандырады?

– Облыс орталығындағы көшелердің қазақша атауларына мән берілсе деймін. Мәселен, Сарыарқа, Жетісу көшелері болса, үйлесімді емес пе?! Ал аса танымал емес тұлғаның, не басшы болған шенеуніктің есімі ауылға берілген болса, оның ұрпағы сол ауылға ауызсуын, жолын, емханасын салсын, сол ауылды көтерсін.

Фармацевтика саласында да өзекті мәселелер баршылық. Өзім басқаратын “Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісімен айналысады. Дәрілердің бағасы күн сайын қымбаттауда. Қазақстандық дәрі-дәрмектің пайыздық үлесі 10 пайыз ғана. Қалғаны шетелден әкелінеді. Олардың шарттарын қабылдағандықтан, дәрі-дәрмек бағасын кеміту қолымыздан келмейді. Алыпсатарлар көп. Олар да өнім бағасын шарықтатуда. Біз қолымыздан келгенше мүгедектер мен аз қамтылғандарға, зейнеткерлерге жеңілдікпен беруге тырысамыз. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2016-2017 жылдарға дейін Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу қарастырылған. Оны жүзеге асыру үшін зауыттарға 200 миллион АҚШ доллары бөлінді. Осыған орай дәрі бағасы да төмендейді деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp