«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРЛЫҚ АУДАНДА ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ

Қазіргі таңда өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтыртырғандардың саны 25-ке жетті. Оның жетеуі 4 сәуірден 5 сәуірге қараған түні анықталды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің қатысуымен өткен орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалындағы баспасөз мәслихатында айтылды.

Руслан Әлішевтің сөзінше, ауру анықталған ошақтар ерекше бақылауға алынған, волонтерлердің көмегімен азық-түлік жеткізілуде. Барлық медицина қызметкерлері жеке қорғану құралдарымен, дәрілік заттардың қажетті қорымен қамтамасыз етілген.
– Бұған дейін коронавирус жұқтырған азаматтар тіркелген Петропавл мен Тайынша ауданындағы Тайынша қаласы, Келлеровка ауылы карантинге жабылған болатын. Енді барлық аудан орталықтарына да шектеу шаралары енгізілуде. Елді мекендерге кіруге және шығуға тыйым салынды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындар қашықтан жұмыс істеуге көшірілді.
Тұрғындарға баспаналарынан тек жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға және қоқыс төгу үшін шығуға ғана рұқсат беріледі. Бұл талапты орындамағандарға 26 мың теңге айыппұл салынады немесе қамауға алынады, – деді Руслан Қанатханұлы.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова атап өткендей, бір күн ішінде Петропавлда – 6, ал Қызылжар ауданында коронавирус жұқтырудың бір дерегі тіркелген.
– Науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта олар бақылауға алынып, оқшауландырылды. Ал үйлердің кіреберістеріне зарарсыздандыру шаралары жүргізілді. Ауру жұқтырғандармен тікелей қарым-қатынаста болған азаматтар анықталуда. Эпидемиологиялық зерттеу шаралары жүргізілгеннен кейін жеті азаматтан қайтадан сынамалар алынатын болады. Коронавирус жұқтырмаудың бірден-бір жолы – үйден шықпау. Сондықтан сақтық шараларын қатаң ұстану қажет, – деді Татьяна Горлова. Белгілі болғандай, инфекцияны жұқтырғандардың басым бөлігінде ауру жеңіл түрде өтуде. Науқастардың әрқайсысына емдеу шаралары қажетті деңгейде жүргізілуде.
Солтүстікқазақстандық 72,5 мың оқушы коронавирусқа байланысты 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқуда. Бірақ интернет арқылы оқу мүмкін болмай отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, онлайн оқу жүргізуі тиіс “Zoom” бағдарламасы бұл жұмысты қажетті деңгейде атқара алмауда.
– Шалғай елді мекендерде оқушы саны аз 261 мектеп бар. Соның 143-і қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Бұл мектептерде 5 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Білім ордалары облыс, аудан орталықтарынан және күре жолдардан шалғай орналасқан. 6 сәуірден оқушылар бала санына қарамастан екі ауысым бойынша оқитын болады. Мекемелерде сақтық шаралары күшейтіледі. Таңертең барлық ұстаздар мен оқушылар міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Күнделікті зарарсыздандыру шаралары жүргізіледі, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Мамлют санаторлық мектеп-интернатында, Ломоносов және Чкалов мектеп-интернаттарында, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Шөптікөл мен Соколов арнайы мектеп-интернаттарында оқу әдеттегідей жүргізіледі. Бірақ келіп-кететін қызметкерлер мен педагогтар медициналық бақылауға алынып, ата-аналарға және бөгде адамдарға мекемеге кіруге тыйым салынады.
Шәкірттер Білім және ғылым министрлігі дайындаған видео сабақтардың көмегімен білім алады. Телеарна көруге мүмкіндігі жоқ оқушыларға “Қазақ радиосы” және “Қазпошта” АҚ-ы көмекке келмек. “Ел арна” мен “Балапан” телеарналары арқылы сабақ оқыған оқушылар “Bilimland” және “Kundelik” платформалары арқылы тапсырмаларды орындайтын болады. Техникалық қолдау көрсету мақсатында барлық аудандарда фронт-кеңселер іске қосылып, Петропавлда Call-орталық жұмысын бастады. Ал қашықтан білім беру кезеңінде мектеп ұстаздарының еңбекақысы толық көлемде сақталмақ. 

 

Сурет https://ria.ru/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp