Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің кіріс-шығыс бөлігінің орындалу барысы талқыланды.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Әрсен Қазбековтің айтуынша, өңірдің үстіміздегі жылдың төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты. Қысқамерзімді экономикалық индекс индикаторы 103,1 пайызды құрады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда макроэкономика саласында біршама ілгерілеу бар. Атап айтқанда, құрылыс – 23,8, негізгі капиталға салынған инвестиция – 16,7, өнеркәсіп – 10,3, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 4,9, бөлшек сауда 0,8 пайызға ұлғайған.
Аудандардың басым бөлігінде көрсеткіштер жақсы болғанымен, кейбір салаларда кемшін тұстар кездесуде. Қаңтар-сәуір айларында ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 47 млрд. теңгені құраған. Бұл саладағы ең төменгі көрсеткіш Қызылжар ауданына тиесілі. Былтырғы құс тұмауына байланысты ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 27,4 пайызға төмендеген. Осы мерзім ішінде ет өндірісінің 0,8, ал сүттің 7,7 пайыздық өсімі тіркелген. Ет өндірісінің көлемі тек Петропавл қаласы (35 пайыз) мен Қызылжар (18,7 пайыз) ауданында кеміген.
Статистикалық деректерге сәйкес, қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп кәсіпорындары 107,7 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Тау-кен өндірісі 0,7 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23,8 пайызға өсіп, 13,3 млрд. теңгені құрады.
Есептік кезеңде қайта өңдеу саласында едәуір өсім тіркелді. 77,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Ал машина жасау саласындағы көрсеткіш 1,5 есеге артқан. Баспана салуда да өсім бар. Жыл басынан бері облыс аумағында 29,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соңғы төрт айдың ішінде өңірге 67 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен салыстырғанда 16 пайызға көп. Оның басым бөлігі жеке кәсіпкерлерге тиесілі.
Құмар Ақсақалов бұл бағытта әлі де біраз іс атқару қажеттігін атап көрсетті. Өңір басшысы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне басымдық беру қажеттігін бірнеше мәрте ескерткен болатын. Соңғы деректер бойынша, жыл басынан бері 5283 солтүстікқазақстандық жұмысқа орналастырылып, 1758 жаңа жұмыс орны ашылған. Олардың 37 пайызы ауыл шаруашылығында, 34 пайызы жеке кәсіпкерлікте, 4 пайызы өнеркәсіп саласына тартылған. Жоспар 103,2 пайызға орындалған. “Еңбек” бағдарламасы аясында 6,8 мың адам еңбекпен қамтылды.
Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, бюджетке жоспарлы 22,9 млрд. теңгенің орнына 23,3 млрд. теңге түсті. Яғни, жоспар 106,3 пайызға артығымен орындалған. Бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуына қатысты бірқатар түйткілдер бар. Белгілі болғандай, облыс бюджетінен бөлінген 592 млн. теңге игерілмеген. Республикадан бөлінген мақсатты трансфертті игеруде де кемшіліктер бар. Отырыста жергілікті бюджеттің 213 млн. теңгесі мақсатты жұмсалмағаны айтылды. Атап айтқанда, Петропавл қаласы, Мамлют, Есіл, Уәлиханов аудандары жергілікті бюджет шығыстары мен республикалық трансфертті толық жұмсай алмаған. Сондай-ақ облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы ел бюджетінен бөлінген қаражатты игеруде сылбырлық танытқан.
Құмар Ақсақалов бірқатар маңызды мәселелер мен алда тұрған басым міндеттерге тоқталып өтті.
– Қаңтар-сәуір айларындағы өңірдің даму көрсеткіштері негізінен оң қарқынға ие. Бұл көрсеткіштерді одан сайын жақсарта түсуіміз керек. Инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсім бар. Көріп отырғанымыздай қиындықтарға қарамастан, көп жұмыс атқарылды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда негізгі салаларда жақсы көрсеткішке қол жеткізілді. Ал Шал ақын мен Тимирязев аудандарында бірқатар салалардың даму көрсеткіштері көңілден шықпайды, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өткен төрт айдың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталып өткен Құмар Ақсақалов кейбір аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ жауапты басшыларға кемшін салалардың көрсеткіштерін көтеру қажеттігін ескертті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.