«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАРС» – КӨШ БАСЫНДА

Қауіпті індет спорт саласын да айналып өтпеді. Жоспарлы жарыстар кейінге шегерілсе, оқу-жаттығу жиындары түгелдей тоқтатылды. Жағдай біршама түзелген соң бірқатар жарыстарды көрерменсіз өткізу туралы шешім қабылданды, онлайн өткендері де бар.

Баскетболдан ерлер командалары ара­сындағы XXVIII ел біріншілігінде өңір намы­сын қорғап жүрген «Барс» командасы жетіс­тігімен жанкүйерлерін қуантуда. Петро­павл­дық клуб 2015 жылы құрылған бола­тын. Спортшыларды клубтың бас бапкері Сергей Моор және оның көмекшілері Ми­хаил Дедов пен Павел Антоненко жат­тық­тыруда. Биылғы маусымды сәтті бастаған жергілікті команда Атырау қаласында өт­кен бірінші тур аясындағы алты кездесудің барлығында жеңіске жетіп, турнир кесте­сін­де бірінші орынға көтерілді. Қызылжар­лық клубтың бұл жетістігін уақытша ғана деп аса мән бермегендер көп болды. Алай­да, екінші турда жерлестеріміз турнир кес­тесіндегі орнын сақтап қана қоймай, он ойын­да қатарынан жеңіске жетті. Бұл – клуб тарихындағы рекорд.
– Біздің тәрбиеленушілеріміз соңғы жыл­дары әдемі ойын өрнегін көрсетуде. Жо­ғары лиганың турнир кестесінде жоғары­лап келеміз. Егер 2017 және 2018 жылдары үздік үштікті түйіндесек, былтырғы маусым­ды екінші орынмен аяқтадық. Бұл – ойын­шы­ларды дұрыс таңдай білуіміздің нәти­жесі. Командадағы жігіттердің барлығы да жергілікті балалар. Бірде-бір легионер жоқ. Командаға шақырту алған әр ойыншы жат­тықтырушылар бригадасының сүзгісінен өте­ді. Спорт саласының мамандары қата­ры­мызды тәжірибелі легионерлермен то­лықтырған жағдайда, Ұлттық лига коман­да­ларына бәсекелестік таныта алаты­ны­мызға сенімдімін, – дейді Сергей Моор.
Биыл Жоғары лига ойындарына сегіз ұжым қатысуда. «Барс», «Қазығұрт», «Ertis», «СДЮСШ», «Алматылық легион 2», «Атырау Бар­сы 2» командалары біріншілікке бұрын­нан қатысып келсе, «Ақтөбе» мен «Қара­ған­ды» қатарға жаңадан қосылды. Жоғары ли­га ойындары финалдық плей-офф се­рия­сынсыз өтеді. Барлығы 6 тур жоспарлан­ған, әр команда 42 кездесу өткізбек. Пан­демияға байланысты біріншіліктің өткізу уақыты бірнеше рет ауыстырылды. Ақыр соңында баскетбол федерациясы 8 клубты екі топқа бөліп, турларды әртүрлі уақытта өткізу туралы шешім қабылдаған.
Бір атап өтерлігі, «Барс» командасы – Жо­ғары лигадағы ең жас ойыншылардан құ­рылған ұжым. Атап айтқанда, жеті ойыншы 2001-2004 жылы туған. Екінші тур аясында өткен кездесулердің бірінде қоржынға 47 ұпай салған команданың үздік сұрмерген­дерінің бірі – Максим Налогов бір матчта жи­налған ұпай саны бойынша рекорд орнат­ты. Ол әріптесі Артем Козыркинмен бірге тур­дың үздік бес ойыншысының тізіміне кір­генін атап айтқан жөн. Бұл екеуі жастығына қарамастан, бүгіндері баскетболдан спорт шебері атағына ие. 2020 жылдың соңында қатарға тағы үш жас спортшы қосылды.
Екі турдың қорытындысына сәйкес пет­ропавлдық ұжым турнир кестесінде көш бас­тап келеді. Жерлестеріміздің еншісінде бірде-бір жеңіліс жоқ. Үш рет жеңіліс тапқан Шымкент қаласының «Қазығұрт» және қарағандылық команда екінші және үшінші орынға жайғасқан.
Өткен жылдың соңында бірнеше баскет­болшы коронавирус жұқтырып, команда үшінші турға қатыса алмаған болатын. Биыл жеңімпаз атануға тағы бір мүмкіндік беріліп отыр. Команданың ендігі мақсаты – наурыз айына дейін өтуі тиіс қалған тур­ларда сәтті өнер көрсетіп, Жоғары лиганың жеңімпазы атану.

Қанат АТАМАНОВ,
«Soltústik Qazaqstan».

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp