Егемендікке қол жеткізгелі еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып, дағдарыстан кейінгі дамудың даңғыл жолына түсті. Мәдениеті өркендеп, спорт саласы кең етек жайды. Мәселен, Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиадада толағайларымыздың жеңіс тұғырынан бірнеше мәрте көрінуі – соның бірден-бір дәлелі. Бүгінде елімізде халықтың денсаулығы бірінші орынға қойылып, спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында саламатты өмір салтын қалыптастырудың басым бағыттарын белгілеп, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыруда Үкіметке нақты тапсырмалар береді. Осының нәтижесін қызылжарлықтар да сезінуде. Себебі, соңғы жылдары Қызылжар ауданында спорттық кешендер мен жазғы спорт алаңқайларының қатары көбейіп келеді. Бұл ауыл тұрғындарының спортқа деген ынта-ықыласын арттырды.
Бүгінде ауданда 232 спорт нысаны жұмыс істейді. Қыста коньки теуіп, хоккей ойнағысы келетіндер үшін 38 қорапша орнатылды. Сонымен қатар, 40 волейбол, 21 баскетбол, 73 футбол алаңдары бар. Онда жазда да, қыста да доп қуалап, жүздері бал-бұл жанған жасөспірімдерді көруге болады. Екі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спортқа икемі бар балғындардың шеберлігін шыңдап, аудан спортының дамуына сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ, аудан көлемінде ашылған түрлі спорт секциялары да сұранысқа ие. Мысалы, Бескөлдегі ипподромда ат спортымен айналысуға жазылғандардың саны аз емес. Жалпы аудандағы үйірмелерге 11 мыңнан астам адам жүйелі түрде қатысады.
Өткен жылы Бескөл ауылында 160 көрермен мен 300 спортшыға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бүгінде бұл кешенде жастардан бастап зейнеткерлерге дейін белгіленген кесте бойынша түрлі спортпен айналысады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің бойы жеңіл, ойы сергек болуы үшін спортпен шұғылдануларына арнайы уақыт бөлінеді.
Аудан спортшылары байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтеріліп жүр. “Солтүстік”, “Ақ бидай”, “Үміт” спартакиадаларынан ұдайы жеңіспен оралатын спортшыларымыз біздің мақтанышымызға айналды. Жалпыкомандалық есепте ауданымыз өткен жылы облыс бойынша үшінші орынды иеленді. Биылғы жетістіктеріміз де көңіл қуантарлықтай. Халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары, спорт шеберлері мен оған үміткерлер аз емес. Жалпы ауданда волейбол, хоккей, қазақша күрес, шаңғы, велоспорт, биатлон сынды спорт түрлерінен мықты құрама қалыптасты. Алдыңғы толқынның жеткен жетістіктеріне қарап, кейінгі жас спортшыларымыз да тынбай шынығуда.
Ауданның атағын алысқа таратқан ауыл жастары көңілге қуаныш ұялатады. Олардың ішінде, әсіресе, Прибрежный, Петерфельд, Налобино, Рассвет, Бескөл, Новоникольск, Архангелька ауылдық округтерінің спортшыларына артылған сенім зор.
Жыл басынан бері аудандық деңгейде 39 спорттық шара ұйымдастырылып, олардың барлығын абыроймен өткіздік. Прибрежный ауылында бастау алған “Солтүстік – 2016” қысқы спартакиадасы, мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан және президенттік көпсайыстан, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды. Ауданымыздың білекті балуандарын бір кілемнің үстіне жинаған “Қызылжар барысы” турнирі спортсүйер қауымның көңілін бір серпілтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында “Үміт” аудандық спартакиадасы өтіп, оны көруге жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Спартакиадаға Архангелька, Бескөл, Бугровой, Вагулино, Лесной, Налобино, Петерфельд, Прибрежный, Рассвет, Рощинск, Соколов және Якорь ауылдық округтерiнен барлығы 37 спортшы қатысты.
Ауданда ерлермен бірге иық теңестіріп, спортта белсенділік танытып жүрген нәзікжандар да аз емес. Мәселен, жуырда Бескөл ауылында 6-шы облыстық әйелдер спартакиадасы өтті. 500 адам қатысқан бәсекенің қорытындысы бойынша бiздiң команда жағажай волейболы мен әйелдер күресiнен 1-орынға, жеңiл атлетикадан 2-орынға және велоспорттан 3-орынға ие болып, жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды.
Спорт нысандарының көбеюі тұрғындардың белсенділігін арттырып қана қоймай, саламатты өмір салтын ұстануға үлкен үлес қосары сөзсіз. Үстіміздегі жылы Бескөл мектеп-гимназиясы жанындағы және Соколовка ауылындағы шағын футбол алаңдарына жөндеу жүргізілді. Демек, жергілікті оқушылардың спортқа қызығушылығы артып, денсаулығы нығаяды деген сенім мол. Сонымен қатар, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың арнайы тапсырмасымен Бескөлде “Workout” алаңы құрылды. Енді аудандықтардың аталмыш спорт түрлерімен айналысып, жеңіс тұғырынан көрінулеріне ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын.
Жалпы әлемде өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі жарыстардың бұқаралық спорттың дамуына түрткі болуда. Осы орайда, жалынды жастардың ынта-жігеріне қолдау білдіріп отыруымыз керек, себебі, болашақ жастардың қолында.
Руслан БОРОНШИН,
аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.
Қызылжар ауданы.