Екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) арналған Мәуліт мерекесі де сағындыра жетті. Сондықтан да болар, қыстың қақаған суығына қарамастан, пайғамбарлар саңлағының туған күнін атап өту үшін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналғандардың қарасы қалың болды.
Мерейлі шара шымылдығы қасиетті Құран Кәрім аяттарымен ашылды. Салауат айтып, сауап жинауға келгендерге бас имам Кенжетай қажы Байкемелұлы риясыз көңілден шыққан тілегін білдірді.
Қызылжарлықтарды бүкіл мұсылмандар әлеміне ортақ мерекемен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан оның орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
– Мұхаммед пайғамбардың жібектей жұмсақ, сүттей ақ, судай мөлдір баға жетпес мінез-құлқы, теңіздей терең ақылдылығы он тоғыз ғасыр бойы тәнті етіп келеді. Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов халықтың бағын ашар құндылықтардың қатарына дінді де қосқан. Ислам дінінің уағыздайтыны – имандылық, адамгершілік, адалдық және тазалық. Көздейтін мақсаты – елдің тыныштығы, халықтың бірлігі. Елбасымыз Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі, бірлік деп атап көрсетті. Баршамызға Мәуліт күні Алланың нұры жаусын! Жүректерімізге жылылық пен мейірбандылық ұялап, туған еліміз өркендеп, гүлдену жолындағы тілектеріміз қабыл болсын! – деді Анархан Қалиқызы.
Мәуліт мерекесіне арнайы келген Ресей Федерациясының Сібір округі бойынша мүфтиі, Омбы қаласының бас имамы Бота Бакулин де жиналған мұсылман жамағатқа ізгі ниетін білдірді.
Салтанатты шараның келесі бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. Діни әндер шырқалып, тәрбиелік мәні бар көріністер қойылды. Мәуліт салауатын орталық мешіттің шәкірттері деп таныстырылған ақ жаулықты әжелерден құралған топ орындады. Мағыналы хадистер мен өлеңдер де оқылды. Бір әттегенайы – ғибраты мол кеште жастар төбе көрсетпеді. Әйтпегенде, көңілден кетпес мерекеден олар да рухани азық алып қайтпас па еді?!
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.