«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРШАНЫ БИІКТЕРГЕ ҚҰЛШЫНДЫРҒАН құжаттың қуаты зор, қайтарымы мол

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

– “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – біздің қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына жетелейтін бағдарлама. Бұл құжатта әрбір қазақстандықтың мүддесі ескерілген. Кәсіби мемлекет, қызмет, бизнес құрудың жолдары көрсетілген. Өздеріңізге белгілі үстіміздегі жылдың басында “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Бүгінгі таңда біздің облыста Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында кең ауқымды жұмыс жүргізілуде, – дей келе өңір басшысы Ұлт жоспарының 1-15-қадамдары “Кәсіби мемлекеттік аппарат құру” мәселесіне арналғанын және бұл бағытта мемлекеттік қызметтің тұтас жүйесін жаңғырту қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, облысымыздағы 542 органда 5013 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Қазір үш кезеңнен тұратын мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді конкурстық іріктеу, жаңа бағалау әдістемесі және еңбекақы төлеу жүйесі енгізілуде. Жаңадан Әдеп кодексі әзірленіп, онда мемлекеттік қызметшілердің жұмыстағы және тұрмыстағы мінез-құлық стандарттары регламенттелген, әдеп жөніндегі уәкілдерді тағайындау қарастырылған. Енгізіліп жатқан осынау жаңашылдықтардың барлығы ең алдымен мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталғаны брифингте баса айтылды.

Ерік Хамзаұлы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 16-27-қадамдарға да кеңінен тоқталып өтті. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі бес сатыдан үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Бұл өзгеріс сот шешімдерінің тезірек күшіне енуіне ықпал етумен қатар, апелляциялық инстанциялардың рөлін арттырды. Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылып, сот ісінде еңбек өтілі бес жыл болуы тиіс міндетті норма белгіленді.

Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облыстық сотымен құқықтық дауларды шешу үшін татуластыру рәсімдері институтын дамыту жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан медиация орталығы ашылды. Ал Ұлт жоспарының 30-қадамында айтылғандай, жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін полиция қызметі құрылды. Қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеушілік жергілікті полиция қызметі құзыретіне жатады. Біздің облысымызда оның құрамына 1005 қызметкер енді. Бөлімшелерде 259 автокөлік пен 37 бейнетіркегіш бар. Үстіміздегі жылы жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша 300 миллион теңге бағытталады. Бұл құрылымның басты ерекшелігі – құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Жоспардың үшінші бағыты индустрияландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Осы орайда өңір басшысы салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Жаңа заңнама талаптары бойынша экономиканың барлық салаларының негізгі көрсеткіштері артатын болады. Ал аграрлық секторды дамытудың оңтайлы шешімі Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды. 35-қадамды орындау барысында Жер кодексіндегі түзетулерге сай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда аумағы 6175 гектар болатын 28 алқап пайдалануға берілді. Жалпы облыс бойынша 686,3 мың гектар жер жекеменшікке өтпек. Жерді тиімді пайдаланбаған “Богви” мен “СП Трансавто” ЖШС сияқты компаниялардың егін алқаптарын қайтару мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Ерік Хамзаұлы баспасөз мәслихатында көктемгі-дала жұмыстарына әзірлік барысы жайлы да әңгімеледі. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын кемінде 4,4 миллион гектар алқапқа себу жоспарланып отыр. Оның 3,2 миллион гектары – дәнді дақылдар. Облыс шаруашылықтары тұқым мен қажетті техникалармен толық қамтамасыз етіліп, жанар-жағармай жеткізілуде.

Ұлт жоспарының 36-қадамына сәйкес жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету қарастырылған. 60-61-қадамдар сүт және сүт өнімдері өндірісін, ет өндірісі мен өңдеуді дамытуға, сондай-ақ, экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған. Біздің өңір республика көлеміндегі сүттің 10 пайызын (500 мың тонна) өндіреді. Сонымен қатар, облыста 120 сүт шаруашылығы, 71 ауылдық тұтыну кооперативі жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы Ақжар, Айыртау, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарында 2 мың басқа арналған 4 заманауи сүт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Жалпы жыл сайын өңір шамамен 3 мың тонна сүт өнімдерін экспорттайды. Осы орайда Ерік Сұлтанов үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті еселей түсу көзделіп отырғанын айтты. Қазіргі таңда ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыруға мемлекет тарапынан баса көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта шетелден 11 мыңнан астам мал басы әкелініп, 45 асылтұқымды репродукторлар құрылды. Бордақылау және экспортқа шығару үшін арнайы орындар да қарастырылғанын ерекше айтып өткен жөн. Тайынша ауданында “ҚазЭкспортАстық” АҚ холдингі бөлімшелерінде (“Вишневское”, “Тайынша-Астық” ЖШС) екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. “Kazbeef LTD” ЖШС компаниясы 7 мың орынға арналған бордақылау алаңын құруды жоспарлауда.

Жақында өңір кәсіпкерлері Ресейдің Түмен облысында өткен жәрмеңкеге қатысып, ет-сүт өнімдерін сатты. Қорған облысында да осындай жәрмеңке ұйымдастыру көзделуде. Жыл сайын біздің өңіріміз алыс-жақын шетелдерге шамамен 1,5 миллион тонна бидай, 150 мың тонна ұн, 200 мың тоннадан астам дәнді дақылды экспортқа жөнелтеді.

Облыс басшысы Ұлт жоспарының 55-59-қадамдары бойынша өңірге инвестиция тартуда атқарылған істер туралы кеңінен әңгімеледі. Инвесторларды тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында биыл облыста инвесторлар кеңесінің отырысы өтіп, тұңғыш рет инвестициялық декларацияға қол қою тәжірибеге енгізілді. Шетелдік дипломаттарды өңірдің инвестициялық әлеуетімен, облыс аумағында басталған ірі жобалармен таныстыру мақсатында Қазақстанда тіркелген 33 дипломатиялық миссия жетекшілерімен кездесу өтті. Швеция, Эстония, Италия, Финляндия, Қытай мен Германия елдерінің өкілдері біздің облысымызда бизнес-форум өткізуге қызығушылық білдірді. Бүгінгі күні өңірде шетелдіктердің қатысуымен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Қызылжар ауданында италиялық әріптестермен (“IlTrebbiolo” компаниясы) бірлесіп майлы дақылдарды өсіру көзделуде, ал Қытай инвесторлары Тайынша ауданында “Агроөнеркәсіптік парк” құрылысын жүргізеді. Оның құрамында өсімдік майын шығаратын зауыт, бордақылау алаңы, ет комбинаты, сүт және спирт зауыты жұмыс істейтін болады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Жаннұр-Астана” ЖШС компаниялар тобымен қытайлық инвесторлар бидайды тереңдетіп өңдейтін зауыт салатын болады. “GeneralFinland” компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлер балық және ауыл шаруашылығы салаларында еуропалық стандартқа сай құрылыс материалдарын шығару инвестициялық жобасын жүзеге асырмақ. Ресейдегі ірі компаниялардың бірі – “ЭФКО” Тайынша ауданында майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. “Петербургский тракторный завод” АҚ мен “ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауыты” ЖШС ауыл шаруашылығы техникалары өндірісі жобасын ойластыруда. Облысқа инвестиция тартуда кешенді жұмыстар әрі қарай жалғасын табатынын сөз еткен Ерік Хамзаұлы инвестициялық стратегиялық құжат әзірленіп жатқанын айтты. Инвесторлар үшін арнайы интернет-портал да іске қосылады.

Индустрияландыру картасы аясында өңірде құны 23 миллиард теңгеден асатын 26 жоба іске асырылуда, нәтижесінде 1,8 мың жұмыс орны ашылмақ. Үстіміздегі жылы 400 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 11 жоба іске қосылады. Қозықұйрық өсіру және қайта өңдеу, тез дайындалатын азық-түлік тағамдарын өндіру, геотермальді сорғыш пен жылу блоктары пункті бойынша импорт алмастырушы жаңа өнеркәсіп ашылады. Сонымен қатар, жұмысы тұралап қалған кәсіпорындарды жандандыру шаралары қолға алынуда. Осы мақсатта жол картасы әзірленіп, былтыр оның аясында 8 кәсіпорын жұмысын қайта бастады.

74-ші қадам талаптарына сәйкес пайдалы қазбалар қорын игеру саласына халықаралық стандарттарды енгізу жөнінде жұмыс жүргізілуде. Облыста 286 кен орны бар. Тайынша ауданында титан-цирконий, Уәлиханов ауданында уран, Айыртау ауданында қалайы шығарылады. Австралиялық “ILUKARESOURCES LTD” компаниясы үстіміздегі жылы минералдық құмдарды өңдеу бойынша зауыт салуға мүмкіндік беретін титан-цирконий кен орындары бар жерлерге геологиялық зерттеу жүргізу жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр.

Ұлт жоспарындағы 65-қадамда Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялауға ерекше басымдық берілген. Бүгінгі күні облысымыз Ресей Федерациясы мен Орталық Азия өңірлерінің маңызды транзиттік көлік дәлізі болып табылады. Петропавл қаласында көліктік-логистика орталығын құру үшін Қытай компаниясы мен қазақстандық “Гранд Строй Астана” ЖШС келісімге келді. Биыл бұл кешеннің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Осы жылы Петропавл қаласының әуежайы қайта қалпына келтірілмек. 2018 жылға дейін Ресей, Қытай және Еуроодақ елдерінен әуе жүк тасымалын ашып, Қазақстан мен Ресей Федерациясының қалаларына қатынайтын жаңа әуе бағытын іске қосу міндеті тұр.

46-қадамда құрылысқа рұқсат алудың мерзімі қысқартылатыны айтылған. Жобалауға және құрылысқа арналған шығыс құжаттарын беру мерзімі жобаның күрделілігіне қарай 40 жұмыс күнінен 17 жұмыс күніне дейін қысқарды. Эскиз жобаны келісу мерзімі күрделілігіне қарай 60 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.

47-қадам туралы Ерік Хамзаұлы Ұлттық экономика министрлігі сараптама қызметін бәсекелес ортаға беру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатқанын айтты. Заңда жобалау-сметалық құжаттамаға жасалатын сараптаманы 2020 жылға дейін 90 пайызға жеткізу қарастырылған. Өңірлерді дамыту мен “Нұрлы Жол” бағдарламалары аясында 11 тұрғын үй немесе 1011 пәтер, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аясында жастарға арналған 6 жатақхана мен бір пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта сыртқы инвестиция есебінен ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілуде. Елбасымыз “Нұрлы Жол” бағдарламасында тәжірибелі халықаралық қаржы институттары су секторында әрекет етуі мүмкін екенін атап өткен болатын. Еуропалық қайта құру және даму банкі Петропавл қаласының сумен жабдықтау және субұру жүйесін жаңғырту үшін “Қызылжар су” ЖШС-мен кредиттік шартқа қол қойды. Аталмыш жоба 2016-2018 жылдары іске асырылмақ, оған 3 миллиард 850 миллион теңге жұмсалатын болады. “Петропавл жылу желілері” ЖШС 2015 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкімен жылу желілерін жаңғыртуға 4,6 миллиард теңге сомасындағы ұзақмерзімді қарыз алуға арналған алдын ала қаржы келісіміне қол қойды.

Қазіргі таңда мүлікті заңдастыру шарасы жалғасуда. Осы орайда облыс әкімі 41-қадамға сәйкес облыста атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Облыстық мемлекеттік кірістер органдары шетелде орналасқан 9, жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған комиссиялар 578 жылжымайтын мүлік объектісін, сондай-ақ, 1,4 миллиард теңге ақшаны заңдастырды. Ал Ұлт жоспарындағы 76-қадамда ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңмен енгізу, функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту мәселесі айтылған. Биылғы жылы 12 жылдық білім беруге 1 қыркүйектен бастап көшетін боламыз. Осылайша бірінші сыныпқа баратын балалардың барлығы 12 жыл оқитын болады. Ал жаңа стандарттарға көшу тек оқыту бағдарламаларын өзгерту ғана емес, материалдық-техникалық базаны нығайтуға да жағдай жасайды. Бірінші сыныпқа баратын 8 мыңнан астам оқушы үшін бюджет есебінен 95 миллион теңгеге оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары сатып алынатын болады. Облыс бойынша 68 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 1 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қаржы екі есе өскен. Қазіргі уақытта көптілді оқыту облыстың мамандандырылған үш мектебінде енгізілген. Жаратылыстану-математикалық циклдағы пәндер ағылшын тілінде оқытылады.

Бүгінде кәсіптік білім беруді дамыту мәселесі жастар үшін маңызды болып табылады. Биылғы Жолдауда атап көрсетілгендей, 2017 жылдан бастап жаңа жоба – “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Аталмыш жоба бойынша өңірде қажетті мамандықтарға деген сұраныс зерделенуде. Бүгінде дәнекерлеуші, электрик, тракторшы, ветеринар, агроном, техник-механик, фармацевт, фельдшер, бастауыш сынып мұғалімі және балабақша тәрбиешісі сияқты мамандықтар сұранысқа ие. Ал облыс колледждерінде 8 мыңнан астам студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Дуальді оқыту да белсенді жүргізілуде. Оның аясында 12 колледжде көлік, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында мамандар даярлануда. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, саланы дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. 80-қадамда міндетті медициналық сақтандыруды енгізу айтылған. “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” Заң аясында медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады.

85-90-қадамдар туралы өңір басшысы Ұлт жоспарының төртінші бағыты бойынша “Біртектілік пен бірлік” мәселесіне тоқталды. Солтүстік Қазақстан көпұлтты өңірдің бірі екенін ескерсек, төртінші бағыт бойынша облыста ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс. Біртектілік пен бірлікті нығайту, ассамблеяны, дене шынықтыруды және спортты 2025 жылға дейін дамыту бойынша 3 жаңа тұжырымдама әзірленді.

Есеп беретін мемлекетті қалыптастырудың 91-ден 100-ге дейінгі қадамдары мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігін арттыруға бағытталған. Бүгінде “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы құрылды. Жаңа құрылымға бірнеше орталық біріктірілді. Қазіргі уақытта барлық бағдарламалық құжаттар оңтайландырылуда. Біздің облысымызда аумақтарды дамыту бағдарламалары мен оларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жаңа форматта бекітілді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірде 15 қоғамдық кеңес құрылғаны туралы сөзін түйіндей келе, брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Көктемгі тасқын салдарынан облыста 76 автожолды су шайып кеткені белгілі. Төтенше жағдай барысында бұзылған жолдарды қалпына келтіру үшін шамамен 300 миллион теңгеден астам қаражат керек. Облыс әкімі барлық жолдар қалпына келтірілетінін айтып, Петропавл қаласының 20 километрді құрайтын ішкі жолдары жөнделетінін жеткізді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, сапалы ауыз-су, құрылыс, әлеуметтік сала, индустриялық-инновациялық даму мәселелері бойынша да журналистер толғандырған сауалдарына нақты жауап алды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp