
Күн мен түн теңеліп, іргемізді ізгілікке бөлейтін Наурыз әрқашан да отбасылық мейрамға баланған. Оны облыс орталығының тұрғыны Жабир Микаилов жақсы біледі. Сол себепті де отбасы мүшелерімен Жаңа жылды қарсы алудың әзірліктеріне кірісіп те кеткен. Ынтымағы жарасқан, Қазақстаннан бағын тапқан Жабир Микаиловтің ұлты әзірбайжан. Әзірбайжанның Куба ауданындағы Рустов ауылында дүние есігін ашқан.
Әр халықта Наурызды атап өтудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қазақ халқы бұл мейрамда наурызкөже пісіріп, дастарқанына ақ толтырса, әзірбайжандар “с” әрпінен басталатын жеті түрлі тағамды әзірлейді. Ал сол тағамдардың төресі – бидайдың өскіндері. Оны “сэмэни” деп атап, келер жылы үйден молшылық, ырыс-бақ кетпесін деген тілекпен дайындайды. Бұл тағам әрбір отбасының дастарқанынан орын табуы тиіс. Одан жеті түрлі тағам пісіріледі. Әзірбайжандар 22 наурыз күні оразаларын балмен ашады. Бұл өмірі балдай тәтті болсын деген ниеттен туындаған.
– Бұл мерекеде отбасы мүшелері, алыс-жақын ағайын-туыстар бір дастарқан басына жиналады. Ауызбіршілік пен мейірімділікті дәріптейтін мейрамда ұлттық тағамдар пісіріледі. Ата-аналарымыз ең әдемі көйлектерін киіп, осы күні ерекше нұрланып, сұлуланып кететін. Отбасымыздың тірегі болған атам бізге Наурыз мейрамының жыл басы екендігін құлағымызға құйып, үйретіп кетті. Кеңес өкіметі тұсында бұл мерекені діни кертартпа рәсім деп 1926 жылдан ресми тойлаудан тыйым салғаны тарихтан белгілі. Сол кездің өзінде Наурызды бүкіл ауыл болып тойламасақ та, отбасымызда атап өтетінбіз. Салт-жоралғыларды барынша сақтауға тырыстық. Мәселен, 22 наурызға дейін “соңғы сәрсенбі” мерекесі атап өтіледі. Әр сәрсенбінің өзінің атауы бар. Біріншісі су болса, қалғандары от, жел, жер болып жіктеледі. Сондай-ақ, ауыл балалары жиналып, көрші-қолаңның үйінің табалдырығына бас киімін қойып, есігін тақылдатып кетеді. Оны естіген үй иелері бас киімнің ішіне мерекелік дастарқаннан толтырып, тәтті тағамдар салып, орнына қояды. Бала күнімізде талай үйге бас киімімізді қойып, үй иесі шыққанша дарбазасынан сығалап тұратын едік. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін сақталған, – деген ол ежелгі дәстүрге сүйеніп, Наурыз мейрамына орай жайылған дастарқаннан дәм татуға шақырды.
Жабир Микаилов Қазақстанға алғаш рет жұмыс бабымен келген болатын. Сол сапары оның өмірінде орын алған жарқын белестің алғашқы парағы іспетті еді. Себебі, ол елімізде шаңырақ көтеріп, жеке кәсібін ашады. Ұлттық тағамдарын насихаттауды көздеп, Петропавлда “Огни Каспия” атты дәмханасын ашты.
– Қазақстанға 1988 жылы көшіп келдім. Осы жылы алғаш рет Наурыз мейрамы атап өтіле бастады. Әрине, сол жылғы мейрамды қазіргімен салыстыруға мүлдем келмейді. Көптеген этнос өкілдері бұл күні бір адамдай алаңға шығып, мейрамды бар сән-салтанатымен атап өтіп келеді. Орталық алаңда ақ шаңқан киіз үйлер тігіледі. Дастарқан молынан жайылады. Халық шаттыққа кенеледі. Қысқы қалың ұйқыдан бар тіршілік оянғандай осы күні кең-байтақ елімізде тұратын өзге этнос өкілдерінің мәдениетінің сандығы тағы бір айқара ашылып, бүкіл әлемге паш етіліп жүр. Осындай игілікке біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Президентіміздің Жарлығымен Наурыз мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілуде. Көп жылдар бойы түндігі түрілмей жүрген ұлттық мейрамымыздың жаңа сипатқа ие болуының өзі құт-береке. Сол себепті де дін мен ділге бөлінбейтін осынау мереке көпэтносты халқымыздың ортақ қазынасындай, – деді.
Көпбалалы әке тағдыр қосқан қосағы Гүлнәр Гамитқызымен үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіруде. Зайыбы Гүлнәр Микаилова да – Әзірбайжан елінің тумасы.
Отағасы қырдағы қызғалдақтардай жайқалып өскен қыздарын отбасының ұйытқысы етіп тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Әкесінің кеңесімен қыздары ұстаздық жолды таңдаған. Тұңғышы Афет, артынан ерген сіңлісі Севиль екеуі де М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білім алуда. Үлкені биология және химия саласының маманы боламын деп талпынса, екіншісі ағылшын мен неміс тілдерін меңгеруде. Кенуль есімді үшінші қызы – М.Айтқожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектептің биылғы түлегі. Ол – өзге этнос өкілдері арасында жыл сайын өткізілетін мемлекеттік тіл байқауының жеңімпазы. Қазақ, орыс, әзірбайжан, ағылшын тілдеріне судай қыз болашағын нақты ғылыммен байланыстырып отыр. Ал ұлы Анар – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің 6-сынып оқушысы. Әзірбайжанның ұлттық биін нақышына келтіріп билейді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.