Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны Қызылжар ауданына қарасы Петерфельд ауылы тұрғынының екі қойын ұрлады деген күдікпен құрықталды. Ол енді 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол бұған дейін де осы тектес қылмыстар жасағаны үшін істі болған. Қаскөйдің ізіне түсуге бейнекамералардың септігі тиді. Ұрланған мал иесіне қайтарылды.
Жыл басынан бері өңірімізде мал ұрлаудың 10 дерегі тіркелді.
Айта кеткен жөн, биыл қаңтардың 11-нен бастап мал ұрлығы үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Қылмыстық кодекс «Мал ұрлығы» деп аталатын 188-1 бабымен толықтырылды. Бұл бап 8 миллион теңгеге дейінгі көлемде айыппұл салуды немесе 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Бұған дейін барымташылардың қылмыстық әрекеттері «Ұрлық» бабы бойынша қаралатын. Мал ұстау ауыл тұрғындары үшін жалғыз күнкөріс көзі болып табылатындықтан, заңның қатаңдатылуы орынды.