«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ

Жақында жол түсіп, Түркияның Стамбул қаласында бір аптадай болған едім. Ұлы Осман империясының құдіретіне куә болған көне шаһардың Айасофия, Сұлтан Ахмет мешіттері, Теңіз мұражайы сияқты тарихи жерлерін аралап, Босфор бұғазында саяхаттап, бауырлас елдің бүгіні мен өткеніне қаныққандай болдым. Бірақ айтарым – көргенім емес, түйгенім.

Байқағаным, ондағы өмір мен біздегі тіршіліктің арасында ұқсастық та, айырмашылық та баршылық. Стамбулда біздің қаладағы кей тұрғындар сынды қолын қалтасына салып, селеңдеп бос жүрген адамды көрген жоқпын. Әркімнің өз кәсібі бар. Бірақ шаруалары неше жерден шұғыл болса да, біздегідей көшедегі жүргіншілердің иықтарымен қағып-соғып, жанталасқан жанды кездестірмейсің. Халқы мұсылмандарға тән сабырлы қалпынан, ізеттілігінен бір танбайды. Ұлтыңды сұрағандарға “Қазақпын” десең, “қазақ түркісі” деп бауырына тартады.

“Таксим” алаңындағы үлкен стендтердегі “Дүниенің алдыңғы қатарлы 10 мемлекетіне қосыламыз!”, “Барлық жерде метро, әр тарапқа метро”, “Стамбул жеңісінің 562 жылдығында бірлікте боламыз!” (1453 жылы екінші Мехмед сұлтан Византия астанасы Константинопольді жаулап алып, қала атын Истанбул деп өзгерткен) алыстан көз тартатын сөздерден бүгінгі Түркияның қарышты қадамының тынысын сезуге болады. Айта кетерлігі, Стамбулда Византия дәуіріндегі ескерткіштер бұзылмастан сол қалпында сақталған. Түріктердің жат дін, өзге мәдениет құндылықтарына құрметпен қарайтын кеңпейілділігіне мұнда көптеп келетін еуропалық туристер де сүйсінеді.

Осында алға қарқындай қадам басқан, бақуатты тұрмыс кешіп жатқан елдің ең үлкен қаласында қайыр-садақа сұрайтын адамдардың жиі кездесіп қалатыны алғашында мені қатты таңғалдырды. Адамдар нөпірі бір бәсеңсімейтін Истиклал көшесінде дүкен бұрышына отырып алып, бар дауысқа салып әндеткен кір-қожалақ балаларды көргенде тіксініп қалдым. Әрірек жүргенде екі аяғынан айрылған, жер бауырлап, алдындағы қаңылтыр құтыны шынтағымен итеріп келе жатқан үсті алба-жұлба 50-60 шамасындағы адамды кездестірдім. Артынан білсем, бұлар сириялық босқындар екен.

Қарғыс атқыр сұм соғыс! Осы жарымжан адамның қасірет толған көзін көргенімде бұрын теледидардан ғана байқайтын соғыстың сұмдық зардабын, суық лебін бірінші рет анық сезінгендей болдым. Өзімнің көпэтностың бірлігі жарасқан, ертеңіне нық қадам басқан бейбіт елде өмір сүріп жатқаныма шүкіршілік еттім. Елбасымыздың бейбітшілік, этносаралық келісімді құндылықтардың ең жоғары сатысына қою себебін мұндайда анық түсінесің.

Бағалай білсек, бүгінгі бейбіт өмір біздің басты құндылығымыз, берекенің бастауы екен. Елбасының “100 нақты қадам” Ұлттық жоспарында экономика мен әлеуметтік саланы дамытудың, халықтың тұрмыс деңгейін көтерудің жолдары нақты айқындалған. Бұл жобада “Мәңгілік Ел” отаншылдық идеясының, ішкі туризмді дамыту бағдарламасының ерекше орын алуы да кездейсоқтық емес.

Әңгімелесе кетсек, әрбір түрік өз Отанының табыстарын, тарихын, тіпті, өздерінің төл өнімдері – әлемнің 75 елінде көрсетілетін сериалдарын мақтаныш етеді. Бұл елде туризм – маңызды табыс көзі ғана емес, өзгелерге елді, ұлттық құндылықтарды танытудың, ұлт абыройын асқақтатудың ұтымды жолы. Өңірімізде облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен қолған алынған Айыртау ауданындағы Имантау этнотуристік жобасы да осы мақсатқа бағытталған. Әрине, әрбір игі істі барша азаматтардың қолдауы қажет. Сайып келгенде, елімізде өзіне де, қоғамға да пайдалы кәсіппен айналысуға талпынғандарға әрқашан қолдау бар.

Марат ЕРМҰҚАНОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp