«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАР АҚПАРАТ – БІР ҚОСЫМШАДА

Орталық коммуникациялар қызметінде дәрі-дәрмек іздеуге арналған “DariKz” мобильді қосымшасы таныстырылды. “Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының” бас директоры Арнұр Нұртаев аталмыш қосымша арқылы смартфоннан Қазақстан аумағында тіркелген дәрілер туралы толыққанды ақпарат алуға болатынын айтады.

 “Болашақта дәрілердің министрлік бекіткен шекті бағалары да орнатылатын болады. Егер іздеген дәрінің бағасы сол шекті бағадан артық болса, шағымдану бұрышына өз талап-тілегіңізді қалдыруға болады. Оны біз тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау комитетіне жолдаймыз. Сондай-ақ, қосымшаның арнайы бөлімінен дәрі-дәрмек саласындағы ақпараттар мен жаңалықтарды оқуға болады. Тіпті, бұрынғыдай дәріні қолдану нұсқаулығын сақтаудың қажеті болмайды деп ойлаймыз”, – деді ол.

Орталық өкілінің айтуынша, қосымшаны смартфонға “Play Market” және “App Store” арқылы жүктеуге болады. Іздеген дәріні қосымшада препараттың саудалық немесе халықаралық патенттелмеген атауын, тіркеу нөмірін теру арқылы табуға болады. Қаптамадағы кодтық деректер сканерлеу арқылы іздеу жүйесінде іске қосылады. Қазірдің өзінде 7 мыңнан астам дәрі-дәрмек туралы ақпарат енгізілген.

Аталмыш орталық бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Жүнісовтің айтуынша, қосымшада кез келген дәріге қатысты қауіпсіздік және сараптамалық деректер де берілген. “Дәріні тіркеу нөмірі бойынша іздеу үшін қосымшадан қаптамадағы тіркеу куәлігінің нөмірі көрсетілген бетті суретке түсіріп алу керек. Іздеу нәтижелері шығатын бетте нақты тіркеу нөмірімен дәрілік препарат туралы толыққанды ақпарат пайда болады. Ақпарат қолданушының қалауына қарай қазақ және орыс тілдерінде ұсынылмақ. Бұл қосымша мекеме мамандарының күшімен жасалған. “Бұл жобаны қолға алғанымызға бір жылдай уақыт болды. Қосымшаны бастан-аяқ өз мамандарымыз жасап шығарды. Сондықтан бюджеттен ешқандай қаржы шығындалған жоқ. Ал дәрі-дәрмектер туралы қажетті деректер қоры біздің орталықта 2010 жылдан бері жинақталған”, – деді орталық басшысы Арнұр Нұртаев.

Есімжан НАҚТЫБАЙ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp