
Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады”. Өскелең ұрпақ дуалы ауыздан шыққан осындай дана сөздердің мән-мағынасына терең үңілсе, отбасындағы тәрбиенің маңызын түсінері сөзсіз.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, яғни 1996 жылы отау құрған Хоршаттар отбасы бүгінде ауылдастарының арасында үлгілі саналады. Отағасы Айбек Хоршатұлы төрт жылдай білім саласында, он бес жылдан астам мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, бүгінде аудандық депутаттық корпусты басқарып келеді. Отбасының шырайын келтіріп отырған асыл жар, аяулы ана Алтынгүл – жиырма жылдай еңбек өтілі бар, білікті ұстаз. Отағасын “азаматым” деп сыйлап, балаларын “айналайын” деп аялап отырған мейірімді ана үш ұл мен екі қызға тәрбие беруде. Бүгінде ата-ананың жолын жалғастырып, оларды өнеге тұтқан ұлдарының бағындырған белестері де аз емес. Отбасының тұңғышы Бейбарыс мектепті “Алтын белгімен” бітіріп, бүгінде Алматыда азаматтық авиация академиясында білім алуда. Білім мен спортты серік еткен Бейбарыс күреспен де айналысады, шахматтан жасөспірімдер арасында облыс чемпионы.
Ағасының соңынан ерген Жанарыс Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінің 2-курс студенті. Ол да спортқа бейім. 3 жыл қатарынан тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионатта облыс намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мағжан есімді үшінші ұлдары да ағаларының ізін жалғап, үздік оқушылар қатарынан табылуда. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Тоғызқұмалақ пен шахматтан бірнеше рет республикалық жарыстарға қатысып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Семей, Өскемен қалаларында облысымыздың атын шығарып жүрген озат оқушылардың бірі. Бес перзент тәрбиелеп отырған ата-ана балаларының ұлттық тәрбие негізінде өсіп-өнуіне баса назар аударады.
Гаухар ҚАЙДАРОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.