“Новомихайловка – Бостандық” автожолының бойында жол-көлік оқиғасы орын алып, бір адам қаза тапты.
Полицейлер оқиға орнына жеткенде аударылып жатқан “Лада-приора” автокөлігінің ішіндегі жолаушы өлі күйінде табылды. Қашып кеткен жүргізуші де көп ұзамай ұсталды. Сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан Мамлют ауданының 41 жастағы тұрғыны алғашында кінәсін мойындамаған. Көліктің рөліне отырмағанына, тіпті, алкогольді ішімдік ішпегеніне тәртіп сақшыларын сендіруге тырысты. Алайда, жүргізушінің көлік тізгініне мас күйінде отырғанын көрген куәгерлер бар. Ал көлік оның азаматтық некедегі әйелінікі екен. Екі ай бұрын түзету мекемесінен босаған оның көлік басқарып жүргеніне де көп болмапты.
Биыл мас жүргізушілердің кесірінен 13 жол-көлік оқиғасы орын алып, үш адам қаза тауып, 16 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Ал өткен жылы осындай 20 апат тіркеліп, кесірінен екі адам мерт болған еді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.