Балалардың толық және бақытты отбасында өсіп-жетілуі үшін “Мой ребенок” қоғамдық бірлестігі “Отбасылық академия” орталығымен бірлесіп “ÓNEGE” жобасын іске қосып отыр.
Бұл жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” CISCНАО мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылуда. Оның аясында жуырда облыс орталығында Аналар үйіндегі бес отбасына жан-жақты қолдау көрсетілді. Бүгінде психолог Ирина Якимова аяғын шалыс басып, құрсақ көтерген қыздармен жұмыс жүргізіп, оларға дағдарыс жағдайынан шығуға көмектесуде. Небір қиын күндерді бастан кешіріп, жанарлары жасқа толған жас аналардың жігерлерін жанып, өмірге деген құлшыныстарын арттыру мақсатында оларға өзге де мамандар ақыл-кеңестерін беріп, одан арғы тұрмыстық мәселелерін шешуге жәрдемдесуде.
“ÓNEGE” жобасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларға да құқықтық көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта облыстық полиция департаментіне түскен мәліметтерді бақылап, қиын жағдайға тап болғандардың тізімін жасауды көздеп отырмыз.
Татьяна КОВАЛЕВА,
“Мой ребенок” қоғамдық бірлестігінің өкілі.