Айыртау ауданында “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылып, “Smart Aıyrtaý” қосымшасы іске қосылды. Бұл жаңашылдықтар ауыл тұрғындары үшін ауадай қажет. Мемлекеттік қызметтің қолжетімді болуы қаржыны да, уақытты да үнемдейді.
Жергілікті атқарушы биліктің халықпен тығыз байланыс орнатуына септігін тигізетін фронт-кеңсенің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.
– Мұндай жаңашылдықтар – жергілікті атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына сай тұрғындардың билікке деген сенімін нығайту көзделіп отыр, – деді Руслан Қанатханұлы.
Фронт-кеңсе “Бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ол жерде жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру бөлімдеріне тиесілі 47 қызмет түрі көрсетілетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин тұрғындардың сапалы мемлекеттік қызмет алуы аса маңызды екенін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жетілдірілетінін атап өтті.
“Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі аясында қоғамдық қабылдаулар да өткізіледі. Егер көтерілген мәселенің түйінін тарқатуға аудан әкімінің, оның орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшыларының араласуы қажет болса, олар арызданушыны арнайы бөлмеде қабылдайды. Сондай-ақ, бұл жерде қызмет көрсету бөлмесі, балалар бұрышы, өз-өзіне қызмет көрсету аймағы бар. Кеңсе қызметкерлері тұрғындардың ауыл тұрмысын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын жинақтап, талдайды.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.