«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАР ҚҰРМЕТ — ҚАРИЯЛАРҒА

 

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізге белгілі аға буын өкілдерімен кездесіп, келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен шараға саналы ғұмырын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған азаматтар жиналды. Жаңа қызметке кіріскен облыс әкімімен танысуға келгендердің қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов пен ел ағалары Құдайберген Қалиев, Қайырлы Едіресов, Зарқын Тайшыбай, Григорий Кухарь, Таңат Сүгірбаев, Александр Липовой, Болат Сағындықов және тағы басқалар бар.

Аға буын өкілдерін алдағы әз-Наурыз мерекесімен құттықтаған Құмар Іргебайұлы өңір экономикасын көтеруде ағалардың ақыл-кеңесі міндетті түрде керектігін атап өтті.

– Қоғамда сіздердің алатын орындарыңыз қашан да ерекше. Сіздер облыстың дамуы, еліміздің егемендігі үшін еңбек еттіңіздер. Сіздерді алтын қазынамыз деп есептейміз. Ақыл-кеңестеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлгі. Сол себепті, өздеріңізбен жүздесіп, ашық пікірлесуді жөн санадым. Екі күннен бері аудан және қала әкімдерімен кездесіп, өңірдегі жағдаймен танысудамын. Сіздердің қолдауларыңызды сезінгім келді, – деді өңір басшысы.

Ағайынның арасында өнегелі сөз айтып, мағыналы өмір сүрудің биік үлгісін көрсетіп жүрген қарияларға қазақ салтымен ақ дастарқан жайылып, сый-сияпат көрсетілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp