Биылғы жылдың 11 қазанында даңқты жерлесіміз, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошанұлы Қошанов 80 жасқа келсе, оның ғылыми еңбек жолына 55 жыл толып отыр.
Бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, өзінің осы жолдағы адал да жемісті еңбегін қоғам мен мемлекеттің мүддесіне жұмсап келе жатқан аса көрнекті ғалым Аманжол Қошанов өзіміздің Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданындағы Алқағаш ауылында атақты Құлеке батырдың бесінші ұрпағы, ел ішінде аса беделді шежіреші Қошан Жантілеуовтің отбасында туған. Қошекең ескілікті әңгімелерді көп білетін, ақын бабасы Шал Құлекеұлының көптеген өлеңдерін жатқа айтатын жан еді. Болашақ ғалым Аманжол, міне, осындай текті әулеттен шыққан. Ол ұлағатты әкеден тәлім-тәрбие алып, бабалар дәстүрін жалғастыра отырып, жарты ғасырдан астам уақыт ғылым жолында зор ыждағаттылықпен еңбек етіп келеді. Әрине, ол ғылымның биік шыңына оңай шыққан жоқ, өзінің туабіткен талантына қоса аса зор еңбексүйгіштігі мен ересен табандылығының арқасында жетті. Аудан орталығындағы Марьевка орта мектебін алтын медальмен тамамдаған жас түлек Мәскеудің М.В. Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Университетте студент А.Қошанов сол заманның атақты экономист-ғалымдары, академиктер К.В. Островитянов, А.И. Пашков, профессорлар Я.А. Конрад, И.Г. Блюмин, С.К. Татурадан сабақ алады. Оның ғұмырлық есінде қалатыны тарихшы академиктер Е.М. Тарле мен Н.Г. Черепниннің лекциялары болды.
Мәскеу университетін 1957 жылы бітірген жас маман еңбек жолын әуелі Ақтөбе қаласындағы кооперативтік техникумда оқытушылықтан бастап, одан кейінгі бар ғылыми өмірін академик Қаныш Сәтбаев құрған ғылым ордасы – ғылым академиясының қабырғасында өткізіп келеді.
Академик А.Қ. Қошановтың сан қырлы ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі осы ғылым академиясының Экономика институтымен тікелей байланысты. Ол бұл институттың барлық қызмет баспалдағынан өтті: кіші және аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, содан кейін директор. Институттың аспирантурасын бітірген Аманжол 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Дарынды жас ғалымды бірнеше белгілі жоғары оқу орындары қызметке шақырды. Бірақ оның дарындылығын ғылыми кеңестерде сөйлеген сөзінен және академияның “Известия”, “Вестник” атты ғылыми журналдарында жарияланған мақалаларынан байқаған сол кездегі ғылым академиясының вице-президенті әрі экономика институтының директоры академик С.Б. Бәйішев Аманжолдың академияда қалуына кеңес береді. Ол жас ғалымның экономика ғылымын дамыту жолындағы болашағына зор сенім артты.
1979 жылы 35 жастағы Аманжол Қошанұлы экономика теориясы бойынша докторлық диссертация қорғады. Ғалым 1988-1995 жылдары ғылым академиясының Экономика институтының директоры қызметін атқарды. Институтты ол республиканың қоғамдық-экономикалық және әлеуметтік дағдарысты қиын кезеңінде басқарды. Ғылымның талантты ұйымдастырушысы ретінде өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілетін осы жылдары экономика ғылымдарын қайта құруға, институттың ғылыми қызметін нарықтық жағдайға көшірудің көкейкесті мәселелерін шешу ісіне жұмылдырды.
Академик өзінің ғылымға негізделген қағидаттарына сәйкес нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін республиканың даму деңгейі мен ерекшеліктерін ескеру бағдарын ұстанды. Әсіресе, осы күнге дейін жүріп жатқан мемлекет меншігінен шығару және жекешелендіру үрдісінде ауыл адамдарының мүддесін қорғап, байсалды пікірлерін мемлекеттік басқару орындарына әрқашан дәлелдеп отырды.
Жерлесіміз Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Үкіметтің ғылыми сарапшысы, Қазақстан Республикасы Президенті басшылық жасаған Жоғары экономикалық кеңестің мүшесі болды. Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің қаулысымен сол кездері күрделі мәселеге айналған республиканы және оның облыстарын аймақтық шаруашылық есепке және өзін-өзі қаржыландыруға көшіру ісін жүргізетін шығармашылық ұжымды басқарды.
Ғалым әлі де жоғары білікті Экономика кадрларын даярлауға сүбелі үлес қосып жүр. Ол 20 жылға таяу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Экономика институтының докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңесіне басшылық ете отырып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, Халықаралық қазақ-түрік университетінің арнаулы докторлық кеңестерінің мүшесі болды. Ғалымның ғылыми жетекшілік етуімен 15 экономика ғылымдарының докторы, 60 ғылым кандидаттары даярланды. Ол Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры болып табылады.
Жерлесіміз 600-ге жуық ғылыми басылымдардың авторы және бірлескен авторы болып саналады. Солардың ішінен соңғы он жылда шыққан мына монографияларды ерекше атауға болады: “Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі” (2010 ж.), “Трудное восхождение. На путях к рынку” (2010 ж.), “Ұлттық экономикалық мүдделер және меншіктік қатынастар” (2010 ж.).
Бұл монографиялар Қазақстан экономикасының нарықтық қайта құрылуы проблемаларының өзекті мәселелеріне арналған.
Академик А. Қ. Қошанов ғылым мен білімнің халықаралық дәрежеде жаhандануына байланысты Қазақстанның экономика ғылымының беделді өкілі ретінде АҚШ пен Еуропа және Азияның бірқатар елдеріндегі шетелдік ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста көлемді де жемісті ғылыми жұмыстар атқарып келеді. Англия, Жапония, Қытай, АҚШ, Швецияда ғылыми еңбектері жарық көрді.
Ғылыми және қоғамдық қызметте сіңірген айтулы еңбегі және экономика ғылымын дамытудағы зор үлесі үшін А.Қ. Қошановқа Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді және “Парасат” орденімен, “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Еңбекте үздік шыққаны үшін” медальдарымен марапатталды.
Қорыта айтқанда, ірі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, өте сирек кездесетін ашық, жарқын тұлға, абзал азамат, академик А.Қ. Қошановтың өмір жолы мен шығармашылығы, міне, осындай. Сөз соңында, академик, жерлесіміз, мектепте бірге оқыған жолдасымыз, қадірлі досымыз Аманжол Қошанұлын 80 жасқа толуымен және ғылыми еңбек жолының 55 жылдығымен құттықтап, оған мықты денсаулық, еліміздің ғылымын өркендетуде әлі де зор шығармашылық табыстар тілейміз!
Қайролла МҰҚАНОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
халық ағарту ісінің ардагері.