Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Елімізде “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы ретте еліміздің Ұлттық экономика министрлігі баспана мәселесін шешуге қандай бағдарламалар мен тетіктер көмек бере алатынын түсіндірді.
Оның біріншісі – жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар үшін салынатын және жалға берілетін тұрғын үй. Баспананы бөлу жұмысын кезек тәртібінде жергілікті атқарушы органдардың жанындағы тұрғын үй комиссиялары жүзеге асырады.
Екіншісі – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың және “Бәйтерек девелопмент” акционерлік қоғамының кредиттік тұрғын үйі. Кредиттік тұрғын үй “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы филиалдарының салымшылары мен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың арасында бөлінеді. Республикалық бюджеттен қаржыландыру кезінде құрылыстың бір шаршы метрінің құны Астана және Алматы қалаларында – 142,5 мың теңгені, қалған өңірлерде 110 мың теңгені құрайды. Жергілікті атқарушы органдар облигациялар шығару есебінен қаржыландыру кезінде бір шаршы метрдің құрылысының құны Астана және Алматы қалаларында – 180 мың теңгені, өңірлерде 140 мың теңгені құрайды.
Үшіншісі – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы іске асыру үшін “Бәйтерек девелопмент” акционерлік қоғамының кредиттік тұрғын үйі. Бұл кредиттік тұрғын үй “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы филиалдарының салымшылар арасында бөлінеді. “Бәйтерек девелопмент” АҚ арқылы құрылыстың бір шаршы метрінің құны Астана және Алматы қалаларында – 200 мың теңгені, өңірлерде 180 мың теңгені құрайды.
Төртіншісі – “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының филиалдары арқылы жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй. Тұрғын үй “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы филиалдарының салымшылары ішінен екі жылдан кем емес некеде тұрған және жұбайлардың екеуінің жасы 29-ға толмаған жас отбасыларға бөлінеді. Құрылысты жергілікті атқарушы органдары жүргізеді. Осы бағыт бойынша үстіміздегі жылы шамамен 400 пәтер пайдалануға беріледі. Бір шаршы метрдің құны Астана және Алматы қалаларында – 142,5 мың теңгені, басқа өңірлерде 110 мың теңгені құрайды.
Бесіншісі – “Қазақстан ипотекалық компаниясы” акционерлік қоғамының жалға берілетін пәтерлері. Тұрғын үйдің 50 пайызы 35 жасқа толмаған, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін салынады, қалған 50 пайызы басқа кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді. Бір шаршы метрдің құны Астана және Алматы қалаларында – 200 мың теңгені, өңірлерде 180 мың теңгені құрайды.
Алтыншысы – “Жылжымайтын мүлік қоры” акционерлік қоғамының коммерциялық тұрғын үйі. Мұндай баспаналар халықтың кез келген санатына берілмек. 2016 жылы осы бағыт бойынша Ұлттық қордан 97 млрд. теңге бөлінді. Шамамен 11 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Бір шаршы метрдің сату құны Астана мен Алматы қалаларында – 288 мың теңгені, өңірлерде 240 мың теңгені құрайтын болады.
Жетіншісі – “Жылжымайтын мүлік қоры” акционерлік қоғамы арқылы жалға берілетін тұрғын үй. Олар жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға кейін сатып алумен жалға немесе тікелей сатып алу жолымен ұсынылады.
Сегізіншісі – “Бәйтерек Девелопмент” акционерлік қоғамы арқылы жалға берілетін тұрғын үй. Бұл баспаналар заңнамамен айқындалған кезектілік тәртібінде сатып алу немесе сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрған азаматтарға беріледі.
Марлан ЖИЕМБАЙ,
“ҚазАқпарат” тілшісі.