Петропавл қаласының әкiмдiгi үстіміздегі жылдың 19 шілдесінен бастап “Бақытты отбасы” тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдауды бастады. Аталмыш бағдарлама “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi” АҚ-ы арқылы қаржыландырылып отыр.
Енді өңірімізде тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп перзенті бар көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар төмен пайыздық мөлшерлемемен баспаналы бола алады. Аз қамтылған отбасыларға барынша көмек көрсету мақсатында жүргізіліп отырған бағдарлама шеңберінде тұрғын үй сатып алу шарттары біршама жеңілдеді. Өтініш иелері баспанаға қол жеткізуі үшін алдымен қалалық әкімдікте тұрғын үй алу кезегiне тұруы қажет. Бағдарламаның басты талаптарының бірі отбасының бiр мүшесiнiң табысы 42 500 теңгеден аспауы тиiс. Мәселен, егер отбасы алты адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңге шамасында болуы керек. Тұрғын үйдің он пайыздық бастапқы жарнасы төленген соң қалған сома 20 жылға бөлініп қайтарылатын болады. Көпбалалы отбасылар қала аумағында жаңадан салынған үйден пәтер немесе жер үй сатып ала алады.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi мамандарының айтуынша, бүгінгі күнге дейін 41 отбасы баспаналы болуға тілек білдірген. Соның ішінде 33 отбасының өтініші қабылданып, оларға жолдама берілген. Ендігі кезекте бұл отбасылар “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы келесі кезеңдерден өтетін болады. Банк филиалы директорының орынбасары Райхан Әбдірахманованың айтуынша, “Бақытты отбасы” бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 1,5 млрд. теңгесі біздің өңірге бұйырып отыр. “Бұл шамамен алғанда биыл 200-дей отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деген сөз. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан таңдалған баспананың құны 10 млн. теңге көлемінде болуы тиіс. Бүгінде қала әкімдігі жолдамаға ие болғандардың несие төлеу мүмкіндіктері мен қаржылай табыстарын тексеруде. Олардың құжаттары дұрыс болса, онда көп ұзамай алғашқылардың бірі болып өтініш білдірген көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған жандар баспанаға қол жеткізбек”, – деді Райхан Тілекқызы.
Қазақстанда 340 мың көпбалалы отбасы бар. Шамамен оның 32 мыңы пәтерге мұқтаж ретінде жергілікті әкімдіктерде кезекте тұр. Ал өңіріміз бойынша 341 көпбалалы отбасының өз баспанасы жоқ. Бағдарлама бойынша бұл санаттағылардың жартысы аталмыш бағдарлама шеңберінде биылғы жылдың өзінде-ақ жаңа пәтерлердің кілтіне ие болады. Жыл соңына дейін облыс орталығында 226 көпбалалы отбасына берілетін үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Аудандар бойынша да облыс әкімдігі тарапынан тапсырма беріліп, бүгінде баспанаға мұқтаж отбасылардың тізімі жасалуда.
Кәмел ОМАРҚЫЗЫ.