«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАЛЫ БОЛУ — ҮЛКЕН ҚУАНЫШ

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Петропавл қаласындағы “Береке” шағынауданында және Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында 96 және 30 пәтерлік тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

Алдымен аудандағы салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов бескөлдіктерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, өңірде атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.

– Өңірімізде экономикалық салада оң өсім байқалады. Орақ науқаны нәтижелі аяқталып, облыс бойынша орташа гектар берекелігі 19 центнерді құрады. Қызылжар ауданында бұл көрсеткіш 23,6 центнерден айналды. Биыл 5,3 миллион тонна бидай жинап алдық. Ауданда түрлі ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Біз мұнда құрамажем зауытын салу үшін Қытай инвесторларын тарттық. Сондай-ақ, үш заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізудеміз. Алдағы жылы тағы бір ферма мен кірпіш зауыты салынатын болады. Биыл 21 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, келесі жылы екіқабатты тұрғын үйлердің проблемасы шешіледі, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан соң өңір басшысы тұрғындарға пәтер кілттерін тапсырды.

Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайсар Әміриннің айтуынша, жаңа үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 198 млн. теңге бөлінген. Мердігер компания “Лира” ЖШС-і екенін де айта кеткен жөн. Сатып алу құқығымен жалға беріліп отырған баспанада жетімдер үйінің 14 түлегі және 12 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы тұратын болады.

Бұл күні осындай қуанышқа петропавлдықтар да кенелді. “Береке” шағынауданындағы 96 пәтерлі тұрғын үй “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша салынған.

– Өңірімізде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл 1600 пәтер пайдалануға берілсе, бұл осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 60 пайызға көп. Тұңғыш Президент күні қарсаңында өңірімізде әлеуметтік маңызы бар 40-тан астам нысан ашылғалы отыр. Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданы да күннен-күнге көркейіп келеді. Үстіміздегі жылдың тамыз айында мұнда 116 отбасы пәтер кілтіне ие болса, міне, бүгін тағы бір топ қызылжарлық қоныстойын тойламақ. Әр шаңыраққа бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан соң бағдарламаның операторы “Қазақстан ипотекалық компаниясы” ипотекалық ұйымы” акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мақсат Меңдібаев компанияның соңғы 4 жылдың ішінде 18 мыңнан астам отбасыға баспана бақытын сыйлағанын айтып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Сатып алу құқығымен жалға берілген пәтерлерге жетімдер, толық емес отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері қоныстанды. Баспаналы болған жерлестеріміз облыс әкіміне ақжарма тілектерін жаудырып, мердігер компания өкілдеріне алғыстарын айтты.

Шара соңында Құмар Ақсақалов екі бөлмелі пәтер алған Гүлжанат Шалахаеваның дастарқанынан дәм татты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp