«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАСЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Азаматтарды қабылдау орталығында өңір тұрғындарының өтініш- тілектерін тыңдады. Жеке қабылдауға жазылғандар ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру, жер телімдерін бөлу және баспана мәселелерін көтерді.

Қабылдауға келгендердің бірі – Әбілдә Әбдікәрімов. Ол жергілікті атқарушы органдардан мүгедектігі бар адамдардың еңбек жағдайын жақсартуға және кәсіпкерлігін қолдауға 500 млн. теңге көлемінде қаражат бөлуді өтінді. Өңір басшысы жауапты қызметкерлерге бұл мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды.

– Мен бұл өтінішті қарастыруды қаржы басқармасына және мәслихатқа тапсырамын. Олар бизнесті дамытуға 500 млн. теңге бөлу жағын қарастырады. Бұл аталған санаттағы азаматтардың жеке кәсіп ашуына қолдау болады, – деді өңір басшысы.

Келесі мәселе – жер учаскелерін бөлу кезінде заңнамадағы нормалардың бұзылуы. Кәсіпкер Дамир Мамедовтің айтуынша, әкімдіктегілер оның автотұрақ саламын деген жерін басқа біреуге берген.

Оған жергілікті атқарушы органдар көмектесе алмайтыны айтылды. Бұл мәселе бойынша сот өтіп, шешім шығарылған. Бірақ бұл шешімге шағымдануға болады.

Петропавл қаласының тұрғыны Жақсылық Антаев ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Ол мал өсіру үшін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан жер телімін алуға үмітті. Оның мәселесі оң шешілді. Ер адам алдағы уақытта қажетті құжаттарын жинап, конкурсқа қатысады.

Облыс әкімінің қабылдауына келген Тамара Ворона үйі апаттық жағдайда екенін айтты. Қабырғасы құлауға жақын, тіректерден еш пайда болмай қалған. Өңір басшысы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, баспана иесінің жауапкершілігінде екенін айтты. Дегенмен тиісті мамандармен үй алудың жолдарын қарастырды. «Отбасы банк» өкілдерінің айтуынша, Тамара Ворона баспана алу конкурсына қатыса алады. Алайда зейнеттегі адамдарға несие берілмейді. Тек толық төлем жасап қана сатып ала алады немесе жер учаскесін сату арқылы баспана мәселесін шешеді. Облыс әкімі зейнеткерге осы нұсқаны қарастыруды ұсынды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp