«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАҒА МҰҚТАЖ

“Nur Otan”партиясының облыстық филиалы “Халыққа көмек” жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Евгений Глотов әлеуметтік желілер арқылы жүгінген азаматтарды қабылдады.

Өтінішпен келгендердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Меруерт Төленова. Көпбалалы ана жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Ол мемлекеттен115 368 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Қазіргі уақытта отбасы баспанаға мұқтаж. Бұдан басқа, Меруерт Төленова балаларды балабақшаға орналастыру бойынша көмек сұрады.
– Сізге балаларыңызды балабақшаға кезекке қою қажет. Жақында облыс әкімі көпбалалы отбасынан шыққан балалар мектеп жасына дейінгі мекемелерге тегін баруы тиіс екенін айтты. Біз осы мәселені қарастырудамыз. Баспана мәселесі тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралады, сізді кезекке қою мүмкіндігін анықтау қажет. Сонымен қатар “Нұрлы жер” бағдарламасына өзгерістер енгізілмек, көпбалалы аналарға арналған бөлек кезек болады. Сіз тиісті орындарға қажетті құжаттарды беруіңіз керек. Міндетті түрде сізге көмектесеміз, – деді Евгений Глотов.
Коньки тебу спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Сокирко да пәтер мәселесімен келіпті. Қазіргі уақытта спортшы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор, жұбайы дәмханада жұмыс істейді. Ипотекалық несие ресімдеу үшін табыстары жетпейді. Татьяна Сокирко әлем кубогында күміс пен қола медаль иегері болған. Ол спорттағы жетістіктерінің арқасында тұрғын үй мәселесі оң шешімін табатынына сенімді.
– Өкінішке қарай, заң бойынша мұндай пәтерлер Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне ғана тиесілі. Сіз біздің облысымыздың намысын халықаралық аренада қорғай алдыңыз. Сондықтан бұл мәселені біз бақылауға аламыз, барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Қызметтік үй беру жайын қалалық әкімдікпен екі ай ішінде шешуге тырысамыз. Сіз пәтер алуға лайықты адамсыз, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Евгений Глотов “Nur Otan” партиясы облыстық филиалына келген бес адамды қабылдады. Барлық азаматтарға көмек көрсетуге уәде берілді, олардың мәселелері бақылауға алынатын болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp