“SENIM” денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы да медициналық қызметкерлердің еңбек және демалыс жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс атқаруда. Қазір өңірдегі 29 бастауыш кәсіподақ ұйымының құрамында 7685 адам бар. Кәсіподақ филиалы сала қызметкерлерінің әлеуметтік және тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында жас мамандар мен қызметкерлерді қолдауға арналған бағдарламаларды жүзеге асыруға атсалысуда. 2019 жылы Есіл, Аққайың, Тайынша, Мағжан Жұмабаев аудандары мен №2 қалалық ауруханада жұмыс істейтін жас дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында жалпы сомасы 2,5 миллион теңгені құрайтын 500 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді. Мұндай шаралар өңірдегі емдеу мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Медицина саласы мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып саналады. Бұл орайда, біздің ұйым тарапынан баспанаға зәру кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында байқау негізінде қызметкерлерге тұрғын үй сертификаттары үлестірілетінін айтып өткен жөн. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына сала өкілдері, өзге өңірлерден жұмысқа шақырылған қызметкерлер, жас мамандар, балалары бар толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар қатыса алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша “SENIM” денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің мүшелері – облыстық аурухананың анестезиолог дәрігері Мұрат Қасымов пен “Денсаулық” коммерциялық емес ұйымының учаскелік терапевт-дәрігері Дархан Рахымжанов бастапқы жарна үшін қайтарымсыз 20 пайызды құрайтын тұрғын үй сертификатына ие болды. Қазақстанның кәсіподақтар күніне арналған облыстың бастауыш кәсіподақ ұйымдары форумында он кәсіподақ мүшесіне 250 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Кәсіподак мүшелерінің өтініші бойынша өткен жылы 500 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, филиал тарапынан кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын қалпына келтіру үшін 95 адамға шипажайда демалуға жолдама берілді.
Серік СҰЛТАНОВ,
“SENIM” денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” өңірлік филиалының төрағасы.