«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНА БЕРУ ШАРТЫ ӨЗГЕРДІ

Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғындарға жалдамалы пәтерлер беру 2012 жылы қолға алынған болатын. Содан бері қалалық, аудандық әкімдіктерде үй кезегіне тұрғандардың баспанаға қолжетімділігі ұлғая түсті. “Өңірлерді дамыту – 2020”, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасымен бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, көпбалалы отбасылар, әскерилер, жетімдер, оралмандар, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары бастапқы жарнасыз пәтер алу мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінгі таңға дейін Петропавл қаласының өзінде тұрғын үйге мұқтаж 978 отбасы осы жалдамалы-кредит тетігі арқылы баспаналы болды. Алайда, “Нұрлы Жол” бағдарламасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мемлекеттік қаржы есебінен салынған үйлердегі пәтерлерді бөлу тәртібі өзгерді. Бұл жаңашылдық, әсіресе, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ жүйесінің жұмысында ерекше аңғарылады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалы жергілікті билікпен келісімшарт жасады. Жергілікті биліктің тапсырысы бойынша салынған үйлердің жартысы әкімдікте баспана кезегінде тұрғандар арасында бөліске салынса, қалғаны біздің салымшыларға тиесілі. Екі тараптың да пәтер алушыларының несиелік шарттарын жүзеге асыратын – біздің банк. Алдыңғы екі жыл бойы әкімдік өзіне тиесілі бөліктен жалдамалы-кредиттік пәтерлер беріп келді. Ал биыл және 2017 жылы біздің банк арқылы ипотека ресімдеген кезде жалдамалы-кредиттік тетік болмайды. “Неге?” деген сұрақты көпшілік қоюда. Бүгінгі жаһандық дағдарыс құрылыс саласына да елеулі әсер етіп отыр. Сондықтан инфрақұрылымдық жүйеге арналған “Нұрлы Жол” бағдарламасына бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Сонда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан бөлінетін қаржының қайтарымын жылдамдату мәселесі қарастырылған. Өздеріңізге белгілі, жалдамалы-кредиттік пәтерлер әкімдіктегі үй кезегі келген немесе әлеуметтік қолдауға мұқтаж түрлі санаттағы адамдарға беріледі. Олар бастапқы жарна үшін қор жинақтамаған тұрғындар, яғни ипотека төлемін тек 8 жылдан кейін ғана енгізе бастайтындар. Яғни, мемлекеттің үйлерді салуға кеткен ақшасы тез арада қайтарылмайды. Бүгінгі экономикалық дағдарыс бұл бағытты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермей отыр. Үкімет Ұлттық қордан қаржы бөліп, елдегі тұрғын үй мәселесін шешуді жалғастыруда, бірақ жаңартылған түрде. Биыл Ұлттық қордан елдегі тұрғын үй құрылысына қомақты қаржы бағытталды. Содан біздің облысқа 3 млрд. 399 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттің бұл қарыз ақшасын біз екі жылдан кейін қайтарып беруге тиіспіз. Осы уақыттың ішінде бұл қаржыны ұтымды пайдалануымыз керек.

Облыс орталығында “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша биыл үш үй пайдалануға беріледі. Пәтердің бір шаршы метрі – 125 мың теңге. Ондағы 1,2,3 бөлмелі 220 пәтерге байқау өткізілді. Алдағы жылы 7 үйдің құрылысы аяқталады деп күтіледі. Осы үйлердің жартысы біздің салымшыларға, қалған бөлігі қалалық әкімдіктің кезегінде тұрған тұрғындарға беріледі. Осы жерде қолайсыз бір жайт туындап отыр. “Нұрлы Жол” бағдарламасындағы өзгерістер мен толықтыруларды білмейтіндер көп. Әкімдіктегі пәтер тізіміндегілер өтініштерінің неге қанағаттандырылмай жатқандығының мән-жайын түсіндіруге тырысып жатырмыз. Жаңа тәртіп бойынша пәтерге үміткерлердің тұрғын үй жинақ банкінде пәтер құнының 30 пайызын төлейтін бастапқы жарналары болуы шарт. Банк тарапынан несиеге берілетін қаржының жылдық үстемақы мөлшерлемесі 5 пайыз болып белгіленді. Сонымен, пәтер құнының 30 пайыз жарнасын енгізгендер ғана біздің банк арқылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жаңа пәтер ала алады. Мәселен, қала әкімдігінің үй кезегінде тұрған 12569 адамның арасында 30 пайыз жинағы барлар болуы әбден мүмкін. Ондайлар жинағы барлардың ортақ кезегін құрып, пулға қатыса алады. Олардың көбі бүгінгі жаңашылдықтардан хабарсыз. Оны біз жақында үш үйге пул байқауын өткізген кезде аңғардық. Осы жолғы 963 өтініштің 361-і ғана қалалық әкімдікте үй кезегінде тұрғандардан түсті. Олардың ішінде қаншасының жинағы бар екендігі және ипотекалық төлемге қабілеттілігі 18 қарашаға дейін анықталады. Алдағы жылы берілетін жеті үйде 603 пәтер болады.

Сондай-ақ, жаңартылған бағдарламаның тәртібі бойынша мемлекеттің қаржысына салынған үйлердегі пәтерлерді бөлу кезінде, жергілікті әкімдік қажетті үлескерлерді жинай алмаса, онда олардың пайдалана алмаған бөлігі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына беріледі. Бірақ банк мұндай әрекетті қолдап отырған жоқ. Әкімдіктің кезегінде тұрып, пәтерін тосып жүргендер де мақсатына жетсе екен дейміз. Сондықтан тұрғын үйге мұқтаж тұрғындар алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй алғысы келсе, тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінде шот ашып, қаржы жинаса дейміз. Бүгінгі таңда біздің 22500-ден астам салымшымыз бар. Олар жыл соңында есепшоттарына 2 пайыз банктің жылдық сыйақысы және қосымша 20 пайыз мемлекеттік сыйақы түсетінін жақсы біледі.

Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі бүгінде келісімшарт жасау төлемін 50 пайызға арзандатып, жеңілдіктер жасап отырғандығын еске саламыз. Бұл акциялық шараның мерзімі шектеулі. Сондықтан асығыңыздар!

Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,

“Қазақстанның тұрғын үй

құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp