Өткен жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты кезекті Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысы көреген саясаткер ретінде әлемдік дағдарысты еңсерудегі қажетті шараларды айқындағандардың алғашқысы болды. Онда экономиканың дамуын көздеген басым бағыттар айқын көрсетіліп, барлық күрделі кезеңдердің алдын алу мақсатында бүгін және ертең не істеу керектігіне нақты нұсқау берілген. Президенттің Жолдауын қазақстандықтар әрқашан асқан қызығушылықпен күтеді. Себебі, осы құжатқа қарап, әркім Қазақстанның алған бағытының дұрыстығын, азаматтарымыздың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып келе жатқандығына көз жеткізеді.
Жылдың басты құжатының негізгі бағыты – экономикалық даму. Дегенмен, Жолдау әлеуметтік тұрғыда да үлкен маңызға ие. “Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді”, – деді Елбасы. Мемлекет қабылдаған әлеуметтік міндеттемелердің көлемін қысқартуды көздемейді. Бұл өз алдына медициналық қызметкерлердің бюджеттен бөлінген әрбір теңге үшін жауапкершілігін арттыра түседі.
Ұлт саулығы – мемлекет құрылысының ең негізгі тетігі. Сол себепті, Президенттің әрбір Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасы мен денсаулығын жақсартуға әрдайым айрықша көңіл бөлінеді. Денсаулық сақтау саласы бойынша жүктелген тапсырмалар мыналар: өмір сүру ұзақтығын арттыру, медициналық көмекті қолжетімді ете түсу, жедел медициналық көмекті жетілдіру, әлеуметтік маңызы бар дерттер бойынша ауру-сырқаулық пен өлім-жітімді азайту.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Облысымыздың өткен жылғы көрсеткішіне тоқталар болсақ, өлім-жітім 9,0 пайызға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеді. Сәби өлім-жітімі – 19,4 пайызға, ал бала өлімінің көрсеткіші 21,8 пайызға азайған. Туберкулезден көз жұмғандар саны 21,2 пайызға кеміген. Сайып келгенде, солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 68 жасқа дейін артты.
Президенттің “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға берілген. Онда “Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі”, – делінген.
№1 қалалық емхана бастапқы медициналық-санитарлық көмектің субъектісі болып табылады. Емханада 70 дәрігер еңбек етіп келеді. Біліктілік дәрежесіне дәрігерлердің 83 пайызы сай. Бүгіндері емханаға 9 дәрігер қажет. Мекеме орта буын медициналық қызметкерлермен толық қамтамасыз етілген.
Емханаға 52724 петропавлдық тіркелген. Оның ішінде 3001-і – жасөспірімдер. Емханаға тіркелу науқаны жыл сайын 15 қыркүйектен бастап қарашаның сол күніне дейін жалғасын табады. Тұрғылықты мекенжайды ауыстыру бойынша тіркелу жыл бойы жүргізіледі. Мамандарға алдын ала жазылудың электронды нұсқасы енгізілді. Бұл тіркеу орнындағы кезектілікті азайтпақ. Жуық арада тіркеу орнында Call Center қызметі қосылмақ.
Емдеу мекемесінің құрылымында алдын алу бөлімшесі бар. Оның негізгі міндеті – тіркелген тұрғындар арасындағы мақсатты топтарда алдын алу шараларын өткізу. Профилактикалық тексерістер қатерлі ісік алдындағы ауруларды және обыр өскінін ерте кезеңде анықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл бөлімшеде денсаулықты нығайту мектептері де жұмыс істейді.
Науқастарға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыруда медициналық ұйымның материалдық-техникалық жабдықталуы үлкен маңызға ие. Айта кету керек, 2014 жылы емханаға 47623540 теңгенің медициналық құрал-жабдықтары сатып алынды.
Медициналық мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы да маңызды. Біздің емханадағы дәрігерлердің орташа табысы 116310 теңгені құрайды. Ал медбикелердің орташа еңбекақысы – 79000 теңге.
Мемлекет басшысы Жолдауының бесінші бағытында тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту жөнінде айтты. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген шешімдерінің бірі десек, қателеспейміз. Баспананы сатып алудың жаңа шарттары енгізіледі. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақмерзімді жалға ұсынады. Тұрғын үйді ипотека мен несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну баспананы сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жас отбасылар үшін баспана қолжетімді бола түспек. Әлеуметтік жалдамалы баспанамен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізеді. Бұл мәселе, әсіресе, бастапқы медициналық-санитарлық қызмет түрі көрсетілетін емханаларда оң шешімін табады деп есептеймін.
Президенттің “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында көрсетілген міндеттерді ел болып еңсере алсақ, әрбір қазақстандықтың, яғни әрбіреуіміздің әл-ауқатымыз жақсаратын болады. Біз, медициналық қызметкерлер, біліміміз бен тәжірибемізге сүйене отырып, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді елмен бірге атқармақпыз. Бұл күрделі кезеңнен біз мықты мемлекетімізбен, татулығы жарасқан халқымызбен және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге өтеміз.
Светлана КАШЕНЦЕВА,
№1 қалалық емхананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың
депутаты.
Петропавл қаласы.