Мен көп жыл байланыс саласында қызмет еткен адаммын. Оқырмандардың газет-журналға жазылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, мерзімді басылымдарды оқуға деген ықыластарын оятумен де айналыстық. Біз жұмыс істеген жылдары адамдардың газетке жазылуға деген құлшыныстары айрықша болатын.
Жергілікті басылымдар әрбір үйдің төрінен орын алатын. Әсіресе, өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетіне деген оқырмандардың сүйіспеншілігі, тіпті, ерекше еді ғой, шіркін! Бұл газетті жоғары қызметтегілерден бастап ауылдағы қарапайым шопандар да қолдарынан тастамай оқитын.
Бүгінгі ахуалды сол кездегімен мүлдем салыстыра алмаймыз. Қазір, өкінішке қарай, кітап, газет-журнал оқуға енжарлық танытатын ұрпақ өсіп келеді. Ақпараттық технология қарышты дамыған заманда не керектің бәрін интернеттен табуға болады. Алайда, ғаламтордан оқығаныңның бәрі қағазға басылған дүниедей әсер бермейтіні шындық. Бұрын газетке жазылу науқаны қызу жүретін. Адамдар ауылдардағы пошта бөлімшелерінде газетке жазылу үшін кезекте тұратын. Қателеспесем, сол жылдары әрбір отбасы кемінде оншақты газет-журналға жазылатын еді.
Мен “Soltústіk Qazaqstan” газе-тінің оқырманы ғана емес жанашырымын. Жасым сексеннен асып барады. Облыстық басылымның әрбір нөмірін оқып шығуды әдетке айналдырдым. Кейде газет кешіксе, әкемді күткендей пошташының жолын тосатыным да жасырын емес. Ұлымыз намысты, қызымыз қылықты, ұрпағымыз сауатты болсын десек, кешегі “елім” деп жарғақ құлақтары жастыққа тимеген небір ұлылардың іздері қалған “Soltústіk Qazaqstan”-ға бір кісідей жазылайық. Оған жұмсаған азын-аулақ қаржыдан қалтамыз жұқарып қалмайды.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
еңбек ардагері, құрметті байланысшы.