Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ даласында өсіп-өркендеп, өркениет биігіне қол созған қалалар санаулы еді. Олардың қатарында қазаққа құтты қоныс болған Орал, Қызылжар, Семей сияқты бірнеше қала бар. Бұл шаһарлардың басты артықшылығы тек қызған саудасы мен өрлеген өндірісі ғана емес, темір жол бойында орналасқандығында. Заманында Алаш арыстары бас қосып, қазақтың ордасы тігілер астана сайларда таңдаушылардың назары Қызылжарға да түскеніне тарих куә. Өйткені қала сол кездің өзінде қазақтың ірі интеллектуалдық орталықтарының бірі саналған. Мұнда кеңес өкіметі орнамай тұрып-ақ қазақтың күрескер ақын-жазушылары шығармашылықпен айналысып, баспа, кітап сату ісі өркендегенін архив құжаттары дәлелдеп отыр. ХХ ғасырдың басындағы кітап, баспа ісіне қатысты деректерде Қызылжар қаласының жиі аталуы осы тақырыпқа тереңірек үңілуімізге ықпал етті.
Отаршылдық кезеңдегі қазақ баспа ісі татар баспа ісімен қатар дамыды. Қазақ кітаптарын шығаратын алғашқы баспаханалалар Қазан қаласында ашыла бастады. Нәтижесінде төңкеріске дейін жарыққа шыққан қазақ кітаптарының үштен екісі Қазанда баспа бетін көрді. ХХ ғасыр басталғалы 10-15 жылдың мұғдарында Татарстан астанасында 753 басылым жарыққа шықса, олардың жалпы таралымы 2,47 млн. данаға жеткен. Ауыз әдебиетінің озық үлгілері, шығыс фольклоры, көркем әдебиет пен түрлі оқулықтар қазақ даласына тарап, білімге шөліркеген елдің көзін ашып, өзге елдермен терезе теңестіруіне орасан зор әсер етті. Мұның бәрі кейіннен қазақ жазба әдебиетінің қалыптасып, ғылым мен білім берудің қабырғасының қалануына әкелді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы баспа ісі туралы құжаттар Мәскеу, Санк-Петербург, Қазан, Орынбор қалаларындағы архивтерде сақтаулы. Аталған құжаттарды жинастырып, жүйелеп, елге әкеліп, зерттеушілердің игілігіне жаратуда ғалым Жұмағыз Шалғынбайдың еңбегі зор. Ғалым жария еткен құжаттардың ішінен өңірдегі кітап ісіне қатысты құнды деректер табуға болады.
Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ең алғашқы кітапхана Омбы қаласында орналасқан. 1872 жылғы жазбада Омбыда 3 баспахана, 1 литография және 1 кітапхана болғаны көрсетілген. Бұл іс-қағаздарының әлі күнге татар тілінде жүргізіліп жатқан кезі еді. 1877 жылы Батыс Сібірдің бас басқармасы Ақмола облыстық әскери губернаторға іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру және татар тілмаштарын қазақ мамандарға ауыстыру туралы хат жолдаған. Қызылжардағы алғашқы кітапхана сәл кештеу пайда болғанға ұқсайды. 1890 жылғы тізімде қалада қалалық кеңестің меншігіндегі кітапхана болғаны туралы дерек кездеседі.
Бұл ретте ғасыр басында қазақ тілінде жарық көрген кітаптардың бәрі ұлттық мүддені көздеген, елді білімге үндеп, бірігуге шақырған әдебиеттер болды деп айта алмаймыз. Патшалық Ресейдің колониалды пиғылынан туған, мұсылман халықтарын шоқындырып, Ресейдің ішкері аймақтарындағы түркі халықтарын біржола жұтып жіберу жоспарынан шыққан миссионерлік әдебиеттер де қазақ даласында көптеп тарады. Православ миссионерлік қоғамының қазақ тіліне кітаптар аудару туралы есебінде қазақтардың бұрынғы танымынан (язычества) бас тартпауы аталған жұмыстарға кедергі келтіріп отырғаны жазылған. Соған қарамастан 1891 жылы 4 миссионерлік кітап 3100 данамен қазақша шыққан. Аталған әдебиеттердің қазақ арасына тарауына үлес қосқандардың бірі – шіркеу қызметкері, шығыстанушы Михаил Машанов. Қызылжардағы дін қызметкері Александр Машановтың отбасында дүниеге келген ол балалық шағын осы өңірде өткізіп, есейген шағында Қазанда қызмет етіп, түркі тілдеріне христиан әдебиеттерін аударып, Мұхаммед үмбетіне қарсы миссионерлік іске белсене кіріскен.
Түркі тілдес халықтардың толқуынан сақтанған патша ұлықтары үнемі солтүстік өңірдегі қазақтардың көңіл күйін бақылап, белсенділердің қадамын аңдып отырған. Мысалы 1901 жылғы Петропавл полицмейстерінің «совершенно секретно» таңбасымен сақталған рапортында қалада татар, қазақ кітаптарының авторлары тұрмайтынын, тіпті жоғары білімі бар қазақтардың санаулы екені жазылған. Құжаттарға сенсек, далалық қазақ газеттерін жаздырып оқитындар да санаулы болған. Дәл осы жылы алғашқы сатушылар өңірде кітап саудасымен айналысуға рұқсат алады. Ақмола облыстық губернаторының рұқсат қағазын алғаш болып М.А.Давыдов иеленген. Цензура кәріне мініп, баспадан шыққан әр парақ бақылауда тұрғанда еркін кітап сатуға екінің бірінің қолы жете бермеген. 1903 жылы Қызылжарда тұратын Шарафутдин Камалетдинов баспа материалдарын сату туралы бірнеше рет рұқсат сұрағанымен, оң жауап берілмеген. Ал «саяси сенімді» саналған Шәріп Хасанов мұндай құжатқа қиындықсыз қол жеткізген.
1906 жылы кейін ішкі істер министрі Столыпиннің бұйрығымен Қазандағы баспа ісі жөніндегі уақытша комитет қайта құрылып, оның құрамы бекітіледі. Осы сәттен бастап Қазанда шыққан қазақ кітаптары цензордың сүзгісінен өтіп, күмәнді тұстары орысшаға аударылып, қажет болған жағдайда авторға қатысты қылмыстық іс қозғалатын болған. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың кітаптарына тыйым салынып, өздері істі болатыны осы кез. Төңкерісті басып-жаншуда көзге түскен Столыпин газет-журнал, кітаптың бәрін бақылауда ұстағысы келді. Ғасыр басында жарияланған кітаптар туралы сипаттамалардың көбін Қазандағы ғалым Н.Катанов беріп отырған. Хакасияда туған, түркі нәсілінен шыққан, Ресейдегі түркітанудың негізін қалаған ғалым ұзақ жылдар цензор қызметін атқарып, патшаға қарсы сарындағы материалдардың жарияланып кетпеуін жіті қадағалаған. Оның түркі тілдерін зерттеп жүріп, Түмен, Омбыға дейін келіп-кеткені туралы деректер бар.
Цензор Н.Катановтың сынына алғаш іліккен қаламгерлердің бірі – Зейнелғабиден Әміреұлы. «Господин Шараф вновь прислал брошюру «Насихат казакия», в которой переведенная мною статья против русских осталась в неизменном виде», – дейді ол өз хатында. Кітап авторы өзін Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи деп таныстырады. Қазіргі Ақжар ауданы, Дәуіт станциясының маңында дүниеге келген Зейнелғабиден Әміреұлы заманында сол маңда мектеп ашқан, Уфадан кітап шығарған адамдардың бірі еді. Оның «Насихат Қазақиясы» көп жылдар бойы тасада қалып келді.
Катановтың теріс пікірін тудырған тағы бір кітап – «Айна» жинағы. 1908 жылы Қазанда басылған еңбектің бастырушысы омбылық Нияз Сулейманов болса, құрастырушысы петропавлдық Жанұзақ Әлжанов екені көрсетілген. Цензор «Айнаны» қазақтың жер-суынан айырылып жатқанын ашық жазып, патшаға қарсы сын айтқаны үшін теріс пікір берген. Бұл құжаттардың күшті болғаны сонша, саяси айып тағылған бірқатар Қазан баспаханаларының жұмысы тоқтатылған.
Бұл қара бұлт «Маса» болып елін оятқан Ахмет Байтұрсынұлын да айналып өткен жоқ. Алаш арысы сепаратизмді насихаттады деген айыппен Семей түрмесіне қамалды. Бұған қарсылық ретінде орыстың әйгілі «Речь» газетінде 1909 жылы «Киргизский народный поэт в тюрьме» атты мақала жарияланған.
Осы жылдары Қызылжардағы мұсылман қауымының белсенді әрекетке көшкенін көреміз. 1908 жылы қала тұрғыны Галим Тюменев өз үйінде мұсылман кітапханасын ашуға өтініш білдіреді. Бұл бастамаға рұқсат берілгені я берілмегені белгісіз, алайда 1909 жылғы хаттамада оның Петропавл мұсылман кітапханасының басқарма мүшесі болып сайланғаны айтылады. Басқармаға сайланған 12 адамның ішінде Алаш ұранды ақын Міржақып Дулатұлы да бар. Демек ол аталған уақытта Қызылжарда тұрақтаған. Арада үш күн өткеннен кейін 14 қазанда кітапхананың басқарма мүшелерінің қатысуымен тағы бір жиын өтіп, Алаш арысы жауапты тұлға ретінде сайланады. Ал 16 қазанда кітапхана қоғамы Міржақып Дулатұлын кітапхана меңгерушісі етіп тағайындау туралы губернаторға хат жолдайды. Олар ақынды жауапты қызметке бірауыздан сайлап алған. 20 қазандағы қалалық полицмейстер рапортында «При сем представляю Вашему превосходительству на утверждение прошение с протоколом Правления Общество для содержания мусульманской библиотеки-читальни об избрании Мир Якупа Дулатова ответственным лицом по заведыванию библиотечной-читальней установленных правил и правительственных решений», – делінген.
Бұл Міржақып Дулатұлының әлі қуғынға ұшырамаған кезі еді. Алайда көп өтпей оның «Оян, қазақ!» жинағы цензураның күмәнін тудырып, орысшаға сөзбе-сөз аударылып, әр жолы майшаммен қарала бастайды. Осы 1909 жылдан бастап Алаш ақынының қуғын мен күреске толы азапты өмірі басталады.
Цензорлар «сенімсіз» санаған кітаптарды мазмұнынан бастап, мұқабасына дейін түгел тінтіп шығатын болған. Аталған талдаулардың қорытындылары Татарстан архивтерінде сақтаулы. Сондағы жарияланған құжаттардың бірінде 1911 жылы Орынбордағы «Вакт» (Уақыт) баспасынан шыққан 100 беттік «Оян, қазаққа» сипаттама жасалады. Бір назар аударарлығы, кітаптың арт жақ мұқабасында «Цена 20 коп. адрес составителя: Город Петропавловск, Акмолинск. Обл., Мир- Якуп Дулатову» делінген. Демек, бүгінгі зерттеушілердің «Оян, қазақ!» Қызылжарда жазылды» деп жүргені шындыққа саяды. Сонымен қатар кітаптың 2-3 бетінің арасына автордың портреті салынған екен.
Ұлтты ояту үшін жазылған кітап патша ұлықтарын біраз әбігерге салып, дүрбелең тудырса керек, 1910 жылы дала генерал-губернаторы Шмид Омбы, Петропавл, Көкшетау уездеріне қатысты баспа туралы міндетті қаулы шығарады. Құжатта алауыздықты қоздырып, үкімет пен әскерге қарсы пікір жазылған әдебиеттерді таратуға тыйым салынған. Қаулыны орындамағандарға 500 рубль айыппұл мен үш айға дейін жаза кесілуі мүмкін екені айтылған. Дегенмен бұл қаулы осындағы қазақтың азат таңға деген ұмтылысын тоқтата алмайды. Қазақ тіліндегі кітаптардың таралуы бойынша Омбы жандармдық басқармасының 1911 жылғы құпия хабарламасына назар аударайық.
«При свидании в г. Петропавловске с секретным сотрудником от партии «Панисламизма» последний мне передал три брошюры под заглавием: «Алаш» издания 1910г., «Мухаммет Ханафия» и «Кисса Заркум» и заявил, что первая брошюра в большом количестве экземпляров распростронены среди киргизского населения и по своему содержанию производит между ними сенсацию…», – депті полковник Щеглов. Қазақ арасында сенсация жасап, полковникті уайымға салған еңбек көршілес Қостанай облысында дүниеге келген Алаш жанашыры Нұржан Наушабаевтың «Алаш» атты жинағы екені белгілі. Кейін ақынмен хат жазысқан қызылжарлық қаламгер Байбатыр Ержанов та оның шығармашылығымен осы кезде танысқан. Осылайша тыйым мен шектеуге қарамастан Қызылжар даласында Алаш рухы асқақтап, баспа бетін жаңа көрген кітаптар ел арасында жылдам тарап жатты. Қазан, Уфа, Орынборда шыққан кітаптар осы дала арқылы өзге өңірлерге жіберіліп отырған. 1911 жылдың 14 тамызы күнгі құпия құжатта көпес Мұқан Бектемов пен оның көмекшісі Мұқаш Аталжановтың Қызылжардан «Оян, қазақтың» 50 данасын Семейге апарып, оның әрқайсысын 20-25 тиыннан сатқаны жазылған. Ондағы қазақтар кітаптарды бірін қалдырмай, пышақ үстінде талап алған екен. «Негласным путем установлено, что брошюры «Пробуждайся, киргиз» покупались нарасхват и распродано их было в г. Семипалатинске большое количество», – делінген ротмистр жазбасында. Арада көп өтпей ақын тұтқынға алынып, айып тағылады. Міржақып Дулатов 1911 жылы Қызылжардан Зайсанға бара жатқанда Семей қаласында ұсталды.
Билік өкілдері мұнымен де тоқтамай, «Оян, қазақ!» басылып шыққан баспаханаларға сұрау салып, түрлі ақпараттар жинайды. «Каримов-Хусаинов және Ко» серіктестігінің Қазандағы баспа ісі жөніндегі уақытша комитетке жолдаған ақпарында жинақ 1910 жылдың наурызында 1000 данамен жарыққа шыққаны туралы мәлімет бар. Ең маңыздысы баспаханадағылар автордың өтінішімен кітаптың мың данасын түгел Қызылжарға жолдаған. Қазақ даласына әйгілі жинақтың қалай тарағаны енді түсінікті болды. Азаттықтың жаршысы, Алаштың ұраны болған мың кітаптың солтүстіктегі ағайынға әсер етіп, елдің санасын серпілткені анық. Алаш әдебиетінің ең жарқын үлгісін бірінші болып көріп, сүйіншілеп, тұңғыш оқырманы болғандар – қызылжарлықтар еді.
Қазақ баспа ісіне қатысты құжаттарда Ғалиолла Ғалымжановтың да есімі аталады. Көкшетау мен Қызылжардың шекаралас ауданында дүниеге келген Алаш қайраткерінің қызмет жолы облыс орталығымен тікелей байланысты. 1912 жылы жарық көрген «Есіл жұртым» атты жинағында автор өзінің Қызылжар қаласынан екенін көрсетеді. Ол тек шығармашылықпен ғана айналысып қойған жоқ. Мағжан бастаған азаматтармен жақын араласып, білім беру ісінің негізін қаласты.
Цензура комитетінің назары түркі ақыны Мағжан Жұмабаевтың кітабына да түспей қойған жоқ. Оның 1912 жылы жарық көрген «Шолпан» жинағы күдікті әдебиет деп танылып, сараптама жүргізілді. Осындай еңбектердің таралуы халықтық ой-санаға әсер етіп, елдің ертеңі үшін әрекет етуге үндеді. 1913 жылғы рапортта Қызылжарда тұратын қазақ, татар, башқұрт, сарттар түріктерге іш тарта бастағаны жазылыпты. Бұдан бөлек, билік өкілдері газеттерге де бақылау жасап отырған. Мысалы екінші шаруа учаскесінің басшысы губернаторға өз қарауындағы адамдардың ешқайсысы «Түс» газетін жаздырып алмайтынын айтып, көңілін орнықтырыпты. Түркияның Балқан елдерімен соғысына алаңдаушылықпен қараған қала басшылығы осында шығатын «Приишимье» газетінің мұсылман қызметкерлерін құпия бақылауға алған. Баспада қызмет істейтіндерден Қазан, Ташкент, Самарқандтағы топтармен байланысы бар деп күдіктенген. Ал Ақмола губернаторы газетке мұсылмандарды қандай да бір әрекетке үндейтін материал шығып кетпеуін қатаң тапсырған.
Ғасыр басында қалада кітап дүкенін ашуға ниет білдірген жандар көп болған. Мұндай өтініштер Орал, Қостанай, Көкшетау қалаларында бірен-саран болса, Қызылжардағылар үнемі сұрау салып отырған. Алайда көзі қырағы баспа ісінің басшылары солардың санаулысына ғана рұқсат етіп, қалғанының сауалына теріс жауап беріп отырған. Әр жылдары Садық Маманов, Александр Меньшиков, Вагиз Новрузув, Абдул-Валия Мухамедсытдыков т.б. кітап дүкендерін ашу туралы жоспарлары барын айтып хат жолдаған. Алайда баспа материалдарын саудалау құқығы екінің біріне беріле бермепті. 1915 жылы Петропавл уезінде 3 баспахана, 2 кітап дүкені, 1 дүңгіршек пен 2 кітапхана жұмыс істеген. Ал қызылжарлық Мағжан Жұмабаев, Ғалиолла Ғалымжанов, Байбатыр Ержанов сынды қаламгерлер елге қажетті кітап шығарып, қалам қуатын жұрттың еңсесін көтеруге жұмсады.
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының рухының серпіліп, жаңа идеялардың от алып, Алаш арыстары тарихи аренаға көтерілген кезең. Кейіннен осы бір аз ғана мерзімді зерттеушілердің «Қазақ ренессансы» деп сипаттауы да бекер емес. Елін ертеңге бастаған азаматтар төл әдебиетіміздің туын қадап, білім берудің негізін қалап, кітап ісінің көшетін егіп кетті. Жаңа ғасыр басталып, кеңес билігі орнағанға дейінгі аралықта 100 жылға бергісіз өзгерістер орын алды. Аталған айтулы оқиғалардың біразы Қызылжармен байланысып жатыр. Жоғарыда келтірілген мұрағат деректері облыс орталығының қатардағы елді мекен емес, қазақ халқы үшін маңызды мәдени орталық болғанын айғақтайды. Ғафу Қайырбековтің «Қазақтың қала дегеннен хабары сенсің – Қызылжар!» деген өлең жолдары осыған қатысты туындаса керек. Қазақ баспа ісінің Қазанда қайнаған қара базарының бір ұшы елдің солтүстігіндегі осы бір қалаға бастап жататын.
Келтірілген деректерден көріп отырғанымыздай, өңірдегі кітап, баспа ісінің қалыптасуы талай бұралаң мен қиындықтан өткен. Цензура заң жүзінде құпталып, теріс пікірдің бәрі айыпталып, қағазға басылған әр сөз қаралып, сараптама жасалып жатқан заманда кітап шығарудың қиямет-қайымын көзге елестетудің өзі қиын. Патша заманында басталған бұл қуғын, Кеңес үкіметі тұсында тіптен күшейіп, 1938 жылғы қуғын- сүргінге алып келді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».