Әлем мынау ғарасат майданында,
Жайлануға мұрша жоқ, ойлануға.
Қайғысына қабарып қаралы жер
Күннің көзін көңілсіз айналуда.
Бір-біріне ел мен жұрт жасануда,
Кек құрсағы майданмен босануда.
Күнді айналып қара жер қартайса да
Жылды айналып адамзат жасаруда.
Жағасында жайқалып бал құрағы
Өмір-өзен қалайша сарқылады?
Халық біткен ұмтылып азаттыққа,
Адам біткен тірлікке талпынады.
“Інжілге” де иланбай, “Құранға” да,
Алданады жалғанға құмарлана.
Халықтардың билігі патшаларда,
Адамзаттың билігі бір Аллада.
Алла әркімге несібе берген болар,
Қасында оның билікке көнген қалар.
Мүсіркейміз үйі жоқ адамдарды,
Жер бетінде елі жоқ елдер де бар.
Шөлге қонған елдер бар көл көрмеген,
Мұзға қонған елдер бар жер көрмеген.
Ырғын ел қып өсіріп шүйгін жерде,
Алла бізді ешкімнен кем көрмеген.
Алла біздің халыққа иігендігі –
Тәуелсіздік қолына тигендігі.
Тәуелсіз ел тізгінін Сізге берсе,
Сіз де Алланың, Нұр-аға, сүйген құлы.
Елуіңде ел құлап дәргейіңе,
Алпысыңда толыстың деңгейіңе.
Бұл қазақта қыран көп қалықтаған,
Әркім шыға бермеген ел көгіне.
Толастамай шайқасың, тартысың да,
Бақтың көрдің омпысын, алшысын да.
Аға болып еліңе елуіңде,
Атасына айналдың алпысыңда.
Тыңдап жүрсіз жырауды, жыршыны да,
Көріп жүрсіз міншіні, сыншыны да.
Табылар ма тоқсанда Бұхар-баба,
Қырықтағы құлақ сал қыршыныңа…
Ерік АСҚАРОВ.