Есіл ауданындағы Тауағаш ауылын облыс жұртшылығы жақсы біледі. Бұл ауыл – өзге елді мекендердей емес, орнынан жылжымай, ешқайда көшпей отырған, діңгегі берік, іргелі қазақ ауылы. Басқа жердің тұрғындары көшіп жатқанда бұлардың тұрақтап қалғанына жұрттың бәрі таңғалады. Көшпейтін себебі – ауылдықтар еңбекқор, қиындықтан қашпай мал, құс өсіріп, тіпті, ауласына көкөністі де көкмайсадай құлпыртып отыр. Аула сайын бір-бір трактордан бар. Қыстық отын-шөбін, жем-азығын ала жаздай тыпырлап, бір-бірінен қалмай, өздері дайындап алады. Ешкімнен ештеңе сұрап, телмірмейді. Жалғыз-ақ сұрайтындары – бір дұрыс жол салып берсе деген тілек. Өйткені, көктем мен жаздың лайсаңында, қыстың қытымырында бұл ауылға жету немесе ауылдан шығу қиын. Ауырып-сырқамайтын адам жоқ, жолдың қиындығы, әсіресе, сондайларға ауыр тиеді. Кейбіреулер тиісті медициналық жәрдем алатын жерге уақытында жете алмай қалады. Ал екіқабат келіндер жолда босанып, әбден әбігерге түсіп жатқаны.
“Жүз мектеп, жүз аурухана” бағдарламасының шапағатымен жақсы мектеп салынған. Бала саны сексеннің төңірегінде, тым азаймайды, көбейіп те кетпейді. Оңтүстіктен жеткен ағайындар мен оралмандар осынау қалың қазақ ортасына келгісі келеді, бірақ жолдың қиындығын естігенде ат-тондарын ала қашыпты.
Таза ауызсуға ауыл тұрғындары 2006 жылдан бері қол жеткізген. Тереңдегі жер асты су қорынан сорғымен тартылып алынған су тұрғындарға тазаланып беріледі. Алайда, көптен қолданған соң ескірген тазалағыш фильтрлер мен су сорғыш насос жиі істен шығып жатады. Оны жөндеуге жауапты “Қамқор Есіл” ЖШС-нің бригадасы да оңайлықпен келе қоймай, тұрғындар бірнеше күн тазаланбаған су ішуге мәжбүр болып қалатын кездер жиі болып тұрады.
Міне, осындай қиындықтан шығудың жолы биыл табылғандай болып көрінген. Аймақты тұтастай ауызсумен қамтитын Есіл өзенінен су тартатын “Преснов топтық су құбыры” Тауағаштан он шақырым жердегі Спасовка ауылы арқылы Жамбыл ауданының аумағына құбыр тартты. Бір тармағы Тауағашқа да тартылады деп белгіленіп, 23 млн. теңгеге қысыммен реттегіш құрылыс (ҚРҚ) салынған. Бұл осыдан екі жыл бұрын болған оқиға. Ауыл тұрғындары бұған қуанып, енді Есілдің суын ішетін болдық деп мәз болып жүрді.
Алайда, ҚРҚ құрылысын “Кимаки” ЖШС-і аяқтағанымен, жеріне жеткізбеген. Негізгі шаруаға қажетті қосалқы бөлшектер салынбаған, электр қуатына қосылмаған. Мердігердің өзі мемлекеттік Су ресурстары жөніндегі комитетінің маңындағы дауларға ілігіп, бұл арадан табанын жалтыратқан. Өйткені, бұларды жалдаған сол комитет болатын.
Содан бері әдемі басталып, абыройсыз тасталған құрылыс тауағаштықтардың көзін қызықтырып, ауылдың басында әлі тұр. Желге шашылған миллиондардың да сұрауы жоқ, не қаржы бақылау басқармасы, не құқық қорғау органдары іздеу салмайды.
Биылғы көктемде ауыл тұрғындарымен кездесуге келген аудан әкімі үміт отын жағып кетеді. Ол суды ауылға ғана емес, көшеге енгізіп береміз деген уәдені үйіп-төгеді. Тек өздерің көшеге тартатын құбырдың орнын ақша жинап, қаздырыңдар дейді. Бұған қуанып кеткен тұрғындар орталарынан ақша жинап, экскаватор жалдап, траншеяны қаздырып тастайды. Ол бұрын су тартылған құбырдың бойымен оңай қазылады.
Алайда, әкім екі-үш айдан соң орнынан кетеді. Ал жаңа келген әкім Алтынбек Абдуллаев бұл шаруаның оңай шешілмейтінін айтады. Өйткені, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Облысқа келген ауыл шаруашылығы министрінің су ресурстарын бақылайтын орынбасарына мәселені түсіндіргенін айтты. “Вице министр бұл мәселеге түсіністікпен қарады. Ол қажетті қаражат облысқа аударылып, аймақтық су тарату шығындарын ендігі жерде өңірлердің өзі басқаратынын айтты”, – дейді әкім. Солай болғаны дұрыс қой, әрине. Бірақ бәрі жай сөз болып қалмаса игі еді.
Ал әзірге тауағаштықтар, “өздерің қаздырыңдар” дегенге құлақ асып, құлшына кірісіп қазған терең орларына түсіп кеткен қозы-лақтарын, құлын-тайларын, тоқты-торымдарын, тіпті үлкен малдарын шығара алмай, ит әлекке түсіп жүр. Қарғысты кімге айтарларын да білмейді, қазған өздері…
Ауданға келгеніне екі-үш ай ғана болған жаңа әкім Алтынбек Абдуллаев тауағаштықтарға басқа қырынан бір жақсылық жасағалы отыр. Оны да айпай кетуге болмайды. Облыс басшыларына түсіндіре жүріп, Тауағашқа жол салу қажеттігін дәлелдеп беріпті. Қазір сол жолдың жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. “Алла қаласа, алдағы көктемде құрылыс жұмыстары да басталып кетер деген үміттеміз”, – дейді ол.
Егер ең басты проблемасы болып отырған жол салынса, тауағаштықтар бөркін аспанға атып, қуанар еді. Тіпті, орға түсіп өлген малдарын да садақа деп санар еді деп ойлаймыз.
Жақсыбай САМРАТ.