Журналист Арайлым Бейсенбаева мақаласында бірнеше оқырманның пікірін келтіре отыра, көптеген маңызды мәселелерді қозғаған. Шындығында да, бүгінгі таңда біздің рухани иммунитетіміз әлсіз. Оны барынша күшейту үшін, ең алдымен, әр адам өзінің ішкі жан дүниесіне терең үңіле білуі керек. Жүрегіміз жақсылықтан, имандылықтан нәр алып, тура жолмен жүріп, бір-бірімізге қамқорлық жасауға ұмтылмасақ, қоғамда орнаған қатыгездік тамырын терең жаюы әбден мүмкін.
Бүгінде ел аман, жұрт тынышта жат ағымның жетегінде кетіп, теріс жолға түскендердің қоғамға тигізіп жатқан кері әсері аз емес. Ондай жамандықтардың түбіне бірден балта шабу керек. Ел ертеңі болар жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп отырсақ, келешегіміздің кемел болары сөзсіз.
Шыны керек, соңғы кезде теледидардан, газет беттерінен қоғамда орын алып жатқан неше түрлі жаман оқиғалар туралы оқып та, естіп те жүрміз. Туған балаларынан бас тарту, оларға зорлық-зомбылық көрсету, анасына қол көтеру, өлтіру сияқты фактілерді естігенде төбе шашың тік тұрады. Ондай қатыгездікке қалай ғана баруға болады?
Шыр етіп дүние есігін аша сала о дүниеге аттанған бейкүнә шақалақ – ол да бір әкенің қаны, бір отбасының ізін жалғар ұрпақ қой. Осындай жағымсыз, жүрек ауыртар қылмыстардың барлығы рухани иммунитеттің әлсіздігінен пайда болады.
Көп нәрсенің мән-мағынасына ден қоя бермейтін кейбір жастарымыздың бойында еліктеушілік басым. Менің бір айтарым, қазір ұлдар да, қыздар да не көрсе соған қызығып тұрады. Мәселен, қыздардың ашық-шашық киімдерді қымсынбай киіп жүрулері, орысша-қазақша сөйлеп, тілімізді шұбарлауы, шалбар киіп, шылым шегіп, осының барлығын өздерінше бір жетістік санауы рухани әлсіздіктің бір көрінісі деп ойлаймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, рухани иммунитетіміз мықты болу үшін алдымен тәрбиеге көп көңіл бөлу керек. “Баланы жастан” деп дуалы ауыз тегін айтпаған болар. Сәби дүниеге шыр етіп келген күннен бастап анасы ақ сүтімен бірге оған дұрыс тәрбие беруге қолынан келгеннің барын салса, күні ертең сол бала заман талабына сай білімді, білікті, көзі ашық, көзқарасы дұрыс азамат болып ержетеді. Әрине, бала тәрбиесімен көбіне аналар айналысады. Бірақ әкенің де орны бөлек екенін ұмытпаған жөн. Өмір айдынына жаңа түскен балаға әке-шешесі бірге қамқорлық көрсетсе, бос уақытын қалай өткізіп жүргенін барынша қадағалап, ақыл-кеңестерімен жүрегіне жол таба алған жағдайда ғана, ол қоғамдағы неше түрлі індеттерден бойын аулақ ұстайтын болады.
Ең бастысы, өкше басып келе жатқан өскелең ұрпаққа өзіміз өнеге көрсетіп, жақсы жағынан үлгі болуға ұмтылсақ, олар да алдыңғы толқынға қарап бой түзер еді.
Сапура ТӘШЕНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.