«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ — ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы – халықты біріктіретін маңызды құжаттардың бірі. Жолдаудың мәні мен мазмұны Мемлекет басшысының көрегендігін, әлемдік экономикалық дағдарыс пен геосаяси проблемалардың әсерінен туындаған қиын жағдайға, қазіргі сын-қатерлерге жедел, тиімді әрі ғылыми негізделген шешім табу шеберлігін танытты. Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдардың алдында идеологиялық тұрғыдан маңызды міндет тұр. Ол Қазақстан экономикасы дамуының ауқымды жоспарларына сай келетін ерекше рухани ахуал қалыптастыру қажеттігін көздейді.

Осыған байланысты облыстық дін істері басқармасы жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік-конфессионалдық қарым-қатынастарды тиімді құру және халықпен жұмыс істеу мәселесінде ақпараттық және әдістемелік қолдауды қамтамасыз етуде. Мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруда мамандардың біліктілігін арттыру жұмысы жүйелі жүргізілуде.

Бүгінде облысымызда 16 ақпараттық-түсіндіру тобы (облыстық, қалалық, 13 аудандық және жастар) жұмыс істейді. Олар дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндірумен айналысуда. Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына теологтар, өңіріміздегі этномәдени орталықтардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары тартылған.

Облысымызда “Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру арқылы дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстары күшейтілді. Аталмыш мекеме мамандары 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның сәтті жүзеге асырылуы үшін жұмыс істеуде.

Әлем елдерін алаңдатып отырған экономикалық дағдарыс біздің мемлекетімізге де кері әсерін тигізбей қоймайды. Елбасының былтырғы Жолдауы дағдарысты еңсеруге бағытталғанымен, бейбітшілік, тұрақтылық және этносаралық қарым-қатынастар мәселелері де жеткілікті дәрежеде қарастырылған.

Дәл қазіргі жағдайда рухани дағдарыстың алдын алудың маңызы зор. Өйткені, халықты тыныштыққа, бірлікке шақыру, этносаралық достық пен конфессияаралық келісімді сақтауға үндеу қай уақытта болсын бәріміз үшін маңызды.

Бүгінде біз этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін жасап шығара алдық деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің қоғамдағы полиэтностық пен мәдени әралуандық ұлтымыздың рухани – имани байлығының сарқылмас көзі болып табылады.

Біздің елімізде әртүрлі діндердің өз функцияларын іске асыруы үшін барлық жағдай жасалған. 2011 жылы қабылданған “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Қазақстан Республикасының Заңында Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын, конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi, азаматтардың дiни сенімдерін құрметтеудi тани отыра, діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк береді. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары ішінде елімізде тұрып жатқан мұсылмандардың, православтардың, католиктердің, протестанттардың, иудейлердің діни бостандығын қамтамасыз етті.

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің ойдағыдай өткізілуі еліміздің саяси бағытының дұрыстығын көрсетіп қана қоймай, конфессияаралық ынтымақтастықтың қазақстандық бірегей үлгісінің тиімділігін танытты. Әр жиын өзі­нің күн тәртібіне қойылған тақы­рыптарымен және онда талқы­ланған мәселелерімен ерек­ше­ленді.

Соңғы жылдары терроризм мен діни экстремизмнің жиірек көрі­ніс беруі, қақтығыстар мен жанжал­дардың көбірек бой көрсетуі әлем жұртшылығын қатты алаңдатуда. Бұл тұрғындар арасына іріткі салып қана қоймай, мемлекеттердің тыныштығын бұзуда. Бұл ретте еліміздің аса құнды игілігі дәл осы этносаралық және дінаралық келісім болып табылады, мұны отандық және шетелдік сарапшылар да растап отыр. Еліміздің басты байлығы – тұрақтылық пен тыныштықты көзіміздің қарашығындай сақтау үшін баршамыз жауаптымыз.

Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырға жуық уақытта елімізде рухани дәстүрлер мен діни құндылықтар жаңғыртылды, діни ғимараттар, атап айтқанда, мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері салынды, ескілері қайта жаңартылды. Құрбан айт пен Христос Рождествосы діни мейрамдары демалыс күндері болып жарияланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биыл тұңғыш рет 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланып, мерекеленді.

Бүгінде біздің облыста 170 діни ғимарат жұмыс істейді. Олардың қатарында 67 мешіт, 31 православ діни ғимараты, 44 рим-католик костелдері мен кішкентай шіркеулері, 28 протестанттық ғибадат үйі бар.

Елбасы ұсынған “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бағдарламасы Қазақстан дамуының жаңа кезеңдерін айқындап берді. Жаһандық сипаттағы қатерлерге, діни экстремизмнің сын-тегеуріндеріне, этносаралық алауыздыққа бір мақсатпен, берік идеологиямен қарсы тұру – мемлекетіміздің ұстанып отырған басты бағыттарының бірі.

Өкінішке қарай, бүгінде біз дінді өз пайдасына қарай бұрмалайтындар жайлы жиі естиміз. Бүгінгі күні Сирия мен Ирак аумағында орын алып отыр­ған қанды қырғын бүкіл әлемді әбігерге салуда. Әу бас­та сырт көзге “Араб көктемі” атты көтерілістің Сириядағы жалғасы секілді көрін­ген бұл үрдіс 2014 жылдан бас­тап жаңа сипатқа ие болды. “Араб көктемі” әлеуметтік аз қамтылған қалың бұқараның авторитарлық билікке қарсы көтерілуі еді. Ал 2014 жылы осы дүрмектен бөлініп, “Ислам мемлекеті” (“ДАИШ”) атты жаңа дүмпу шықты. Халықты қанға бөктірген қанқұйлы топ өздерінің барлық сорақы істерін ислам шариғатымен ақтап алуға тырысып бағуда. Бірақ, сарапшылар “ДАИШ”-тың сыртқы күштердің әсерімен жа­салған исламофобиялық ойын екенін алға тартады. Діни негізде қандай да бір қақтығыстар орын алғанда біз қашанда соған ұрындырған саяси астарды байқаймыз. Осы күнге дейін содырлар жиһадты желеу етіп екі мемлекет – Сирия мен Ирактың бейбіт тұрғындарының өмірін қиып, қанға бөктіруде. “ДАИШ” содырлары бүгінде қан­­­төгіс жолымен Сирия мен Ирак­тың біршама аумағын жаулап алды. Қазір террорлық ұйым­ның аталған аймақтардағы қан­ды-қасап іс-әрекеттері әлем жұрт­шылығын шошындырып отыр. Дәстүрлі конфессиялардың көшбасшылары бүгінде “ДАИШ” тарапынан бұдан кейінгі экстремистік және террористік қимылдардың алдын алуға бірлесіп күш жұмсауға шақыруда.

Дінаралық келісім мен бейбітшілік Қазақстан халқының рухани дәстүрінің өзегін құрайды. Еліміздің басты жетістігі де осы. Ал біздің басқарма жұмысының басты нәтижесі – қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік.

Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН,

облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp