Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты жаңа Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатымен өңірімізге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді.
Айқын Қоңыров, Роман Ким, Юрий Тимощенко С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада еңбек ұжымдары, оқу орындары, зиялы қауым, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы этномәдени орталықтардың өкілдерімен кездесу өткізді.
– Елімізді ширек ғасырдан астам уақыт аралығында дүниежүзіне таныттық. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз биік межелерді бағындырдық. Көш бастаған елу мемлекеттің қатарына қосылдық. Дамыған елдер санатына енген мемлекеттің халқының да əл-ауқаты жақсарып, тұрмыс сапасы түзелуі керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының ерекшелігін жұрт бірден байқады деп ойлаймын. Əлемде қалыптасқан экономикалық ахуалға қарамастан, қазақстандықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттырудың нақты жолдарын айқындап бергені біздің мемлекетімізде адами капиталға баса назар аударылатынын көрсетеді, – деді Мәжіліс депутаты Роман Ким.
Елімізде соңғы жылдары шағын бизнесті, сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру салаларын əрі қарай ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл салалардың дамуы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуда қозғаушы күшке ие. Мемлекет басшысы білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі жайлы жəне қауіпсіз қоғам қалыптастыру мəселелері əрбір қазақстандық отбасына қатысты екенін атап көрсеткен болатын.
– Тұңғыш Президенттің “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты жаңа Жолдауын қазақстандықтар үлкен ықыласпен қабыл алды деп ойлаймын. Бұл – осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Елбасы Жолдауында айтылған əрбір басымдық халқымыздың əл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тұрғыда солтүстікқазақстандықтардың Мемлекет басшысының əрбір міндеттемесін зор ықыласпен орындайтынына сенімдімін, – деді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.
Кездесу барысында жиналғандар Парламент Мәжілісінің депутаттарына өздерін толғандырып жүрген ойлары, шешімін таба алмай жүрген мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Мамлют, Жамбыл аудандарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Халық қалаулысы “Педагог мəртебесі туралы” Заңды əзірлеу, қабылдау қажеттігіне айрықша назар аударып, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арылатынын, мұның өзі оқу сапасы мен тəрбиеге айтарлықтай ықпал ететінін жеткізді.
Халық қалаулылары Петр Шарапаев пен Альберт Рау “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да, “Радуга” ЖШС-інде, Петропавл техникалық-гуманитарлық колледжіндегі кездесулерде экспортқа бағдарланған индустрияландыру, оның ішінде шикізаттық емес өнімдер мен тауарларға басымдық беру, агроөнеркəсіптік кешеннің əлеуетін толық қолдану, қаржы секторының рөлін күшейту мəселелері бойынша пікір алмасып, кадрлар даярлаудың өзекті проблемаларын ортаға салды. Келесі жыл “Жастар жылы” деп жарияланғанын алға тарта отырып, өскелең ұрпақтың еліміздегі өзгерістер үдерісінде алатын орны айрықша екеніне тоқталды. Оларды “Ауыл – Ел бесігі”, “Өз жеріңді танып біл” жобаларына белсене қатысуға шақырды.
Мәжіліс депутаттары Роман Ким мен Айқын Қоңыров Мағжан Жұмабаев ауданына да барып, Соколовка орман шаруашылығы мекемесінде, тәлімбақта болды. Халық қалаулылары жұртшылыққа бизнесті өркендетудің тұрақты көзін қалыптастыру, жеке инвестицияны ынталандыру, кəсіпкерлікті заңсыз əкімшілік қысымнан қорғау жолдарын түсіндірді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.