Белгілі бір діни топтардың тарапынан қауiп көрмеу керек. Олар радикалды іс-қимылдарға жақынырақ немесе үгіт-насихатқа берілуі мүмкін деген тұжырым өзін-өзі ақтамайды. Радикалдануға кез келген адам ұрынуы мүмкін. Оның факторлары – әртүрлі. Діни топтың, жамағаттың санының өсіп немесе азаюына қарап, оның қаупін бағалау дұрыс емес. Мәселен, бірқатар елдерде мүшелерінің саны көп діни топтар бар. Бірақ оларда ашық текетірес, жанжал, радикалды іс-әрекеттер байқалмайды. Кейбір елдерде, керісінше, ондай топтардың саны аз, бірақ қатері үлкен болуы мүмкін. Бұл жерде радикалдандыру факторларына назар аударған жөн. Егер бұл тетіктер ашық жұмыс істесе, оның ықпалына кез келген азамат түсіп қалуы мүмкін. Мысалы, террористік іс-қимылдың бәрінен идеологиялық негіз іздеу де – қате. Себебі, терроризм – идеология емес, ең алдымен, іс-әрекеттер жүйесі. Ол – тактика мен стратегия. Кез келген террористік акт – басқаларды осындай қадамға үндеу сияқты. Яғни, белгілі бір радикалды топ сол әрекеттердің мазмұнын емес, формасын қайталауы мүмкін. Оның қауіптілігі де сонда, ақпараттық ықпалдың күшейіп бара жатқандығында. Мәселен, Нигериядағы «Боко харам» туралы көп айтылмайды, бірақ қауіптілігі жағынан бұл ұйым қазір ең бірінші орындарда. Егер ДАИШ-тың бір террористік шабуылында 20-30 адам мерт болып жатса, «Боко харам» бір шабуылда 200-300 адамды қырып, ұрлап әкетіп жатады. Бір америкалық әріптесім бұл радикалды ұйымның ДАИШ тобы жасаған әрекеттерді дәл қайталайтынын анықтаған. Сондықтан бұл жерде тек қана бір идеологиялық себеп іздемей, оның басқа астарына да үңілу керек.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
(«Айқын», 2015 жылғы 26 маусым.)