«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МАҚСАТ – СЕНІМНЕН ШЫҒУ

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов жыл сайынғы дәстүр бойынша облыстық, Петропавл қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының алдында есеп берді.

Халық қалаулылары алқалы жиын алдында бірнеше полиция нысанын аралап, олардың жұмысымен танысты. Көші-қон қызметі және жедел басқару орталықтарында, Петропавл қалалық полиция басқармасының фронт-офисінде, №10 учаскелік полиция бекетінде, ату тирі мен ведомствоның мұражайында болған депутаттар қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін қолданылатын бейнебақылау жүйесімен, арнаулы қондырғылармен танысып, басқа да мол мағлұматтар алды.

Облыстық полиция департаментінде өткен ведомство бастығының жергілікті өкілетті органдар алдындағы есеп беру кездесуіне халық қалаулыларымен қатар қоғамдық ұйымдардың, ардагерлер кеңесінің, департамент жанындағы консультативтік кеңестің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, селекторлық режімде аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты. Берік Сұлтанғазыұлы облыстық полиция департаментінің 2018 жылғы жұмысының қорытындысы, алдағы кезеңдегі басым міндеттері туралы жан-жақты баяндады.

– Биыл бесінші жыл қатарынан облыстық полиция департаментінің атқарған жұмысы туралы тұрғындар және халық қалаулылары алдында есеп берілуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда өңіріміздің полиция бөліністері жүйелі ісшаралар атқаруда. Жұмыстың мұндай түрі тұрғындармен өзара байланыстың деңгейін көрсетеді және өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тиімділігіне оң ықпал етері сөзсіз, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы.

Жыл бойы жүргізілген жедел-іздестіру және басқа да іс-шаралар нәтижесінде өңіріміздің елді мекендерінде жасалған қылмыс деңгейі айтарлықтай азайған. Биылғы он бір ай ішінде барлық қылмыс 5 пайызға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар тиісінше 19,3 және 16,7 пайызға төмендеген. Ұйымдастырылған алдын алу жұмыстары өз нәтижесін беруде, қоғамдық орындардағы, көшелердегі, жасөспірімдер арасындағы қылмыстар, тонау, автокөлік ұрлау фактілері біршама азайған. Есепті кезең ішінде жасалған қылмыстарды ашу деңгейі 72 пайызға жеткен. Әсіресе, жасалғанына бір жылдан асқан қылмыстарды ашуға баса мән берілді. Ол жұмыс полиция қызметкерлері мен тергеушілердің тынымсыз еңбегін талап етеді. Нәтижесінде осындай 503 қылмыс ашылды, оның ішінде екі адам өлтіру фактісі бар. Іздеуде жүрген 74 қылмыскер қолға түсті, із-түзсіз жоғалған 43 адам табылды. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында 2004 жылы Петропавлда қылмыс жасаған азаматты облыстың полиция қызметкерлері Санкт-Петербург қаласында ұстады. Біздің полиция қызметкерлері ресейлік әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, 2005 жылы қарақшылық жасаған азамат шетелде бассауғалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. Кейіннен Свердловск облысының полицейлері оның Ханты-Мансийск автономды округінің Октябрь аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып жұмыс істеп жүргенін анықтаған. Ол заң алдында жауап беріп, өзінің тиісті жазасын алды. Сол секілді біздің полиция қызметкерлерінің де ресейлік әріптестеріне көрсеткен көмектері аз емес. Жыл басынан бері 14 мыңнан астам қылмыстық іс тергелсе, оның 504-і электронды түрде жүргізілді. Осы кезеңде 9053 істің 965-і сотқа дейінгі жедел тергеу тәртібімен аяқталды.

Есепті кезең ішінде 134 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 85 мыңнан астамы жол қозғалысы ережесін бұзғандар. Биылғы он бір айда 528,4 млн. теңге айыппұл салынып, 70,7 пайызы өндіріліп алынған. Сондай-ақ, 1165 млн. теңге көлік салығы жиналған. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны 3,6 пайызға төмендеп,1345 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған.

Облыстық полиция департаментінің бастығы соңғы кездері тұрғындар сеніміне кіріп, алаяқтық жасау фактілерінің жиілеп кеткенін айтып, азаматтарға сақ болу қажеттігін ескертті. Мысалы, алаяқ әйел өзін кореялық компанияның өкілімін деп таныстырып, адамдарға пайдалы келісім жасау үшін олардың жеке куәліктерін алған. Осындай әдіспен 19 азаматты алдап, олардың атына онлайн-несие рәсімдеген. Қазір ол соттың шешімімен 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал тағы бір тұрғын хакерлік бағдарлама жасап, жұрттың жеке есепшоттарынан ақша жымқырған. Отыз адамға қатысты интернет-алаяқтық жасаған оның ісі сотқа жіберілді.

Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан өзінің оң бағасын алған жұмыстарды да айта кеткен жөн. Петропавл қаласында көші-қон орталығы өз жұмысын бастады. Жыл басынан бері облыстық көші-қон полициясы 200 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жалғастырылуда. Келушілерге ыңғайлы жағдай жасалған, оның ішінде электронды кезек те қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет алу үшін келетін мүмкіндігі шектеулі адамдардың ғимаратқа кедергісіз кіруі және жүріп-тұруы да оңтайлы ұйымдастырылған. Ғимаратқа кіреберіс мүгедектерге арналған пандуспен және қызметкерлерді шақыру тетігімен жабдықталған. Қызмет саласын кеңейту бойынша жұмыс “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандарымен бірлесе ұйымдастырылды. Ол үшін он жұмыс орны бөлінді. Енді келушілер операциялық залда Халыққа қызмет көрсету орталығының негізгі талаптары бойынша қызмет түрлерін ала алады.

Полиция қызметкерлері қолданатын техникалық жаңашылдықтар жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді әрі адами факторға жол бермейді. Бірінші кезекте, бейнетіркегіштер туралы айтуға болады. Бүгінгі күні өңірдің жол-патрульдік полициясының барлық экипажы осындай заманауи құралдармен жарақталған. Сонымен қатар полиция жұмысына енгізіліп жатқан электронды планшеттер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға септігін тигізеді. Бүгінгі күні осындай құрылғылардың көмегімен бес мыңнан астам электронды хаттама толтырылды. Жұмыстың бұл форматы, бірден біріктірілген бірыңғай республикалық деректер базасына түседі және хаттамалардың электронды түрде толтырылуына бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Бейнебақылау жүйесі қылмыстың алдын алуды ғана қамтамасыз етіп қоймай, полицияның жұмысын ашық ете түсті. Облыс орталығындағы барлық 13 аймақтық полиция бекетіне арнайы орнатылған мониторға қызмет көрсетілетін аумақтардағы аулаларда, үйлердің кіреберісінде және басқа да қоғамдық орындарда орнатылған камералар қосылған. Аймақтық полиция бекеттерінің өзінде де камералар орнатылған. Бұл жұмыс барлық аумақтық полиция бөлімдерінде белсенді жүргізілуде. Үстіміздегі жылы облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға қызметтік автокөлік, компьютерлік техника, қондырғылар мен қару-жарақтар сатып алынды. Қалаға кіреберістегі “Шеп” бекеттері күрделі жөндеуден өтті.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері өнерден де құралақан емес. Олар қоғамдық және шығармашылық жұмыстармен белсене айналысады. Биыл Талдықорған қаласында өткен “Парасатты полицей” республикалық байқауында 21 команда арасынан Гран-приді солтүстікқазақстандықтар жеңіп алды. Павлодардағы “Ел жүрегі – Астана” байқауынан да жерлестеріміз жүлдемен оралған. Тұңғыш Президент күні департаменттің мәдени орталығы Астанада өнер көрсеткен.

Есепті баяндамасын аяқтаған соң Берік Сұлтанғазыұлы жиналғандармен емін-еркін әңгіме өрбітті, қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін бір топ азаматты марапаттады. Ал сөз алған халық қалаулылары мен жұртшылық өкілдері облыстық полиция департаменті басшылығының есепті кезеңде атқарған жұмысына оң бағасын беріп, алдағы істеріне табыс тіледі.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp