«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МІНДЕТ — БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ

Мектепке дейінгі балалардың білім беру жүйесінің түрлі бағдарламаларына тең қолжетімділігі, сапалы тәрбие және біліммен толық қамтамасыз етілуі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Еліміз бойынша 2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы қазақстандық балаларды мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен 100 пайыз қамту жоспарланған. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 млрд. теңге бағыттауды тапсырды. Бұл міндет біздің облыстың ауылдық жерлерінде шағын орталықтар ашу есебінен шешімін табуда. “Балапан” бағдарламасы жұмыс істей бастаған жылдары мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында жеке кәсіпкерлермен әріптестік тетігі оң жолға қойылды. Бүгінгі күні облыста 17 мектепке дейінгі мекеме жекеменшік есебінен жұмыс істейді. Оның 11-і – Петропавл қаласында, 5-еуі – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда және 1-еуі Мағжан Жұмабаев ауданында ашылды. Осыған қарамастан, Петропавл қаласында әлі де 10004 бүлдіршін кезегін күтуде. Бұл тізімді азайту мақсатында 2015 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1080 орындық төрт жекеменшік балабақша құрылысы жоспарланып отыр. Тағы 10 балабақшаның құрылысын Қазақстан Республикасының “Концессиялар туралы” Заңына сәйкес салу жоспарланған. Республикалық бюджет есебінен Мир-Строительная көшелерінде 320 орындық балабақша салу жөніндегі инвестициялық жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде қарастырылуда.

Облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында мемлекеттік стандартты жүзеге асыру барысында осы жастағы бүлдіршіндерді тәрбиелеу мен оқыту үдерісіне ата-аналардың белсенді қатысуына құрылған халықаралық “Step by step” бағдарламасының элементтері пайдаланылып, Мария Монтессори әдістемесі бойынша арнайы дайындалған ортада балғынның өзін-өзі дамытуына мән беріледі. Бүгінгі күні облыстағы 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 93,5 пайызы, 1 мен 6 жастағылардың 63,7 пайызы мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтылды. Тайынша, Мамлютка қалалары мен Тимирязев, Уәлиханов, Айыртау аудандарындағы 3 пен 6 жастағы балғындар балабақшамен толық қамтылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму траекториясы белгіленген. “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясаты – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне жасалып отырған ғаламдық қадам. Ол таяу жылдардағы біздің экономикамыздың дамуының қозғаушы күші болмақ. Осы тұрғыдан алғанда XXI ғасыр мектебінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, адамгершілігі жоғары, шығармашылықпен жұмыс істейтін, сыни тұрғыдан ойлай алатын, өзінің білімі мен мәдени деңгейін үздіксіз көтеретін, өзіне де, қоғамға да пайдасы тиетін және өзгермелі әлемде үнемі табысқа қол жеткізетін тұлғаны оқытып, тәрбиелеу.

Ұлттық білім жүйесінің жаңаша жұмыс істеуі, барлық жаңғырту үдерісі – табыстылықтың маңызды факторларының бірі. Бұл – еліміздің болашағы үшін бірінші кезектегі мәселе. Осыған байланысты ақпараттық қауымдастықтағы өмірге оқушыларды даярлау – мектептің басты міндеті. Ақпараттық-коммуникативтік білім беру жүйесі оқу-тәрбие үдерісіне түбегейлі өзгерістер енгізді. Облыста 180 білім беру ұйымы ақпараттық-коммуникативтік білім беру жүйесіне қосылған.

Білім беру мазмұнын жаңалау аясында бастауыш білім беру стандарты жобасын зерттеу мен талқылау жұмысы жүргізілуде. Оны апробациядан өткізу бойынша Петропавл қаласындағы №16 орталау мектебі мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі эксперименттік режімде жұмыс істеуде.

Жалпы білім жүйесінің мазмұнын жаңарту Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізуге негізделеді. Осыған байланысты біліктілікті арттырудың деңгейлік курстарынан өткен облыс мектептерінің 1,5 мың педагогі мен оқушылардың білім сапасын арттыру үшін білім беру мазмұнына түбегейлі өзгеріс енгізетін қауымдастық алдына зор міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеледі. Білім берудегі инновациялық үдерістер оқу әрекетінің технологиялық құрамын жаңартумен сөзсіз байланысты. Облыс мектептерінің 53 пайызы жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталған. 308 мектеп интерактивті тақтамен қамтылып, 371-і кеңжолақты интернетке қосылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында апатты және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселелерін шешуді бірінші кезекке қоюына орай облыстағы үш ауысымда оқытатын Тайынша ауданының Тайынша қаласындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылындағы мектептерді Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен салу жөніндегі құжаттар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қарауына ұсынылды.

Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында да мектеп мәселесі өткір тұр. Бәйтерек ауылына республикалық бюджет есебінен мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттар да аталмыш министрліктің қарауына жолданды. Мамлют ауданының Мамлютка қаласында 300 орындық мектептің құрылыс мерзімі жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізілуіне байланысты өзгертілді. 2015 жылы құрылысты жалғастыру үшін оған республикалық бюджеттен – 186 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 35 млн. теңге қаражат бөлінді. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында апаттық жағдайдағы ғимарат орнына 90 орындық мектеп салынуда.

Оқушылардың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін анықтауда, білім сапасын сырттай бағалауда “PISA”, “TIMSS” және “PIRLS” сияқты халықаралық мониторингтік зерттеулер маңызды құрал болып табылады. 2015 жылдың сәуір айында облыстың жалпы білім беретін 7 мектебі “PISA” халықаралық зерттеулеріне қатысса, тағы 2 мектептің 4-сынып оқушылары “PIRLS – 2016” апробациялық зерттеуінде сыналатын болады. Оқушыларды “PISA”, “TIMSS” зерттеулерінің тапсырмалары негізінде даярлау мақсатында ұстаздарға шәкірттердің математикалық, жаратылыстану, ғылымдық сауаттылығын арттыру жөнінде әдістемелік құралдар әзірленіп, курстар өткізілуде. Оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын сырттай бағалау нәтижесі – шәкірттердің бәсекеге қабілеттілігінің де көрсеткіші. Сондықтан оған жан-жақты дайындықпен келу үшін әдістемелік ұсыныстар мен тапсырмаларға мысалдар берілген құралдар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының сайтында орналастырылған.

Күлпаш ҚАЛҒОЖИНА,

облыстық білім басқармасы

басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp