«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МІНДЕТ — ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

1991 жылғы 6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының прокуратура органдары құрылды. Ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 17 қаңтардағы қаулысы бойынша “Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы” Заңы қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес, прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуын қадағалайтын жоғарғы орган болып есептеледі.

Жеке прокуратура органдары жүйесінің құрылуына байланысты прокуратура органдарының міндеттері Қазақ КСР-нің Бас Прокурорының бұйрықтарында атап көрсетілген. Онда “Елімізде болып жатқан өзгерістер, оның өміріндегі демократияландыру, экономикалық базистің және саяси құрылымның өзгеруі, республика тәуелсіздігінің нақты мазмұнының толығуы Қазақстан Республикасы органдарының алдында жаңа міндеттер қойды, соған сәйкес, прокурорлық қадағалаудың мазмұнын және маңыздылығын жаңарту қажеттілігі туды” делінген.

Осы нормативтік-құқықтық актілерде қойылған талаптар Солтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдарының міндеті болып табылады.

Прокуратура тек республика Президентіне есеп бере отыра, мемлекет атынан еліміздің аумағында заңдардың, Президенттің Жарлықтарының және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын қадағалайды. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ, заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз жүзеге асырады. Қазақстан прокуратурасына жоғары қадағалау функциясын жүктей отыра, оған ерекше конституциялық рөл берілген, яғни біздің еліміздің Конституциясы мен басқа да заңдарына қайшы келетін нормативтік-құқықтық актілер мен заңдарына наразылық келтіру құқығы ұсынылған. Бүгінгі күні прокуратура құқық қорғау органдары жүйесі ішінде бас функцияны жүзеге асырады.

Прокурорлық қызмет жоғары жауапкершілікті талап етеді. Прокуратураға күн сайын адамдар келіп өздерінің мәселелерін айтады, конституциялық құқықтарын қорғау туралы өтініш білдіреді. Себебі, елімізде болып жатқан өзгерістер мен заңнамаларға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер адамды қоғамның жоғары құндылығы ретінде бірінші кезекке қойды.

Тәуелсіздік жылдары прокуратураның қалыптасуы мен даму жолын бағамдай отыра, оның мемлекеттің қалыптасуындағы, демократиялық үдерістердің дамуындағы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы рөлін атап өтпеуге болмайды. Жаңадан қабылданып, қолданысқа енгізілген Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі, Қылмыстық-атқару кодексі бұл сөзіміздің дәлелі болмақ. Жаңа заңнамалық актілер 2015 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді.

Сонымен бірге, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары ел тұрғындарының тұрмысын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және елімізді әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуға бағытталған. Сондай-ақ, осы Жолдауда шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінген.

Облыстық прокуратура органдары өз қызметінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. Осы орайда үстіміздегі жылдың басынан бері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты 23 тексеріс жүргізіліп, 207 заң бұрмалаушылық анықталды. 33 ұсыныс қаралды, 9 наразылық қанағаттандырылды, 9 заңсыз құқықтық акті өзгертілді, 31 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 170 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Облыстық прокуратура бизнес саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін өңіріміздегі кәсіпкерлік палатасымен және бизнес өкілдерімен өзара тығыз байланыс орнатқан. Бұған кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша жасалған меморандум да негіз болып отыр. Жұмыс барысында мұның тиімді екендігіне көзіміз жетті. Мысалға, бірлесе атқарылған жұмыс барысында салық қызметтері тарапынан жіберілген бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өтініштерін уақтылы қарау үшін прокуратура органдарында құрылған мобильдік топтардың жұмысын да оң бағалауға болады.

Биыл “Прокурор түсіндіреді” атты акция барысында 56 шара өткізілді. Кәсіпкерлер үшін қолданыстағы заңнамаларды түсіндіру бойынша жеті семинар, бес “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Прокуратура органдарының шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қызметін жұртшылыққа жеткізу мақсатында өңірлік басылым беттерінде 32 мақала жарияланды.

Кәсіпкерлік саладағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасын табады. Аталған саладағы құқықтық микроклиматқа кешенді және ерекше назар аударудың басты себебі – өзінің отбасы үшін ақша тауып және салықпен мемлекетті қамтамасыз етіп отырған, әрбір жекелеген кәсіпкердің – еңбек адамының құқығын қорғау.

Сонымен бірге, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында облыстық прокуратура корпусы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және сумен, жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын жаңарту саласын қадағалауға баса назар аударады.

Аталған салада мемлекеттік сатып алу кезінде заңдылықтың сақталуы айырықша қадағаланады. 2016 жылдың өткен айларында қадағалау актілері бойынша сомасы 1 млрд. 764 млн. теңгеден астам сатып алу бойынша заңсыз қорытынды бұзылған.

Өкілетті органдардың жоғарыда аталған әлеуметтік маңызы зор көкейкесті мәселелерді шешуі үшін бөлінген бюджеттік қаржының мақсатты пайдаланылуы прокуратура органдарының ұдайы бақылауында болуда.

Сонымен бірге, балалардың құқығын қорғауға да басымдық берілген. Бас прокуратураның “Қазақстан отбасында зорлықсыз” жобасын жүзеге асыру аясында өңірімізде алдын алу органдарының өзара әрекеттесу механизмі және тәртібі дайындалды. Ұсынып отырған механизм Мамлют ауданында қолданысқа енгізілуде. Алдын алу әрекетіндегі қадамның бірі – аудан халқының мәдени деңгейін жоғарылату. Осыған орай Мамлют аудандық прокуратурасы облыс орталығына 39 кәмелетке толмаған балаларды (жетім балалар, өмірдің қиын жағдайында қалған отбасылардың балалары) “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешеніне, “Қазақстан” кинотеатрына және “Нептун” ойын-сауық кешеніне апарды.

Осы уақыт аралығында саясатта, экономикада, адамдардың қоғамдық өмірінде орын алған едәуір өзгерістерге тоқталмау мүмкін емес. Дегенмен, прокуратураның басты міндеті – заңның үстемдігін қамтамасыз ету және олардың орындалуын қадағалау. Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының үйлесімді және кәсіби қызметі Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған міндеттерді болашақта да тиімді орындауға ықпал ететініне сенімдімін.

Степан ЗАЙТЛЕР,

облыс прокуроры,

үшінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp