«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ ТАЛАП – КӘСІБИЛІК

“100 нақты қадам” – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Осы орайда еліміз бүгінге дейін жүргізіп келе жатқан саясатын жаңғыртып, дамудың келесі кезеңіне қадам баспақ. Еліміздің бүгінге дейінгі ұлттық саясатының негізгі қағидаты – барлық этнос, конфессия өкілдеріне тең құқық беріп, өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау болды.

Халықаралық қауымдастықта Қазақстан өзінде бір халық ретінде өмір сүретін және жаңашыл, бәсекеге қабілетті зайырлы мемлекетті құруға атсалысып жатқан барлық этнос өкілдерінің өзара төзімділігін, конфессияаралық және мәдениетаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған ішкі бірізді саясатты жүзеге асырып отырған ел ретінде танымал. Біздің еліміз ТМД мемлекеттері ішінде алғашқы болып Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды институтты құрды. Үстіміздегі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтудеміз. Сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік – бұл гүлденіп жатқан көпэтносты еліміздің басты құндылықтары. Оның негізінде “Әртүрліліктегі бірлік” қағидаты жатыр. Бұған өңірімізде мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін 4500 адамның арасында 15-тен астам этностың өкілі бар екендігі дәлел бола алады.  

Елбасы ресми түрде жарияланған ұстанымдарға сай халыққа және мемлекетке қызмет ету бәрінен жоғары болатын, ең басты тапсырма ретінде аталған мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, заңдылықты қатаң сақтау, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынатын кәсіби мемлекеттік аппаратты құру жөніндегі мақсатты саясатты жүргізуде. Бұл мәселеге “100 нақты қадам” жоспарында да ерекше назар аударған. Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың 15 қадамы жасалып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталған.

Президент атап өткендей, мемлекетке қызмет ету бірыңғай қазақстандық біртектілікті құрудың негізі болуы тиіс. Мемлекеттік қызмет этникалық тегіне қарамай, меритократия қағидаты негізінде баршаға өзін-өзі дамытуы үшін бірдей мүмкіндік беруге тиіс.

Мемлекеттік қызметте бүгінгі таңда кәсібилік аса қажет болып отыр. Себебі, мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдер салиқалылықты, жауапкершілікті, тәжірибелілікті қажет етеді. Ал шешімдердің әлеуметтік салдары мен саяси қателігі жалғыз адамға ғана емес, бүкіл қоғамға тиеді.

Меритократия қағидаттарын қорғауда және аталмыш салада асыра пайдаланушылықты болдырмауда жұмысты жүйелендіру аса маңызды. Меритократия барлық мемлекеттік секторларға, соның ішінде ұлттық компаниялар мен холдингтер үшін де жалпыға ортақ қағидат болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “100 нақты қадам” жоспарының 10-қадамында осы мәселеге арнайы тоқталған. “Мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу. “Б” корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидатын нығайту” деп атап көрсеткен.

Өткен жылы шағын және кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған әкімшілік реформа жүргізілді. Экономиканы жаңғырту мен қоғамды жаңарту міндеті бір мезгілде мемлекеттік қызметтің үлгісімен жетілдірілген кезде ғана тиімді шешілетіндігін уақыт көрсетті.

Үстіміздегі жылы кадрларды іріктеу мен жоғарылатуына қатысты барлық үдерістердің әділ және ашық болуын қамтамасыз ететін “Е-қызмет” біріктірілген ақпараттық жүйе іске қосылмақ. Бүгінгі таңда көп нәрсе басшылықтың қалауы мен ниетіне тәуелді. Осы орайда кадрлық мәселелер жұмыстың мүддесіне сай болмай жатады. Аталмыш біріктірілген ақпараттық жүйені енгізу арқылы қызметкерлермен жұмыста алалаушылықты жоямыз. “Е-қызмет” мемлекеттік органдардың кадрлық саясатына меритократия қағидаттарын енгізудің аса тиімді факторы болады.

Қызметкерлердің сапасын арттыру жөніндегі жұмыста Қазақстанға жаңашылдық болып табылатын өзге де тәсілдер қолданылатын болады. Агенттік белгілі лауазымға қатысты мемлекеттік қызметкердің тұлғалық және іскерлік қасиеті бейінін даярлауды қолға алды. Конкурстық комиссия үміткерлер бойынша оң нәтиже шығарған кезде осы қасиеттер маңызды рөл атқаруы тиіс. Мұндай инновациялық тәсіл жекеменшік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың кадрлық саясатының негізінде жатыр. Соңғы жылдары бұл дамыған елдердің мемлекеттік қызметі саласында да пайдаланыла бастады. Адамның білім деңгейін ғана емес, оның лауазымдық қызметте көрсете алатын әлеуетін де анықтау қажет.

Ел Президенті жемқорлыққа жол беретін командалық ауыс-түйісті болдырмауды талап етті. Осы орайда агенттік кадрлық резервте тұрғандарға ерекше назар аударады, соның ішінде мақсатты бағдарламалар бойынша білім алғандарға басымдық берілмек. Бұл мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ үміткерлер үшін аса маңызды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке кадрларды даярлау мен оқыту алдыңғы қатарға шықты. Еліміз экономикаға, индустриялық әлеует және ғылымға ғана емес, жалпы қазақстандық қоғамға әсер ететін инновациялық дамудың жаңа кезеңіне өтті. Жаңашыл Қазақстанға даму бағдарламасын әзірлеумен қатар, оның толық орындалуын кәсіби ұйымдастыра білетін жоғары білікті ғалымдар, инженерлер және мемлекеттік қызметкерлер қажет. Ұлт жоспарының 9 қадамы осы мәселеге арналған.

Елена СТЕПАНЕНКО,

облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp