Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының тыңдаушылары үшін семинар өткізді.
Өңірімізде мемлекеттік қызметшілерді оқытуды қолға алып отырған оқу орталығы жаңа технологиялар мен білікті мамандарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру сапасын жоғарылатуды өздерінің басты мақсатына айналдырған. Бұл мекеме қабырғасында өткен “Бухгалтерлік есеп және мемлекеттік органдарда есеп беру”, “Ауылдық округ әкімдерінің құзыреттерін жетілдіру” атты біліктілігін арттыру курстары аясында департамент басшысының орынбасары Елена Степаненко қатысушыларды аттестаттаудың негізгі ережелерімен таныстырды.
Осындай семинарлар барысында департамент мамандары қатысушылардың білімдерін кеңейтіп, кәсіби деңгейлерін арттыру үшін “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия”, Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы”, “Мемлекеттік қызметі туралы” Заңдары және т.б. тақырыптар бойынша дәрістер өткізуде.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігі көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен біліміне, сондай-ақ адами қасиеттеріне байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.