«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ ҚАСИЕТ – АДАМГЕРШІЛІК

Облыс бойынша қылмыстықатқару жүйесі комитетінің “ЕС-164/8 мекемесі” республикалық мемлекеттік мекемесінде қызметкерлердің дені – қыз-келіншектер. Жұмыспен қатар үй шаруасын да алып жүретін білікті, білімді мамандардың бірі – Алтын Шаяхметова.

Мекеменің бас бухгалтерінің міндетін атқарушы Алтын Қорғанқызы еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Осы жылдар арасында жинаған жұмыс тәжірибесі де аз емес. Үйренгенін үнемі жастармен бөлісіп, оларға бағыт-бағдар беріп отырады. Әрбір адамның бойында өзіне ғана тән бір ерекшелік болатыны сөзсіз. Бұл жағынан келер болсақ, Алтын Қорғанқызының есте сақтау қабілеті жақсы. Есеп-қисаптың қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған ол өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Өзіне де, өзгелерге де қоятын талабы осындай.

Кішіге – қамқор, үлкенге құрметпен қарап, әр уақытта қайырымдылық жасайтын Алтын Қорғанқызының жұбайы Орал Сансызбайұлымен шаңырақ көтергендеріне 30 жыл. Осы аралықта ерлі-зайыпты бір-біріне қамқорлықпен қарап, сыйластық сезімдерін одан сайын нығайта түскен. Оның басты сыры – адамгершілікте, ауызбіршілікте, татулық пен еңбекқорлықта.  

“Отан отбасынан басталады” деген қағиданы жандарына жалау еткен жарасымды жұп ұл мен қыз өсіріп, ардақты ата-ана атанып отырған жайлары бар. Шаңырағын шаттыққа толтырып, бала тәрбиесін де, жұмысын да үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген осындай мерейлі отбасылардан жастарымыз үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жібек АХМЕТОВА,

“ЕС-164/8” мекемесінің аудармашысы.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp