Қызылжар топырағында өмірге келіп, күллі қазақтың мақтанышына айналған Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов сияқты қадау-қадау тұлғалар қызмет еткен облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетін көптен бері қолымнан түсірмей келе жатқан оқырмандардың бірімін.
Сондықтан да басылым беттерінде жарық көрген танымдық мақалаларды, сыр-сұхбаттарды, жағымды жаңалықтарды қалт жібермей, қадағалап отырамын.
Қазақ тіліндегі жалғыз өңірлік басылымның руханиятымыздың дамуына, ұлтымыздың алтын қазынасы – ана тіліміздің қолданыс аясының кеңеюіне, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жаңа есімдердің танылуына сіңіріп отырған еңбегі орасан. Ұрпағының елжанды, отансүйгіш, парасатты болып өсуін ойлайтын әрбір адам баласына халықтың тілі, көзі һәм құлағына баланған газет оқытқаны жөн. Өз басым облыс тұрғындарының көкейіндегісін дөп басып, билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған басылыммен әркез біргемін. Қажет кезде таратуға көмек қолын созамын. Әсіресе, газетке жазылу қызу жүріп жатқан қазіргі уақытта бұл науқаннан кәсіпкерлер, руханият жанашырлары қалыс қалмайды деп ойлаймын.
Былтыр қарамағымда еңбек ететін барлық жұмысшыларға өз қаражатыма газет жазып берген едім. Биыл жұмысшылар басылымда көтерілген мақалалардың маңыздылығын, тақырыбының алуан түрлілігін, ең бастысы, жастарды тәрбиелеуде басты құрал екенін айтып, “Қазпочта” акционерлік қоғамының жергілікті бөлімшесі арқылы жазылуға өздері ықылас танытып отыр.
Талғат ТЕМЕНОВ,
“Ыбыраев” шаруа қожалығының директоры.