Әкемнің туған ағасы Қанаш Шәкенұлы елімізге белгілі азаматтардың бірі еді. Қазақтардың арасынан тұңғыш рет 1969 жылы Петропавл педагогикалық институтына ректор болып тағайындалып, 1988 жылға дейін табан аудармастан 19 жыл басшылық етті. Осы кезеңде еңселі оқу орнында қазақ студеттері мен оқытушыларының саны әжептәуір көбейді. Ағамыздың ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен қоса ұлтжандылық болмысы да бөлекше-тұғын. Облыстық ақсақалдар алқасының, “Қазақ тілі” қоғамының құрылуына белсене атсалысты. Бір таңғалатыным, қашан көрсем де қолынан “Ленин туы” газеті (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) түспейтін. Басқа да ұлттық басылымдарды көптеп жаздырып алатын. Өзгелерді де үндеп жүретін. Ана тіліміздің өзекті мәселелеріне қатысты мақалалары да үзбей жарияланатын. Әкем Қарақан да белсенді оқырмандардың бірі болды. Осы қасиеттер бәрімізге жұққан. Ағам Бағдаттың да газетке деген ықыласы ерекше. Ол Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары лауазымында жүргенде ұлттық басылымның таралуына үлкен үлес қосты.
Пандемияға байланысты бәріміздің сүйікті газетіміздің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілмесе де, жұртшылықтың ыстық ілтипаты еш өзгерген жоқ. Іргетасын Мағжан бастаған Алаш арыстары қаласып, алғашқы нөмірі Омбы қаласында “Кедей сөзі” деген атпен жарық көрген басылым жүріп өткен бір ғасырлық жолда халықтың мұңын айтып, елдік мәселелерді көтеріп келеді. Танымдық, тәлімдік материалдардың мәні өте зор.
Газет шынайы рухани серігіміз екенін өзіміз де талай рет сезіндік. Петропавл қаласындағы №20 мектеп директоры болып жүргенде сан мәрте қолдау көрсетті. Әсіресе, білім ошағына белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімінің берілуіне, ескерткішінің орнатылуына қатысты жұртшылықтың газет беттерінде жарық көрген оралымды ойлары мәселенің тиянақты шешім табуына ықпал еткені анық. Біз өз тарапымыздан әр мұғалімнің оқырман санатынан табылуын қамтамасыз еттік.
Мамлют ауданының ұстаздары да газеттің барша қауымға жеткізетін жағымды жаңалықтарын, ел өміріндегі елеулі өзгерістерді асыға тосады. Санаулы күндерден кейін өз есігін айқара ашатын Сиыр жылы да оқырман қатары көбейеді деген сенімдеміз. Біз сол үшін атсалысамыз.
Данияр ШӘКЕНОВ,
аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі.
Мамлют ауданы.