Оқырман – газеттің негізгі тірегі, қолдаушысы, ал газет, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, сол халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Өз оқырмандарымен жиі-жиі кездесіп, олардың ой-пікірлерін біліп отырған басылымның ұтары мол. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің дәстүрінде бар, кейінгі жылдары сәл ұмыт қалған осы үрдіс қазір қайта жанданғандай. Қаракөздеріміз көбірек шоғырланған Уәлиханов, Ақжар, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болып, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелескеніміз жайлы басылым бетінде бұған дейін жарияланған мақалалардан оқыған шығарсыздар. Бұл жолғы сапарымыз Шал ақын ауданында жалғасты.
1928 жылы аудан болып құрылып, содан бері атауы да, аумағы да бірнеше рет өзгерген Шал ақынды есімдері теріскей өңірге ғана емес, елге мәлім талай мықты азамат басқарды. Биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өткен Ніл Болатбаев, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин, мемлекет және қоғам қайраткері Мәркен Ахметбеков, қазір тоқсанның төріне шыққан абыз ақсақалымыз Жақсылық Ысқақов жетекшілік еткен тұста аудан қарыштап дамыған еді. Егін бітік шығып, мал егізден тапқан, өндіріс өрге басқан кезеңді аға буын өкілдері ауыздарының суы құрып әлі күнге дейін айтып отырады. Жақында ғана облыс әкімі болып тағайындалған Айдарбек Сапаров та Шал ақын ауданын біліктілікпен басқарған болатын. Ауданның қазіргі екі тізгін, бір шылбыры Рахат Смағұловтың қолына сеніп тапсырылған.
Соңғы уақытта ауылдағы жер дауына байланысты әлеуметтік желіде сынға көбірек ұшырап жүргенімен аз уақытта атқарған жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай екенін байқадық. Жалпы сын дегеннен шығады, ақ-қарасын ажыратпай жатып жаптым жала, жақтым күйе дейтіндер көбейді қазір. Ал сын шындыққа жанасса ғана сындарлы. Шал ақын ауданына өткен жылдың жазында ғана тағайындалған әкімнің осыдан он-жиырма жыл бұрын сатылып кеткен жерлерге еш қатысы жоқ. Соған қарамастан қол қусырып қарап отырмағанын айтады. Тиісті жерлерінен айырылып, пайларын ала алмай жүргендердің мәселесімен айналысып жатыр екен. Бірнеше қолдан өтіп кеткен жер телімдерін аукцион арқылы сатып алып, егін егіп отырған қазіргі иелерін шақыртып, заңға томпақтау болса да ауылдың тұрғындарына материалдық көмек көрсетуді міндеттеген. Былтыр 10 мың теңгеден төлесе, биыл 30 мыңнан бергізген. Ал жерді қайтарып алу – соттың құзырында. Бүгінде аудандағы бірнеше ауылдың тұрғындары сотқа жүгінгенін әкімнің аузынан естідік.
Қызылжардан Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласына дейінгі жолдың қырық жамау екенін, кей жерлері ойдым-ойдым тесіле бастағанын осы бағытта қатынайтын жолаушылар жақсы біледі. Әсіресе Шал ақын, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тұрғындарына қиын. Николаевкадан кейін көлік кібіртіктеп тіптен жүре алмай қалады. Аудан әкімі келесі жылы осы аралықтағы 45 шақырымға жөндеу жұмыстары басталатынын сүйіншілей жеткізді. Қалған бөлігі одан кейінгі жылдардың еншісінде.
Жалпы жол құрылысы мықтап қолға алынғанын бір жылда атқарылған жұмыстарға қарап-ақ аңғаруға болатындай. Ауданның автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 557 шақырым болса, соның 182-сі республикалық, 79-ы облыстық, ал қалған 297 километрі аудандық маңызға ие. Соның 170 шақырымы жөнделген, 80 километріне асфальт төселген екен. Сергеевка қаласының ішкі жолдары жаңаланғанын да айта кеткен жөн.
Жол мұраты – жету. Сапалы жолдың рақатын Мерген ауылының тұрғындары көріп отыр. Біз де тақтайдай тегіс асфальтпен аталмыш елді мекенге қалай лезде келіп қалғанымызды аңғармай қалдық. Мерейі тасыған Мерген жайлы газетімізде бұған дейін де жазылған болатын. Сондықтан көп тоқталмаймыз. Туған жерді түлетіп отырған Виктор Окунев жұмысшыларына арнап жиырма шақты жаңа үй тұрғызыпты. Тұшпара цехы, наубайхана, кондитерлік цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Көрші Жалтыр ауылынан және аудан орталығынан тұрғындар қатынап еңбек етеді. Серіктестік басшысы шағын ғана ауылдағы игі істерді жалпақ жұртқа сүйіншілей жариялаған “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жазылатындарын айтып бізді шығарып салды.
Келесі аялдама – Ысқақ Ыбыраев ауылы. Оған да лезде жеттік. Биыл ғана жаңадан асфальт төселіпті. Мәркен Ахметбеков атындағы мектеп жанынан бізді күтіп алған алып денелі азамат ауылдық округтің әкімі Серік Шәйінов болып шықты. Бұрын аудандық полиция бөлімінде, облыстық әкімшілік полицияда басшы болған оның қазір ауылда да құқық қорғау органдарындағыдай темірдей тәртіп орнатқысы келетінін сөздерінен аңғару қиын емес. Ол үшін алдымен әлеуметтік мәселелерді шешіп алу маңызды. Кеңес Одағы Батырының атындағы ауылда қазір 140 үй түтін түтетіп отыр. Солардың 80-і ауызсуды үйлеріне дейін кіргізіп алған, яғни қаладағы өмірден бір кем емес. Интернет сапасын жақсарту үшін байланыс мұнарасын орнату туралы шешім қабылданыпты.
Жергілікті мектепте өткен оқырмандармен кездесуде “Soltüstık Qazaqstan” газетінің жанашыры және тұрақты авторларының бірі Қойшыбай Шәниев ағамызды көріп, жақын туысымызды кездестіргендей бір марқайып қалдық. Ағамыздың қысқа-нұсқа астарлы әзіл-оспақтары оқыған адамды әрі күлдіріп, әрі терең ойдың тұңғиығына бастайтын қасиетке ие. Жазғандары кезінде “Ара” журналында да жарияланғанын айта кеткен жөн.
– Сүйікті газетіміздің тілшілері ауыл-аймақты аралап жүргені – өте құптарлық іс. Журналистер мұндағы тыныс-тіршілікті өз көздерімен көреді ғой. Оқырмандармен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдайды дегендей. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің байырғы оқырманы ретінде мен де бірнеше ұсыныс білдіргім келеді. Басылымда жергілікті авторлардың шығармаларына, өлең-жырларына көбірек орын берсеңіздер дұрыс болар еді. Әсіресе сенбілік нөмірдің бір беті арналса тіпті жақсы, – деді өз сөзінде ағамыз.
Ауылдағы Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектеп осыдан 90 жыл бұрын ашылған екен. Содан бері мыңдаған шәкірт тәрбиелеген оқу ордасында қазір 74 бала білім нәрімен сусындауда. Оларға 24 мұғалім сабақ береді. Мектеп директоры Есен Баржақсиннің айтуынша, мұғалімдерді бұрынғыдай ешкім мәжбүрлемесе де, өздері белсенділік танытып, бәрі бірдей газетке жазылады екен. Себебі ұстаз газет, журнал, кітап оқуда үлгі көрсетпесе, телефонға телмірген жастардың бетін бері қарату қиынға соғып тұрған жайы бар. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бастауыш сынып оқушыларының өзінің көз жанарлары нашарлап, алды көзілдірік таға бастаған. Мінез-құлықтағы ауытқушылық, сөз көтере алмау да – соның салдары.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешіле бастағанын көріп, көтеріңкі көңілмен келесі ауылға аттанғанбыз. Алайда іргедегі Көктеректі көргенде көңіл құрғыр су сепкендей басылды. Кезінде талай тарланды құндақтаған қасиетті мекен қазір жойылудың сәл-ақ алдында тұр. Енді бірнеше жылдан кейін келсеңіз есімдері елімізге жақсы таныс қаламгерлер Жарасбай Нұрқанов пен Ермек Қонарбаевтың туған ауылының жұртын ғана сипап қалуыңыз мүмкін.
Бұл ауылда мамандығы орманшы болса да, отты жырларымен оқырманның есінде қалған Ахметжан Нұртазин аунап-қунап өскенін де айтпай кетуге болмас. Ел арасында Көктерек “генералдардың ауылы” деген атқа ие. Олай деуге себеп те бар, осында туып-өскен бес бірдей азамат генерал шенін алған екен. Алайда ауылдың қазіргі жағдайына қарап отырып, иықтарына жұлдыз таққандардан көп қайыр жоғын байқауға болатындай. Шен тағып, шекпен кимеген, яғни қарапайым бригадир болған мергендік Виктор Окуневтен үлгі алса ғой дейсің осындайда.
Осы округке қарайтын Қаратал ауылы болашағы бар елді мекендердің қатарында. Аудан орталығына тиіп тұрғандықтан көшіп кетіп жатқандар жоқтың қасы. Керісінше, келем деушілер басым. Бұл ауыл тұрғындарының басты мәселесі – мектеп үйінің тарлығы әрі әбден тозығы жеткендігі. Кезінде 60 орынға шақталып салынған бір қабат ғимаратта 79 оқушы білім алады. Бізбен бірге ауылдарды аралап жүрген аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Дүйсенбинов алдағы жылдары екі бірдей мобильді мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Біріншісі Мерген ауылында бой көтерсе, екіншісін Қараталда тұрғызу ұйғарылған. Мобильді мектептің артықшылығы – қандай да бір жағдаймен тұрғындары жан-жаққа кетіп қалса, білім ошағын басқа жерге көшіруге болады.
Аудан орталығындағы қазақ орта мектебінің де ғимараты ескі екені бірден аңғарылады. Жамап-жасқап қойған. Бірақ ескінің аты ескі ғой, бір жерінің сылағы опырылып түсіп жатса, екінші жағының едені сықырлайды, кейде төбесінен су ағып, ыңғайсыздық тудырады дегендей. Аудан әкімінің орынбасары 328 оқушы білім алып жатқан мектепке келер жылы күрделі жөндеу жүргізілетінін айтып сендірді. Аталмыш мектептің ұжымы да, одан кейін бас сұққан аудандық кітапхана қызметкерлері де, аурухана дәрігерлері де газетке бір кісідей жазылуға уәде берді. Тек дәрігерлер күні бойы науқастарды қабылдайтындықтан поштаға барып жазылуға уақыттары жоқ екенін айтты. Аудан әкімінің орынбасары пошта торабының басшысына хабарласып, пошташыны ауруханаға жіберуге келісті.
Сергеевка қаласындағы оқырмандармен кездесу де қызықты өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин 1962 жылдан бастап бұрынғы “Ленин туы”, қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырманы екенін жеткізді.
– Бұл газет – басты мінберіміз. Талай ақын-жазушыларымыздың шығармаларымен де осы басылым арқылы таныстық. Мәселен, Ермек Қонарбаев, Жарасбай Нұрқанов, Амандық Әбжановтардың тырнақалды туындылары осы газетте басылып еді. Кейін олар қарымды қаламгерлерге айналды. Кезінде ұлағатты ұстаздарымыз бізге газетте осындай ақынның өлеңі шықты, соны оқып кел деп тапсырма беретін. Қазір мұғалімдердің өздері газет алуды басы артық шығын көреді. Оқымаған мұғалім қалай сабақ береді? Мен соны түсінбеймін. Қазір заман өзгерді ғой, бірақ газеттің қоғамдағы рөлі сол қалпында сақталып қалды, – деді Тұрар Сейітжанұлы.
Ауыл-аймақты аралап жүргенде аңғарғанымыз, газет оқымайтын адамның бірден көзге түсетіні. Өзінің оқымағандығын ақтап алғысы келгендей, елден бұрын газетті қаралауға кіріседі. Мысалы, тағатын негізгі міндері – билікті, әкім-қараларды мақтайсыңдар дегенге саяды. Жергілікті жерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін қазынадан қаржы алып отырғандықтан биліктің атқарып жатқан жұмысын көрсету – басылымның міндеті. Оның өзінде әкімдердің есептік кездесулері, қоғамдық қабылдаулар, жұмыс сапарлары туралы материалдар ары кетсе екінші бетке дейін басылады. Одан әрі қарай оқырманды қызықтырады-ау деген танымдық, тарихи мақалалар жарияланады. Оқитын адам осының бәрін біледі. Тіпті қай нөмірде қандай мақала жарияланғанына дейін айтып бере алады. Сергеевкадағы кездесуде сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Хамит Найманов жақында басылған “Атағы жер жарған Жанбаев” деген мақала туралы жылы пікір білдірді.
– Интернет арқылы оқығанды немесе теледидар арқылы көргенді лезде ұмытып қаласың. Ал газетке жазылған дүние тасқа қашалғанмен бірдей. Ғасырлар бойы сақталады. Қазір жазылып жатқан әрбір мақаладағы деректер ертең тарихи фактіге айналады. Кезінде ел басқарған Сағалбай Жанбаев деген азамат туралы ел арасында аңызға бергісіз әзіл әңгімелер бар. Оны көбіміз білеміз, алайда солтүстікте қызмет еткенін бірінші рет осы мақаладан оқыдым. Мұндай атақты адамның біздің ауданда еңбек еткені мақтаныш емес пе? – дейді Хамит Әбілқасымұлы.
Қазақ ауылдарының көбінің шаңырағы шайқалып, құрып кетудің аз-ақ алдында тұруының бір себебі – күре жолдан алыстау орналасуы. Алайда жол бойына жақын жатса да тұрғындары үдере көшкен елді мекендер де баршылық. Солардың бірі – Жаңаталап. Бастауыш мектепте жеті бала қалыпты.
Негізгі жұмысымыз – оқырмандармен жүздесу, газет тарату болғандықтан ауылдағы пошташыны әңгімеге тарттық. “Жалақымыз мүлдем мардымсыз, қолыма тиетіні бес мың теңге ғана. Хат-хабар ауылға аптасына екі рет – сейсенбі, жұма күндері жеткізіледі. Көлік болмаса немесе ауа райы бұзылса, кейде бір рет қана әкеледі. Бүгін пошта келуі керек еді. Хабарлассам, көліктері сынып қалыпты”, – дейді пошташы Раушан Есімсейітова.
Аудандық пошта торабына тиесілі көліктердің әбден тозғанын аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов те айтты. Жақында төрт көлік бірдей сынған. Кесірінен кейбір ауылдарға зейнетақының өзі кешеуілдетіп жеткізіліпті. Облыс орталығынан бір көлік берілген, өздерінің бір машинасын жөндеген. Осылайша қазір аудан көлемінде хат-хабар, газет-журнал мен зейнетақыны осы екі көлік қана тасымалдап жүрген жайы бар.
Көршілес орналасқан Жаңажол ауылында интернеттің жылдамдығы төмен екен. Ғалым Малдыбаев атындағы мектептің кітапханашысы Бақыткүл Сейтқазинаның айтуынша, ғаламтор болмай қалған кезде онлайн күнделік толтыруда қиындық туатын көрінеді. Мұндағы 89 оқушыға 25 мұғалім сабақ береді.
Бала саны азайып кеткен ауылдардың бірі – Кеңес. Орта мектеп деген аты болғанымен, бар-жоғы 55 оқушы қалған. Мектепалды даярлық тобында 8 бала бар. Шағын орталықта 13 бүлдіршін тәрбие алып жатыр. Балалардың саны аз болғанымен сапа жақсы. Былтыр мектеп бітірген 8 оқушының бәрі жоғары оқу орнына грантқа түскен. Біреуі Литвада оқиды. Биыл емтихандарын сәтті тапсырса, екі оқушы “Алтын белгі”, бір түлек үздік аттестат алмақ. “Уақытша отбасы” жобасы бойынша сырттан келіп оқитын балалар да бар. Мысалы, 8 отбасы Еңбек, Жалтыр, Социал, Ступинка ауылдарынан қатынайтын оқушыларды үйлеріне тұрғызған. Ауыл күре жолдан төрт шақырым жерде орналасқан. Келесі жылы жолға асфальт төселеді деген жоспар бар. Мектепке спорт зал салынбақшы. Жобалық-сметалық құжаты да дайын екенін білдік.
Бірлік ауылы да жол бойында жатыр. Мешіт салынған, дәмхана бар. Осындай игіліктер жасалып жатқанына қарамастан, тұрғындар саны аз. Оны мұндағы мектепте 20 оқушы ғана қалғанынан-ақ білуге болады. Әріптесіміз Өмір Есқалидің тұрғындармен кездесуінде медициналық бекеттің суық екені айтылды.
– Жас фельдшер келді. Медпункттің іші өте суық, қора ма дерсің. Ит байласа тұрғысыз. Сондықтан фельдшер үйінде отырады. Ауыра қалсақ, үйінен шақыртамыз. Медпункт деген құр аты ғана. Онда қажетті дәрі-дәрмек те жоқ. Аудан орталығына баруға мәжбүрміз, – дейді ауыл тұрғыны Айман Ысқақова.
Ауданға сапар барысында Жаңасу, Ақсу, Социал және Алқағаш ауылдарына да барып, оқырмандармен жүздестік. Осы жерде алдымен жолдың жайын айта кеткен артық болмас. Аудан орталығынан шығып, Волошинканы бетке алғаннан-ақ тақтайдай тегіс трассаға түстік. Осыған дейін дәл осы жолдың сапасына қатысты сын түскенін естігеннен кейін ой-шұқыры қай жерде екен деген күдік болғаны жасырын емес. Тек Новопокровкаға жетер-жепесте 30 метр жолдың ойдым-ойдым болып қалғанына куә болдық. Өзі де сортаң жер екен, мердігер компания келесі жылы олқылықты жоятын болыпты. Жол әлі толық аяқталмағанымен, кезең-кезең бойынша асфальт төселіп, алдағы екі жылда Тимирязевке дейін толық жаңармақ.
Оқырмандармен кездесуіміз Жаңасу мектебінде өтті. Қос қабатты ғимараттың үсті жабық, бірінші қабатында ғана сабақ өтеді. Өйткені бір кездегідей бала сыймай жататын орта мектеп жоқ, тек бастауыш сыныптар ғана қалған. Айналдырған 4-5 мұғалім және бір кітапханашымен әңгімелесіп, келуіміздің мәнін түсіндірдік. Өйткені ауылдың қазіргі зиялысы – мұғалімдер болғасын, сол кісілерге баса айтуға тырыстық. Ұлттың саулығы да, рухани байлығы да мұғалімдердің қолында емес пе?! Бір қуантқаны, Жаңасу мектебінің жанындағы кітапхана. Кітап қоры мол, жас оқырмандарымен түрлі шаралар өткізіп тұрады екен. Меңгерушісі жүргізген түрлі шаралар үшін Алғыс хаттармен марапатталғандарын мақтанышпен айтты. Осыдан-ақ бұл ауылда кітапқа деген құрмет барына, оқырмандары мол екеніне көз жеткізгендейміз. Тек урбанизацияның салқыны айналып өтпепті. Бір кездері кеңшар орталығы болған іргелі ауылдың жұқанасы ғана қалған.
Ал Ақсудағы жағдай жақсырақ, 45 үй мығым отыр. Негізгі мектепте 40-тан астам бала бар. Бұл ауылдағы мұғалімдердің де құлшынысы жоғары. Редакция ұжымына кездесу барысында балаларды оқуға баулу үшін түрлі конкурстар өткізу туралы ұсыныс тастады. Яғни, жасөспірімдер өз жерлестері, туған ауылы туралы мақала, эссе, очерк жазып, газетте жариялау туралы өтініш білдірді. Әрине, газеттің тірегі – автор емес пе, сондықтан бұл ұсынысты құп алып, болашақта арнайы айдар ашуды жоспарлап та қойдық. Түтіні түзу ұшқан ауылдың береке-бірлікте тұрып жатқанын бақуатты тірлігінен де байқадық.
Алқағаш ауылындағы жағдай да осыған ұқсас. Алқа-қотан отырған ауылдың тірлігі түзу. Ең бастысы, қазақылығы таймаған құтты мекендердің бірі. Қалаға көшкен жастар көп болса да, мұғалімдікті таңдап, қайтып оралғандары да бар екен.
Жолымыз түскен Социал ауылында да бастауыш мектеп қана қалған. Ауылдың негізгі тірегі – осы білім ошағы. Дүкен де жоқ. Тұрғындар қажеттісін аудан орталығынан әкеледі. Жергілікті тұрғын Амангелді Гәккуовтің айтуынша, биыл ғана жердің пайын бере бастаған. Оның өзінде жаңа келген серіктестік басшылығы тек ауылда тұрып жатқандарға ғана үлестірген. Бұл да бір көмек дейді олар. Бір өкініштісі, жемшөп қымбат. Жайылым мен шабындық мәселесі де өткір тұр. Осы мәселелер біртіндеп шешілсе деген тілектерін жеткізді.
Біз Қызылжарға бет түзегенде, дала қараңғылық құшағына кірген еді. Екі қапталдағы ауылдар күре жолдан шеткері жатыр, тек Бірлік қана көз ұшында. Кеңестің сайынан өткесін-ақ қамшылар жақтан жарық көрінді. Самаладай жарқырап, ат төбеліндей ғана ауылды қала кейпінде көрсетіп тұр. Осы ауылдың тумасы, әріптесім Сағындық Мауғазин да таңданысын жасыра алмады. Ауылдың дәл осылай жарқырағаны еміс-еміс есінде. Тоқырау жылдарынан бері түн болса қараңғылық құшағына енетін. Енді міне, көшелерге баған орнатылып, жарық тартылыпты. Бұдан бөлек, алдыңғы жылы күре жолдан ауылға дейін 1,5 шақырым асфальт төселген екен, орталықтандырылған су құбыры да тартылып жатыр.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.