«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ДӘРІГЕР ҚЫЗМЕТІНЕН НЕГЕ БОСАТЫЛДЫ?

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеу­меттік желілерде Қызылжар аудан­дық ауруханасының бас дәрігері Александр Құдайбергеновтің жұмыстан шығарылуына байланысты түрлі пікірлер жазылды. Жақтаушылар да, даттаушылар да көп. Бізге белгілі болғандай, аудандық ауруханада кейбір келеңсіздіктердің орын алуына байланысты бас дәрігердің үстінен қызметтік тексеріс жүргізіліп, қызметінен босатылған. Алайда 150-ден астам медициналық қызметкер әріптесіне араша түсіп оны жұмысқа қайта қабылдау туралы өтініш білдірген. Мәселенің мән-жайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Ахметов түсіндіріп берді.

2018-2019 жылдар аралығында Қызылжар аудандық ауруханасында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтар болсақ, 2014-2018 жылдар аралығында облыстық экология департаменті, Қызылжар ауданы бойынша өртке қарсы қызмет бөлімі, Қызылжар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша iшкi мемлекеттiк аудит департаментi тарапынан кәсіпорын басшысына айыппұл салынған.
“Қызылжар аудандық ауруханасы” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекеменің жарғысы бойынша бас дәрігер кәсiпорынның қаржы-шаруашылық қызметiне және мүлкiнiң сақталуына жауапты. Соған қарамастан А.Құдайбергенов айыппұлды емдеу мекемесінің қаржысы есебінен төлеген. Сондай-ақ, 2018 жылы облыстық прокуратура “Қы­зылжар аудандық ауруханасы” ШЖҚ КМК-де тегін дәрі-дәрмекті есептен шығарудың жалған фактісі, жұмыстан босатылған дәрігерлердің атынан тегін дәрі алуға рұқсат қағазын беру, фармацевти­калық тендер өткізуде түрлі заң бұзушылықтардың орын алғанын анықтады. Осыған орай 2018 жылдың қыркүйек айында Қызылжар аудандық ауруханасының бас дәрігеріне ескерту жасалған.
2019 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына аудандық аурухананың жұмысына қатысты анықталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары тарапынан бірнеше рет акті түсті. Атап айтқанда, аурухананың есеп бөлімі қаржылық қитұрқылыққа барған.
2019 жылдың 26 маусымында облыстық денсаулық сақтау басқармасына облыстық экономикалық тергеу департаментінен 2017-2018 жылдар аралығында бөгде адамдардың карточкаларына төлемдер аудару мен ақша ұрлау фактілері орын алған Қызылжар аудандық ауруханасының басшылығына шара қолдану туралы ұсыным түсті. Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мәліметі бойынша аудандық аурухананың бухгалтері қызмет бабын асыра пайдаланып, өзінің және үшінші тұлғаның жеке есепшотына қаржы аударып отырған. Карталық төлемдерде бас дәрігердің электронды-сандық қолтаңбасы пайдаланылған. Бас дәрігердің электронды-сандық қолтаңбасы кәсіпорын есепшісінің қолында болған. Аурухана басшысының тарапынан оған бақылау жүргізілмеген (бірнеше жыл бойы). Кәсіпорын жарғысына сәйкес еңбекақы төлеу, қызметкерлерге сыйақы беруді және өзге де төлемдер жүргізуді бақылау бас дәрігердің тікелей міндеті. Алайда, Александр Құдайбергеновтің тарапынан бақылау болмағандықтан және ол өз міндетіне жауапсыздық танытқандықтан қазына қаржысы жымқырылып, мемлекетке үлкен шығын келді. Облыстық экономикалық тергеу департаменті бас дәрігерді тәртіптік жауапкершілікке тарту, тіпті қызметтен босатуға дейін шара қолдануды ұсынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2019 жылдың 10 шілдесі күні шыққан бұйрығы бойынша Қызылжар аудандық ауруханасының бас дәрігеріне қатаң сөгіс берілді.
Өткен жылдың қараша айында денсаулық сақтау басқармасына Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасарының қолы қойылған амбулаторлық және стационарлық деңгейде медициналық көмек көрсету, қаржыны тиімді жұмсау, медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу, еңбекақы және сауықтыру бойынша жәрдемақы төлеу, аурухананың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, тегін кепілдендірілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша “Қызылжар аудандық ауруханасы” ШЖҚ КМК-нің жұмысындағы кемшіліктерді жоюға қатысты ұсыным түсті. Осылайша қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзған аудандық аурухананың бас дәрігері Александр Құдайбергенов қызметінен босатылды.
Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан өңірге дәрігерлерді тарту, маман тапшылығын жою мақсатында кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өткен жөн. Бұл орайда, облыстық әкімдік өткен жылы ауылда жұмыс істеуге құлшыныс білдірген дәрігерлер үшін жәрдемақы төлеуге бюджеттен 60 миллион теңге бөлді (ауылға жұмыс істеуге барған әр дәрігер үшін 1,5 миллион теңге). Өңірге дәрігерлерді тарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірнеше рет еліміздегі жоғары оқу орындарында болды. Десе де, бас дәрігер ауылдағы медициналық мекемелерге дәрігерлер тартуды өзінің қызметтік міндеті деп ойламады. Соған байланысты бас дәрігерге 2018 жылы қатаң сөгіс жарияланды. Өңірімізге дәрігерлерді тарту және олармен келісімшартқа отыру жұмыстары былтыр да жалғасын тапты. Өткен жылы жас мамандарға көтермеақы төлеу үшін 87 миллион теңге бөлінді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің қатысуымен медициналық жоғары білім беру ұйымдарында кездесулер өтіп, бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қала және аудан әкімдіктерімен, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге өңірге келген дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Бұл жолы да Александр Құдайбергенов өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінген жоқ.

Мейрамбек АХМЕТОВ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.  

Сурет https://vk.com/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp