«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ЖҮЛДЕ БІЗГЕ БҰЙЫРДЫ

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында орыстілді жастар арасында халықаралық КТК фестивалі болып өтті. Онда жергілікті құрамамен қатар, Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Ресейдің Уфа, Омбы және Қорған қалаларының ойы ұшқыр, тілі өткір жастары облыс әкімінің кубогын сарапқа салды.

Бір атап өтерлігі, бұл жолғы ойында сынға түскен командалар әдемі әзілдерімен көрермен көңілін көтеріп, көпшілікке тамаша кеш тарту ете білді. Ең бастысы, әзілқойлардың ойыны жастар тақырыбымен шектеліп қалмай, күнделікті өмірдегі жағдайды, қоғамда орын алған өзекті мәселелерді, облыс орталығындағы өзгерістерді, жастардың қоғамдағы белсенділігін әдемі әзіл арқылы көрсетті.

Фристайл түрінде, яғни бір айналымнан тұрған ойында барлық құрамалар барын салуға тырысты. Көңілділер мен тапқырлардың өнерлерін тамашалауға жиналған жұртшылық болса қызықты әзілдерімен күлкіге көмген жастарға қошемет, қолдау көрсетуден шаршамады. Қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қозғаған Уфа құрамасы мен омбылық “Знакомые лица” командасының мүшелері көрерменді күлкіге қарық қылған құрамалар атанды. Ресейдің премьер лигасында өнер көрсетіп үлгерген бұл құрамалардың республикалық деңгейге көтеріле алмай жүрген жерлестерімізге қарағанда, тәжірибесі мол екендігі бірден көзге көрініп тұрғанына таңданбадық. Тәжірибенің аты – тәжірибе. Дегенмен, “Северная граница” атымен өңір намысын қорғаған жерлестеріміз қонақтардың атақ пен тәжірибесінен қаймықпай, сахна төрінде өздерінің де осал еместіктерін дәлелдеуге тырысып, тәжірибенің аздығын ұтымды әзілдерімен толтыра білді.

Қазылар алқасының шешімімен бұл кеште әзілі мен сәні жарасқан “Северная граница” Петропавл жастар командасының мүшелері фестивальдың Гран приіне ие болып, оларға облысы әкімінің кубогы табысталды. Омбылық “Знакомые лица” командасы қанжығаларын бірінші орынмен майласа, күміс жүлдені Уфа құрамасы иеленді. Ал үздік үштікті Ақмола облысының жастары тұйықтады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp