Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Өскемен қаласында өткен “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, режиссер, актер Рүстем Есдәулетов атындағы республикалық фестивальде бас жүлдені жеңіп алды.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған фестивальге еліміздің түкпіртүкпірінен 20 өнер ұжымы қатысуға ниет танытыпты. Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ және “Жас сахна” театрлары, Астанадағы жастар театры, Павлодардағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театры және жергілікті өнер ұжымы бастаған тоғыз ұжым іріктеліп алынып, төрт күн бойы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Республикалық фестивальдің басты ерекшелігі – театрлар барынша аз құраммен спектакльді қоя білулері керек.
Қызылжарлық театр өнерпаздары осыған дейін Талдықорған қаласында өткен VII Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалінде Мұхтар Әуезовтің “Қарагөзін” қойып, жүлдемен оралған болатын. Осы жолғы фестивальде олар алаштың ардақтысы, жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойында сахналанған “Шолпанның күнәсі” драмасын қойды. Спектакльдің қоюшы режиссері, “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері Баатырбек Шамбетов.
Қойылымда әйел тағдыры, отбасы құндылықтары, ұрпақ жалғастыру мәселелері қозғалады. Басты рөлдерді Дулат Тәшкен мен Гүлдана Асқарова ойнаса, Аида Сұпатаева, Асылхан Рәзиев, Гүлмира Әлет, Ислам Жақсылықтың өнері де жұртшылық көңілінен шықты.
“Үздік спектакль” аталымының бас жүлдесін жеңіп алған біздің сахнагерлерге 1 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.