
Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің “Үміт кубогы” жарыстарының аясында баскетболдан ел чемпионаты он жылдан бері өткізіліп келеді. Облыстық жетім балалар мен ата-аналарының қарауынсыз қалған балалардың мектеп-интернатының командасы осы жарысқа үнемі қатысып, әлденеше рет жүлделер иеленді. Ал 2014 жылы мектеп-интернат командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.
Биылғы чемпионат ойындары Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп, онда он сегіз команда жүлделерді сарапқа салды.
Командалар үш топқа бөлініп, шеберлік сынағына түсті. Біздің топта Алматының, Семейдің, Қызылорданың, Жезқазғанның және Ақтөбе облысындағы Алға қаласының баскетболшылары күш сынасты.
Алға, Қызылорда құрамалары ежелден мықты еді. Олардан біздің қаламыздың жасөспірімдері де қалыспайтынды. Сондықтан кездесулер өте тартысты өтетіні алдын ала айқын болды. Біздің бозбалалар алматылықтарды 85:23 есебімен жеңді. Келесі кездесуде жезқазғандықтар жеңілуге мәжбүр болды. Есеп 67:34. Алға қаласының балаларымен өткен кездесуде 57:37 есебімен мерейіміз үстем болса, Қызылорда қаласының ойыншыларын да 56:32 есебімен тізе бүктірді. Соңғы ойында семейліктер ешбір қайран қыла алмай,76:32 есебімен жеңілді.
Ақтық ойындарға үш топтың жеңімпаздары жолдама алды. Олар – Петропавл, Қостанай және Астана баскетболшылары.
Алғашқы ойында Астана және Қостанай баскетболшылары алаңға шыққан. Бұл жекпе-жекте қостанайлықтардың жолы болды. Ал екінші кездесуде астаналықтар біздің командамыздан есе қайтармақ еді. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспады, 72:32 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.
Финалдағы үшінші кездесу жеңімпазды анықтайтын еді. Бұл аса тартысты жекпе-жекте жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Олар қарсыластарын алты ұпай айырмашылығымен ұтты. Есеп 66:60. Сөйтіп, біздің баскетболшыларымыз қатарынан екінші жыл еліміздің ең үздік командасы атанды.
Осы орайда біздің ойыншылардың арасынан үздіктерді атап өткім келеді. Олар: Темірлан Әубәкіров пен Алексей Ванкович. Осы қос баскетболшының ойын өрнектерін атап өткен төрешілер де, өзге командалардың бапкерлері де ризашылық білдірді.
Атап айтқанда, Т. Әубәкіров “Чемпионаттың ең шебер ойыншысы” атанып, оған теледидар мен кубок тапсырылды.
Біздің командамыздың жеңіске жетуіне жаттықтырушымыз Наталья Рогозинаның сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Осы бапкердің арқасында ол баулыған қыздар мен жігіттердің қос командасы бірдей мектеп оқушыларының қалалық спартакиадасында да жеңіске жеткенді.
Реті келіп тұрғанда, “Халық банк” АҚ облыстық филиалының директоры, бірнеше жыл қатарынан мектебімізге демеушілік көмек көрсетіп жүрген Темірғали Маекеновке ұжым атынан алғыс білдіргім келеді.
Ризабек КӘКПЕНОВ,
мектеп-интернат директоры.
Петропавл қаласы.