
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлын қабылдады.
Өңір басшысы тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан әлемге өзін зайырлы және демократиялық мемлекет ретінде танытып келе жатқанын, көпэтносты елімізді мекендейтін ұлыстар өз дінін, мәдениеті мен тілін насихаттауға құқылы екенін, соның арқасында бүгінде дінаралық татулықтың, этносаралық достықтың нығаюына жол ашылып отырылғанын атап көрсетті.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев этносаралық, дінаралық келісімге айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі күні облысымызда тұрақты түрде халық игілігі үшін жұмыс істеп тұрған жүз алпыс екі діни ғимараттың 65-і – мешіт. Осының арқасында өңіріміздің мұсылмандары рухани дәстүрлерінің дамуына мүмкіндік алып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Қай дінді алып қарасақ та, олардың барлығы халықты ауызбіршілікке, татулыққа шақырады, – деді Ерік Сұлтанов.
Ислам – шынайы жасампаздықтың, рухани жаңарудың діні. Әрдайым солай болып қала бермек. Осы орайда Бас мүфти бүгінде ислам атын жамылып, әлемді түрлі лаңкестік әрекеттермен дүрліктіргендердің біздің дінімізге еш қатысы жоқтығын тілге тиек етті.
– Қызылжар жеріне бірінші рет келуім. Сіздердің өңірлеріңіз – танымал тұлғалардың Отаны. Халқымыз сан ғасырлар бойы ислам дінін салт-дәстүрімен үйлестіре білді. Исламның шынайы құндылықтары егемендігімізді алған соң қайта оралды, өркендеу жолына түсті. Олар халқымыздың рухани дамуы үшін өте маңызды. Бұл ретте сіздердің өңірлеріңізде де атқарылып жатқан істер аз емес. Жаратушымыз әрдайым игі бастамаларыңыздың жүзеге аса беруіне нәсіп етсін! – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.